Шнобель сыйлығы

Шнобель сыйлығы

"Ғалымдар көп уақытын басқа ешкім түсіне алмаған нәрсені ұғыну үшін сарп етеді. Бұл олардың көп түңілетіні сонша, кейде басын қабырғаға ұрғылағысы келеді деген сөз.  Міне, дәл осы жерде мысқыл көмекке келеді"

Шнобель сыйлығының авторы Марк Абрахамс

Үлкен қызыл мұрын

Сыйлық - шабыт пен атақ. Кез келген өнердің сыйлықтан үміткер болатыны сондықтан. Ал әлемдік мәртебеге ие сыйлықтар үшін кейбір өнертапқыштар күллі  ғұмырын арнайды.

Нобель сыйлығының бір тармағы туралы жазып өттік. Бүгінгі әңгімеміз Шнобель сыйлығы хақында.

Шнобель сыйлығы - Нобель сыйлығының пародиясы. Ол қазан айының басында, Гарвард университетінде, Нобель сыйлығының лауреаттары анықталғанға дейін табысталады. Сыйлықты ойлап тапқан - «Annals of Improbable Research» журналының бас редакторы Марк Абрахамс.

"Шнобель" сөзі "үлкен қызыл мұрын" дегенді білдіреді. 

Сыйлықты 1991 жылдан бастап әр түрлі салалар бойынша беру ұйғарылды. Марапат қайталауды қажет етпейтін ерекше әрі ғажап әрекеттер үшін берілді. Тіпті, оларды қайта істеудің маңызы да жоқ еді. Алғашқы үш жылда берілген сыйлықтарға қарағанда, соңғы жылдары берілген сыйлықтар нағыз еңбектерге берілуімен ерекшеленді. 

Санаулы секундтарға сыйған сезім

Әр жылы Нобель сыйлығының иегерлері көздеріне құбылмалы көзілдірік, мұрындарына жапсырма, бастарына тақия сияқты елден ерекшелеп тұратын әлдебір белгі жапсырып Шнобель сыйлығын табыстау үшін Гарвард универсиететіне келеді. Шара өтетін 1166 орны бар Сандерсен Театрында қағаздан жасалған ұшақтар ұшып жүреді. Лауреаттар әрқайсысы 60 секундтан сөз сөйлейді. 60 секундтан артық сөйлегендерді арнайы тағайындалған қыз бала былай деп тоқтатады: "Осы жерден тоқтаңызшы, менің ішім пысып кетті!"

Шнобель сыйлығын беру салтанатынан көрініс

Сыйлық иелеріне Нобель сыйлығы иегерінің қолы қойылған сертификат пен медаль және қатты күліп тұрған адамның жақ тістері бейнесіндегі естелік беріледі. Салтанат барысы америка арналарынан көрсетіліп, радио толқындарында әр түрлі тілдерде әлемнің түкпір-түкпіріне тарайды. Сыйлық берілген соң бірнеше күннен кейін Массачусет технологиялық институтында лауреаттар ашқан жаңалықтарының мәнін түсіндіретін бейресми игнобель дәрісі өтеді. 

Ең күлкілі жаңалық ашқан лауреаттар

Норвегиялық Карл Халвор Тейген адам не үшін күрсінетінін анықтау үшін талпынды.

Британдық бір топ ғалымдар жекудің ауруды басатынын дәлелдеді.

Францияның ветеринарлары Мари-Кристин Кадерго, Кристел Жубер пен Мишель Франкза иттің бүргесі мысықтың бүргесіне қарағанда жоғарырақ секіретінін анықтады. 

Массачусет технологиялық институтының ғалымы Гаури Нанда сөндіруден қашып, тығыла алатын оятқышты ойлап тапты. Өнертапқыштың ойынша, бұл оятқыш адамның жұмысқа кешікпей баруына үлкен әсерін тигізеді. 

Токиолық Ёсиро Накамацу өзінің 34 жылдық ғұмырында жеген бүкіл тамағын суретке түсіріп, оларға зерттеу жүргізді. 

Күлкі астарындағы тереңдік

Физик Рой Глаубер Шнобель комитетінің "сыпырғыш сақшысы". Оның міндеті - залды ұшақтардан тазарту. 

Шнобель сыйлығын тапсыру салтанаты мына сөзбен аяқталады: "Егер сіздің қолыңыз сыйлыққа жетпеген болса - әсіресе, сыйлықты жеңіп алсаңыз - келесі жылға сәттілік тілейміз!"

Нобельді де, Шнобельді де қатарынан бірінші болып қанжығасына байлаған өнертапқыш -  Барт Кнолс. 

Шнобель сыйлығы бір қарағанда күлкілі көрінгенімен, астары адамды ойға жетелейтін жаңалықтар үшін беріледі.

Қазақстан өнертапқыштарының бірде-бірі Шнобель сыйлығын иеленген жоқ. Сыйлықты иеленудің шарты біреу: адам ойына сыймайтын таңғажайып әрі күлкілі жаңалық ойлап табу. Сіз де қиялыңызды қияға ұшыра жүріңіз. Мүмкін, дәл сіз Қазақстанның тұңғыш Шнобель иегері атанып қаларсыз...

Сурет: ig-nobel.ru

М. Оңғарова