Жапондар су үстіне Күн электр станциясын салды

Жапондар су үстіне Күн электр станциясын салды
Фото: asiarussia.ru

Жапон халқына қасірет алып келген Фукусима атом электр станциясының жарылысы Күн шығыс елі үшін сабақ болғаны белгілі. Ендеше жапондық компаниялар энергияны өндірудің өзге жолдарын қарастыруда. Жапондық Kyocera компаниясы осындай альтернативті идеяны алға тартып отыр.

Бұған дейін бізге өте берік смартфондарды шығарумен белгілі болған Kyocera энергия өндіру саласында да бірталай жобаланы жүзеге асырып келеді. Солардың бірі Күн энергиясын өндіру болып табылады. Ал Жапонияның территориясы аса үлкен болмағандықтан, компания электр станциясын судың үстіне салуды ұйғарыпты.

Kyocera компаниясы алғашқы электр өндіру орталығын Хёго префектурасының (аудан) жағалауына салған. Бұл әлемдегі ең үлкен судағы энергетика кешені болып отыр. Айта кетсек, станция күніне 2,3 МВт электр өндіре алады екен.

Жаңа инновациялық жобаның жүзеге асуына Century Tokyo Leasing атты отандық корпорация қолдау көрсетіп отыр. Аталған жаңа кешеннің міндеті судың көркін ашу ғана емес, жақын орналасқан қожалықтарды электр энергиясымен қамтамасыз ету болып саналады. Ал энергияны жергілікті тұрғындар үшін Kansai Electric Power аймақты қуатпен қамту орталығы сатып алатын болады.

Kyocera компаниясы инновациялық жобасын Жапонияның барлық аймағында жүзеге асыруды жоспарлаған. Бұл қоршаған ортаға қауіпті атом электр станциялардың орнын басатын кешен болмақ.

Ж. Өрісбай