126 млн жыл бұрын өмір сүрген динозаврдың сүйегі табылды

126 млн жыл бұрын өмір сүрген динозаврдың сүйегі табылды
Фото: pixshark.com

Қытайдың Ляопин провинциясының солтүстік-шығыс бөлігінде фермерлер белгісіз сүйектің қалдықтарын тауып алған. Кейіннен бұл осыдан 126 миллион жыл бұрын өмір сүрген динозаврдың сүйегі екені анықталды, деп жазады «Синьхуа».

«Синьхуа» интернет-басылымының хабарлауынша, ерекше тарихи артефакт Чаоян қаласының маңынан табылған. Аталған провинцияның қазба жұмыстарымен айналысатын бюро қалдықтарды шамамен 15-метрлік шөп қоректі динозаврға тиесілі екенін анықтаған. Бюро басшысы Сун Юншань динозаврдың қаңқасы толығымен сақталғанын айтады.

Ақпараттық агенттіктің жазуынша, Чаоян қаласының маңынан 120-дан 150 миллион жыл аралығына жататын археологиялық жәдігерлер жиі табылады екен. Одан бөлек, осыдан бірнеше апта бұрын Қытайдың Гуандун провинциясында динозаврдың 50 жұмыртқасы табылған еді. 

Ж. Өрісбай