Бала кезіміз неліктен есімізде қалмайды?

Бала кезіміз неліктен есімізде қалмайды?

Канадалық ғалымдар көптеген адамдардың ерте жастық шағында (алғашқы үш жыл) болған оқиғаларының есінде қалмауының себебін анықтады, деп хабарлайды Washington Post газеті.

Оның басты себебі –  нейрогенез, яғни адам миындағы жаңа жасушалардың қалыптасу үдерісі кезіндегі ескі ақпараттардың өшіп кетуі деп түсіндіреді.

Бұл зерттеу жұмыстарының жетекшісі, нейробиолог Пол Франкландтың айтуынша, нейрогенез – артық ақпараттан сақтану мақсатында болатын табиғи процесс екен.

Балалық шақтың алғашқы күндерінен бастап, нәрестенің миында белсенді түрде жаңа нейрондар қалыптасады. Сосын бала өскен сайын, нейрондардың өсуі де баяулай түседі екен. Нейрогенездің жануарлар жадына қалай әсер ететінін зерттеу үшін ғалымдар 17 күн бұрын дүниеге келген және ересек тышқандарды салыстыра зерттеп қараған. Алдымен, кеміргіштерді астынан әлсіз ток ұратын тақтаға орналастырады. Нәтижесінде, үлкен тышқандар электрдің әсерін тіпті бір ай өткеннен кейін де есінде сақтап қалған. Оны қайтадан сол тақтаға отырғызған сәтте, орайсыз дүрліге бастайды. Ал кішкентей кеміргіштердің жадында қалмаған. Олар өздерін әдеттегідей ұстаған.

Жүргізілген тәжірибенің нәтижесі нейрондардың ақпарат алмасу үдерісіне жауапты жасушалар екенін көрсетті. Ересек адамның миында жүретін нейрогенез процесі жуырда ғана зерттеліп еді. Ол тіпті бірнеше ғылыми теорияларға қарсы парадокс қалыптастырған да болатын. Демек, адам баласының санасында өскен сайын ақпарат алмасу үдерісі баяулай түседі. Ал бала жадының жойылуы нейрогенездің белсенді қызметінен, яғни жылдам ақпарат алмасуынан болып отыр.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: www.washingtonpost.com

Ж. Өрісбай