Мейрамхана қожайыны ұялы телефонға тыйым салды

Мейрамхана қожайыны ұялы телефонға тыйым салды

Израиль астанасы Иерусалимге жақын маңда орналасқан мейрамхананың қожайыны мейрамханаға ұялы телефонын өшіріп тастап кірген адамға бақандай 50 пайыз жеңілдік жасап отыр.

Ол мейрамханаға кірген адамның телефонға шұқшиып, жанындағы адамдармен сөйлесуден қалып бара жатқанына қынжылыс білдіргендіктен, осындай қадамға барған. Джаудат Ибрагим есімді қожайынның клиенттің жанына барып, жай ғана: "Телефонды өшіріп қоясыз ба?" деп өтінуі қажетті нәтиже бермегенге ұқсайды.

Қожайын бұл жеңілдігі адамдардың қарым-қатынас жасап, бір-бірімен сөйлесуіне үлкен көмек болады деп болжайды.  

"Технологияның өмірімізге дендеп енуі қаншалықты жақсы болса да, тамақтану барысында кедергі келтіретіні жасырын емес. Адамның мейрамханаға отбасымен не достарымен келгенін қайтейін, тамақ ішіп отырғанда үстел басында меңіреу тыныштық орнайды. Әркім қолындағы смартфон не планшетімен әуреге түседі. Тек алдына келген тамақ суып қалып, оны жылыту керектігін түсінгенде ғана экраннан бас алып жатады. Менің бұл қадамым тамақтану әдебін қалпына келтіріп, қайта жандандырады деп сенемін", – депті тілшілерге берген сұхбатында жомарт қожайын. 

Бұған дейін де әлемнің түкпір-түкпірінде осындай жеңілдіктер жасалғанымен, ешбірі 10 пайыздан әрі аспаған болатын. 

Ибрагим бұл жеңілдігі қаржылай қиындық тудыруы мүмкін деп болжанғанымен, керісінше мейрамхананың клиенттері күннен-күнге көбейіп жатқанын айтады. 

Мейрамханаға туристермен қатар, жергілікті тұрғындар да көп келетін көрінеді. Олар көбіне жеңілдіктің өтірік-шындығын білу үшін келіп, мейрамхананың тұрақты келушісіне айналады екен. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: vova-91.livejournal.com vk.com 

М. Оңғарова