2015-2017 жылдары Facebook 80% қолданушысынан айрылады

2015-2017 жылдары Facebook 80% қолданушысынан айрылады

Американдық Принстон университетінің зерттеушілері 2015-2017 жылдар аралығында Facebook 80% қолданушысынан айрылады деген болжам жасады.

АҚШ-тың Принстон университетінің механика және аэроғарыштық инженерия факультетінің мамандары Джон Каннарелла мен Джошуа Спеклер әлеуметтік желілер дамуының динамикасын инфекциялық аурулардың таралуымен салыстыра отырып жасаған ғылыми жұмыстарын ұсынды.

– Идеялар, ауру сияқты, бір адамнан екінші адамға тарайды, бірақ соңында жоқ болып кетеді. Бұл құбылыс эпидемиологиялық модельдер арқылы сәтті суреттелген. Біртіндеп идея айтушылардың қызығушылығы азаяды, өйткені идеяға деген «иммунитеті» қалыптасады, - деп жазады авторлар.

Өз есептеулерінде мамандар 1927 жылы ашылған SIR атты вирустық аурулардың эпидемиялық моделін қолданған. Ол үш ауыспалыдан тұрады: S – жұқпалы ауруға шалдықпағандар саны, I – жұпалы ауруға шалдыққандар саны және R – иммунитеті қалыптасқан немесе аурудан қайтыс болғандар.

Мамандар мысал ретінде MySpace әлеуметтік желісін алған. 2003 жылы негізі қаланған әлеуметтік желі 2008 жылы қолданушылар санының шыңына жеткен, ал 2011 жылдан бастап оны қолданатындар саны тым азайған. Мамандар пайдаланған SIR моделі MySpace-тің «өмірлік циклін» суреттеп берген.

Алайда, ол үшін бұдан да күрделірек модель – irSIR-ді қолдануға тура келді, өйткені MySpace іздеу сауалдарының өсуі мен құлдырауы SIR моделіне толық сәйкес келмеді. «Жұқпадан сауығуды» ескерген irSIR моделі, ғалымдарға қолданушы әлеуметтік желіден достары шыққан уақытта шығады деген тұжырым жасауға негіз болды. Яғни, қолданушы әлеуметтік желіден бас тартуды «жұқтырады». Нәтижесінде MySpace-тің танымалдылығының өсуі мен құлдырау динамикасы irSIR моделінің графигімен толық сәйкес келді.

Осылайша, Google –дің Facebook жайлы іздеу сауалдарын сараптау негізінде және MySpace тарихымен салыстыра отырып американдық зерттеушілер 2015 пен 2017 жылдары Facebook 80% қолданушысынан айрылады деген болжам жасап отыр. 

Сурет: softcraze.com

Дайындаған: Ардақ Құлтай

A. Mustafina