Үндістан - нөмір бірінші спамер-мемлекет

Үндістан - нөмір бірінші спамер-мемлекет

Қолымыз қалт еткенде, бірінші істейтін жұмысымыз - пошта тексеру. Тума-туыс, дос-жарандардан келетін хабарламалар мен хаттар түрлі белгісіз адамдардан келетін жарнама-спамдармен араласып жатады. Құжынаған хаттардың ішінен өзіңізге қажеттісін тауып алу кейде қиынға соғады да, біз бәрін бірден тышқанның бір-екі батырмасымен "қоқыс" жәшігіне жібереміз. Ал олардың арасында маңызды хаттар кетіп қалса ше?

Бәріне айналып келгенде спам кінәлі болып шығады. Спам дегеніміз - көбінесе жарнамалық түрде кездесетін хабарлама-хат.

"Компьтерлік қауіпсіздікпен айналысатын Sophos компаниясы жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша, әлем бойынша спамды көп жіберетін мемлекет - Үндістан болып шықты"- деп хабарлайды BBC News агенттігі. Үндістан мемлекетінде орналасқан электронды есептеуіш ммшиналардан бүкіл спамның 9,3 пайызы жіберіледі екен. Спамер деген атаққа АҚШ мемлекеті де ие. Олардың үлесінде "қоқыс-хаттардың " 8,3 пайызы. Sophos компаниясы сарапшыларының айтуы бойынша, Үндістандағы компьютер қолданушылардың басым бөлігі киберқылмыстық әрекеттерден өз электронды достарын қорғай алмайтындықтан, осындай жағдайға тап болып отыр. Компания қызметкерлерінің айтуы бойынша, киберқылмыскерлер дегендеріне жету үшін Facebook, Twitter сияқты әлеуметтік желілердің "көпшілікке тарату" функциясын жиі қолданады екен.

Спамнан қорғану үшін авторизацияны талап ететін сайттардағы кілт-сөздеріңіз бен электронды поштаңыздың кілт сөзін қатаң қадағалағаныңыз жөн. Бұған дейін кілт-сөздер қандай болу керек деген сұраққа жауап берген едік.

Осы жылдың ақпан айында "Касперский зертханасы" жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша да әлемдегі ең үздік спамер - мемлекет - Үндістан болып отыр. Ал біздің еліміз бұл тізімнің 20 сатысына орналасқан екен.

 Сурет:socialbarrel.com