Әлемдегі ең ұзақ зерттеу

Әлемдегі ең ұзақ зерттеу

Әлемде небір қызықтың бары белгілі. Бірақ, сол қызық ғылымның дәл ортасында болып жатса ше?

Шындығында кейбір зерттеулер 10 жылдың арысы мен берісінде ғана аяқталып жатады. Әлемдегі ең ұзақ зерттеу 130 жыл бұрын басталған. Және әлі күнге бітпеген. Оны 1879 жылдары американдық ботаник Бил бастаған болатын.

Аталған мүйізі қарағайдай ғалым ең жақсы саналатын тұқымдарды 20 бөтелкеге  бөліп, жерге аударып салған болатын. Содан бері әр 5,10,20 жыл сайын әр бөтелкедегі тұқымдарды алып қарап, өнгіштік қасиетін байқайтын болған. Анықталғаны, тұқымдардың кей түрлері сол бастапқы күйінен өзгермей шыққан. Ендігі бөтелке ашып қарау «рәсімі» (осылай айтсақ дұрыс болар) 2020 жылы орындалады екен.

Ал ең ұзақ физикалық зерттеу Австралиядағы Брисбен университетінің ғалымы Томас Парнелмен басталған. Ол 1927 жылы мосыға әйнек құтыны қойып, оның ішіне қарамайды салған болатын. Әлгі қарамайды сосын барып қыздырған. Және шұңқыр іспетті келген әйнек құтының аузын қатырған. Әлгі құтының ернеуіне қатқан қарамайдың бір тамшысы 1938 жылы арнайы астына қойылған шыныға тамып түскен. Ал одан кейінгісін 9 жыл күтуге тура келген.

1948 жылы ғалым қайтыс болған. Артында қалған ісін оқушылары мен шәкірттері одан әрмен жалғастырып алып кеткен. Содан бері қарамай тамшылары 1954, 1962, 1970, 1979, 1988 бен 2000 жылдары бір реттен тамған. Кейінгі кезде тамбай қалуы мүмкін деген де қауіптер бар. Себебі ауа салқындатқыштардың қасына орналасқандығы.

Бір қызығы, қарамай тамшылары адам көзінше тамбаған.  Веб-камералар да орналаспаған. Соңғы тамшысы тамайын деп тұрып, тамбай қалған. Оған таңғалудың қажеті де жоқ шығар. Себебі, қарамай суға қарағанда миллион есе жабысқақ емес пе?!

Сурет: quimicaemva.blogspot.com

Л. Лига