Қара раушан – мұң мен құпияның нышаны...

Қара раушан – мұң мен құпияның нышаны...

Гүлдің алуан түрін кез келген гүл дүкенінен тауып алуға болады. Онда не жоқ десеңізші? Әртүрлі герберлер, нәзік түймедақтар, сүйкімді хризантемалар және әрине, көз тартатын раушандар! Нәзік жандылар қауымының жүректерін жаулауға арналған осы бір гүлдің де бірнеше түрі бар: қызыл, ақ, алқызыл, сары, көгілдір және қара раушан.

Қара раушан...

Бойжеткен секілді әдемі... Түндей қара... Халфетти (Halfeti) аталатын түрік раушаны – өте сирек өсетін өсімдік, тіпті әлемде жалғыз десе де болады. Қара түске теліп қоя салсақ та, оның түсі нағыз қара емес. Раушанның түсі шын мәнінде қара қызыл болып келеді екен.

Жалпы табиғатта қара түсті раушан бола ма деген сұраққа үзілді-кесілді: "Жоқ!" деп жауап беру керек. Бірнеше жыл бойы селекционерлер қауымы қара түсті раушанды алуға тырысқанымен, нәтижесіз болып келеді. Күлкіңіз келді ме, себебі, сіз бірнеше фильмнен, суреттерден, тіпті гүл дүкендерінен қара түсті раушанды көрген едіңіз. Алайда, анықтап қарайтын болсаңыз, олардың түсінің қара емес екендігін байқайсыз...

Қалай болғанымен, Халфетиді қара раушан деп атау қалыптасқан. Халфетти раушаны табиғатта өте сирек кездеседі және 2-ден 5 метрге дейін өседі. Пішіні қарапайым раушандардан ерекшеленбегенімен, түсі жасанды бояуға ұқсап тұрады. 

Раушандар көбіне сиқыршылар туралы немесе үрейлі фильмдерге пайдаланылып жатады. Дегенмен, қара раушандардың басқа бір құпия сұлулығы мен тартымдылығы бар екендігін мойындау керек.

Ерекшелігі – Халфетти гүлі тек қана жаз айында және түріктердің Альфетти аталатын ауылында өседі. Жер қыртысының әмбебаптығы мен Ефрат өзенімен өтіп келетін жер асты суларының әсерінен осындай түске ие болып отыр. Көктем айларында ашық қара болса, жаз айларында одан сайын қаныға түседі.

Жергілікті тұрғындар өз жерлерінде өсетін қара раушанды мақтан тұтады және оны мұңның, құпияның, үміттің, құмарлықтың, жағымсыз хабарлардың нышаны ретінде таниды.

Өкінішке орай, қара раушандар жоғалып бара жатқан өсімдіктер қатарына жатады. Ауыл тұрғындары жерлерін жиі ауыстыратындықтан, бүгінде гүлді табу қиынға соғады.

Табиғатта қара раушанға ұқсас келетін Қара сиқыр (Қара Магия), Қара сұлу (Black Beauty) және Баркароль сынды сорттар бар.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: gazeta.ua,animalworld.com.ua

С. А