Аккаунтты жоюдың қарапайым жолы

Аккаунтты жоюдың қарапайым жолы

Желіде Justdelete.me деп аталатын жаңа сервис пайда болды. Ол интернет-қолданушыларға қандай да бір сайттағы аккаунтты жоюға немесе әлеуметтік желідегі парақшадан арылуға көмектеседі. 

Ұлыбританияның екі азаматы жасап шыққан сайт 120-дан аса сайтпен және әлеуметтік желімен жұмыс істейді. Жою процессінің қиындығына байланысты Justdelete.mе әрбір ресурсқа жасыл, сары, қызыл және қара түс берген.

Жасыл түспен жою процессі ең оңай саналатын сайттар белгіленген. Сарымен - жоюға қосымша әрекет қажет ететіндер. Қызыл түспен - аккаунтты жою үшін қолдау қызметінің көмегіне жүгіну керек ресурстар белгіленген. Ал қара түс аталған ресурста аккаунты жою мүмкін емес дегенді білдіреді. 

Justdelete.me Wikipedia, Wordpress, Craiglist және Evernote секілді ресурстарды қара түспен бояпты. Өз кезегінде елімізде кеңінен танылған ресейлік әлеуметтік желі - "ВКонтакте" - жасыл түспен боялған.

Justdelete.me - бұл аккаунттарды жою процессін жеңілдетудегі бірінші талпыныс емес. 2013 жылдың мамыр айында Facebook-те қолданушыларға "орыс рулеткасын" ойнауды ұсынатын Social Roulette қосымшасы пайда болған еді. Егер "жеңілген" жағдайда қолданушының парақшасы автоматты түрде жойылатын болған. Аталған қосымша кейін желі әкімшілігі тарапынан өшірілген болатын. 

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: jevons.ru, techno.bigmir.net

Ж. FM