Интернеттегі қауіпсіздік

Интернеттегі қауіпсіздік

Қазіргі таңда қоғамдық желіде парақшасы жоқ адамды табу мүмкін емес сынды. Кейде сол аккаунттарымызға жазатын ақпарат біз жайлы артық сыр аша алады. Тіпті досыңызға айта алмайтын құпиялар баршаның назарында болатыны біртүрлі ғана емес, қауіпті де.                                                         

Мысалға, бір танымал британдық әртіс өзінің Twitter аккаунтында "Бүгін қатты шаршадым, сүйіктімді сағынып отырмын" деп жазды. Оның үйіне сол күні ұрылар түсіп, оны байлап, қамап, бар ақшасы мен әшекей бұйымдарын алып кеткен. Әртістің жазған туитінен олар үйдің дабыл жүйесі өшіп тұғанын және үйде жалғыз екендігін білді.   

Әрине, әркімнің ойланбастан парақшасына жазған ақпараты міндетті түрде өзіне қауіпті болады деп айта алмаймыз. Алайда адамның жеке өмірі жеке болып қалып, көпшілікке қажет емес ақпаратты жасырын ұстағаныңыз жөн.   

Қоғамдық желілерде отыру сіз үшін үйреншікті жағдай бола тұра, сіз жайлы артық ақпарат басқаларға көрінбеуі үшін біздің кеңестерімізді орындап жүріңіз.   

1. Қоғамдық парақшаларда үйіңіздің нақты мекенжайы сынды ақпаратты жазбаңыз.                                        

2. Геолокациялық сервистерді (instagram, formspring) қолданбаған жөн. Достарыңыз сіздің қай жерде, не істеп жүргеніңізді көріп, бағалап, пікір жазғаны қызық-ақ. Бірақ қарақшылар сіздің үйде болмаған кездеріңізді байқап, осы ақпаратты пайдалана алады.                 

3. Қоғамдық желілердегі профильдарыңызды жеке, яғни сіз жайлы ақпаратты тек достарыңыз көретіндей баптаңыз. Достарға да тек шын өмірдегі таныстарыңызды қосыңыз.                                            

4. Танымайтын адамдардан келген жеке хабарламамен келген сілтемелерге өтпеңіз. Спамға ұқсайтын, күмәнді хаттарды ашпай бірден өшіріңіз.                             

5. Келесі жолы қоғамдық желіде, блогта, Twitter-де өзіңіз жайлы кез келген ақпаратты жазбас бұрын, екі рет ойланыңыз.                 

Қоғамдық желілердегі онлайн қарым-қатынасыңыз шын өміріңізге қауіп төндірмесін.                                

Ал сіз өзіңіз жайлы ақпаратты қоғамдық желілерде ашып жазасыз ба?   

     Дайындаған: Сания Аринова

          Сурет: yohelper.ru

С. А