Қадамың құтты болсын, студент!

Қадамың құтты болсын, студент!
Фото: Досжан Балабекұлы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі Студенттер қатарына қабылдау салтанаты өтті. ҚазҰУ-мен бірге жарқын болашаққа қадам басуды армандаған жастар қатары жыл сайын артып келеді.

Биыл 7 мыңға жуық талапты жас ҚазҰУ студенті атанды. Олардың 4098-і мемлекеттік білім грантының игерлері болса, соның ішінде 897 – «Алтын белгі» иегері, 35 – халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы, 187 – Назарбаев инттеллектуалды мектебінің түлегі, 300-ге жуық әл-Фараби олимпиадасының жүлдегері бар. Бұл – Қазақстанның жоғары білім беру тарихында ешқандай оқу орны қол жеткізбеген нәтиже.

Университет студенттеріне ақ тілегін білдіре келген ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов 1-курс студенттеріне ID карта мен білім кілтін табыстады.

Мерекелік шарада «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап», «Грин кампус», «Айналаңды нұрландыр!», «Саламатты дене мәдениеті» сынды университеттің негізгі жобалары композициялық қойылымдар арқылы 1-курс студенттеріне таныстырылды. Әсем әуен аясындағы тағылымы мол көріністер жастардың көңілінен шықты.

Бұл мерекеде университеттің соңғы жылдарда жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері де насихатталды. Білікті маман, отансүйгіш азамат тәрбиелеуді мақсат еткен оқу орны білім беру мен ғылымның озық үлгілерін қолданысқа енгізуде. QS халықаралық рейтингі бойынша биыл 236 орнын сақтаған ҚазҰУ әлемнің ең үздік 250 университеті қатарында. Ұлттық рейтинг бойынша да университет көшбасшылығын жыл сайын дәлелдеп келеді.

Әлемде теңдесі жоқ «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Жас ғалымдар үйі, диагностикалық медициналық орталық, әл-Фараби атындағы кітапханасы орналасқан қалашықты және «Al-Farabi university – smart city», «Green Campus» жобаларын дәріптеген композициялар да университет табалдырығын аттаған студенттердің еңсесін көтеріп, болашаққа деген жарқын көзқарастарын оятты. «Балмұздақ» атанған студенттер әсерімен бөлісті. 

Азиза Қалиева, ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті:

– Бүгінгі шара – біз үшін үлкен қуаныш. Біз бұл сәтті асыға күттік. Біз бүгін салтанатты түрде өзіміз армандаған ҚазҰУ-дың студенті атанып отырмыз. Осындағы барлық достарымның, группаластарымның атынан мектеп бітіруші түлектерге армандарының орындалып, мақсаттарының биігінен көрінулеріне тілектестік білдіремін!

Әсемжан Сарсенова, география және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенті:

– Бұл күн – он бір жылдық білімнің биік нүктесі іспетті. Сол білімнің құзар биігіне өрлеп, ҚазҰУ студенті атандық. Енді білімді студенттен білікті маман атануға талпынамыз. Осындай керемет кеш сыйлаған ұйымдастырушыларға, оқытушыларға, факультетіме және ректорымызға алғыс білдіремін!

Кеш соңында 1-курс студенттері ресми түрде «Студенттік билетке» ие болды. Студенттер университеттің бетке ұстар шәкірті болуға, оның абыройын асқақтатуға, бәсекеге қабілетті маман болуға ант етіп, «Гаудеамус» әнін хормен шырқады. Әдемі кеш дәстүрлі студенттер вальсімен жалғасып, ҚазҰУ өнерпаздарының «Жасай бер, ҚазҰУ-ым» әні қалашық аспанында әуеледі. Көңілді мереке би кешіне ұласты.

Ж. Жұмағұлов