Жатақханада қандай бизнес жасауға болады?

Жатақханада қандай бизнес жасауға болады?
Фото: voxpopuli.kz

Көпшілік студент бірінші курсқа түсіп, жаңа өмірге қадам басқаннан ешкімге тәуелді болмай, толық еркіндікке жету үшін өз нанын өзі тауып жеу қамына кірісіп кетеді. Бірі оқуының ақшасын төлеу үшін күзет қызметіне орналасса, енді бірі ауылдағы ата-анасына салмақ салмай-ақ қалада қалағанындай өмір сүруі үшін даяшы болып жұмыс істейді. Алайда түнгі ұйқы ретімен орындалмағаны, физикалық қысымдар кесірінен сабақ жайында қалмауы тиіс. Жатақханадан шықпай-ақ бір ақшаны екеу ету жолдарын білесіз бе?

Жинап жүрген аздаған ақшаңыз болса, компьютерден қағаз басып шығаратын принтер сатып алыңыз. Өз қағазыңызды шығаруға ақша жұмсамайсыз. Сессия кезіндегі қызатын сауданы айтпағанның өзінде күнделікті студенттер шығаратын қағаздың ақшасына тамағыңызды қамтамасыз етіп отырасыз. Әрі алысқа шаппай-ақ, жатақхананың ішінен қағаздарын шығарып беруге мүмкіндік жасап қойғаныңыз үшін жолдастарыңыздың алғысын аласыз.

Шағын бизнесіңізді ары қарай жақсы дамыта алсаңыз, түрлі-түсті қағаз шығаратын принтер, фото шығаратын қағаз алып, фотосуреттер шығарумен де айналысуға болады. Тіпті бірер уақыттан соң фотоаппарат сатып алып, 3*4 сурет түсіріп, шығарып берумен, фотосессия жасаумен де айналысуға болады. Қызығушылық пен құлшынысыңыз тасып тұрса, мұның барлығына оңай-ақ жетесіз.

IT саласының қыр-сырын үйреніп алсаңыз, бұл да нан тауып жеуге сеп болады. Компьютерге бағдарламаларды қайта орнату, вирустан тазалап беру, интенет қосып беру қызметін ұсыныңыз. Мұндай жігіттерге қыздар да үйір болады.

Жатақханада қыздардың баллға, кешке, отырысқа барардағы басты мәселесі –  көйлек. Оған алғашқы студенттерді қабылдау кешінде киім іздеп сабылған қыздарды көргенде-ақ көзіңіз жетеді. Жарайды, бұл кеште көпшілігі мектеп бітіру кешіне киген көйлегін киіп амалдар, келесі кештер үшін сіз бірнеше көйлек алып қойыңыз, қыздарға жарнамасын жасап, қажет кезінде жалға беріп отырасыз. Студенттік өмірде аяқ астынан сахнаға шығу, баллға бару сынды жағдайлар көп болады.

Қазір қыздар үлкен жиындарға ғана емес, қарапайым кештер мен тойларға да кәсіби макияж жасатуды, шаш сәндеуді қалайды. Осындайда визажист, шаштараз қызметтерін үйреніп, оқып алсаңыз, ақылы түрде көмек көрсетіп, кез келгенін сұлу ханшайымға айналдыратын қыздардың «сиқыршысына» айналасыз. Қас жұлғызу, кекіл қиғызу, тырнақ сәндеу сынды қызметтер үшін алыстан маман іздемей, жақын жерден сізді тапқанына алғысты болады.

Ары кетсе капрон, шұлық, нәски секілді ұсақ-түйек, бірақ қажет болатын нәрселерді арзан бағасына көптеп әкеліп қойып, өз бағасына сатсаңыз да ақша түсіп тұрады.

Тоқу, тігу өнеріңіз болса, мұның да жарнамасын жасап, қолөнерлеріңізді сатылымға шығарсаңыз болады. Бұл үшін сіз ешкімге салық төлемейсіз. Тоңып-шашырап далада отырмайсыз. Алушылар қашан келеді деп сарылып күтпейсіз. Жай ғана бөлмеңізге әкеліп қойып, жарнамасын жақсылап жүргізсеңіз болғаны. Адамдармен жақсы араласа алсаңыз, сауданың көзін таба алатын болсаңыз, адал еңбекпен ақша табудың ұяты жоқ.

@. @assel_assanova