Диплом қолда, жұмыс жолда...

Диплом қолда, жұмыс жолда...
Фото: frccsc.ru

Дәл қазіргі уақытта жоғары оқу орынын бітіріп жатқан түлектер мен мектеп қабырғасын тәмамдап жатқан түлектердің сабылып жүрген шағы. Бірі «оқуға түссем» дейді, бірі «жұмысқа кірсем» дейді. Мектеп оқушылар үшін ҰБТ үлкен сынақ болса, университет бітірген түлектер үшін жұмыс табу үлкен сынақ.

Қай оқу орынын бітірсе де, жастар арасында «таныс бар жерде шанс бар» дейтін қатып қалған сөз бар. Тіпті соңғы кездері бұл заңдылыққа айналып бара жатқан секілді. Себебі маман болып шығып жатқан студенттен сұрасаңыз, «көреміз, ауылға кетем... одан қала берді ағаларыма хабарласам» дейді. Қызығы, төрт жыл не үшін білім алды?

Түсінікпен қарауға болатын бір-ақ жайт бар. Маман болғаның кеше ғана, бірақ жұмысқа алғаш барған кезде 2-3 жылдық жұмыс өтелімін талап етеді. Өзі оқудан кеше ғана босап келген балада 2-3 жыл тұрмақ, 1 ай да жұмыс өтелімі жоқ қой. Осы жағынан ғана кешіріммен қарауға болмаса, «жұмыс таба алмадым, жұмыс жоқ» деген жастардың сөзінің астында не жалқаулық, не сауатсыздық жатыр.

Студент төрт жылдық бакалавр оқуын жалғастыру кезінде ой үстінде жүру керек. «Ертең қайда барамын?» «Кім боламын?» «Жұмыс қайдан табылады?» дейтін сұрақтарға жауап іздеу керек. Ал бұл сұрақтарға жауап беру үшін сіздерге мынадай кеңес ұсынамыз:

Студент болсын, оқушы болсын жылына тоғыз ай білім алып, үш ай демалысқа шығады. Оның өзінде студент аптаның жеті күні оқымайды. Бес не төрт күн білім алады. Уақытты ұтымды пайдалана отырып, жұмыстың өтелімі дейтін қиындықты шеше аласыз. Төрт жыл ішінде үш ай демалыстан есептегенде 1 жылдық уақыт шығады. Сол демалысты дұрыс пайдалана отырып, тәжірибе жүзінде болсын, жұмыс жасай отырып еңбек өтелімін қалыптастырып алыңыз. Ол сіздің қолыңызда!

Ең жақсы жолы пысық болыңыз. Білім ала жүріп жұмыс жасауға да үлгеріңіз. Бірақ білім мен мамандықтың маңызды екенін бірінші орынға қойыңыз. Ақша керек деп даяшы болып сабылмаңыз. Даяшы болу уақытша ғана жұмыс. Сізге тұрақты жұмыс орны керек. Айлығы аз болса да, тәжірибеден өте жүріңіз. Ұстаздардың да тілін табыңыз, жұмыстағы басшылықтың да көңілінен шығыңыз. Қазіргі қоғамның талабы – әмбебап болу.

Құрметті жас түлек, сіз өмір бойына жұмыс жасайсыз. Бұл қанша ғасырлар бойына келе жатқан табиғи заңдылық. Әкеңіз шалқыған бай болса да, жұмыс – бұл адамның тіршілігі. Сондықтан төрт жыл өткеннен кейін емес, төрт жылдың бірінші күнін бастаған кезден бастап ойланыңыз! Сіз кімсіз? Сіз маман ретінде кімге керек екеніңізді көрсетіңіз! 

М. Ақан