Ләйлә Сұлтанқызы: Студенттерге айтарым...

Ләйлә Сұлтанқызы: Студенттерге айтарым...
Фото: voxpopuli.kz

Студенттік шақ – адам өміріндегі ең қызықты кезеңдердің бірі. Осы орайда, жаңадан «студент» атанған барша іні-сіңлілерімді ересек өмірге басқан қадамдарымен құттықтаймын! Мен осыдан 20 жыл бұрын ҚазҰУ-дың студенті болдым.

ҚазГУград жатақханаларының бірінде қыздармен бірге тұрдым. Кезектесіп бөлме тазалап, тамақ дайындайтынбыз. Кейін ағаммен бірге пәтер жалдап, бөлек шықтық. Пәтер дегенде жеке пәтер де емес, қара борша бір үйдің бөлмесінде тұрдық. Тарақандармен дос болдық. Әке-шешем бір қап картоп, бір қап сәбіз беріп жібереді. Келесі партия келгенше соны талғажау етеміз. Заттың аз болғаны бір жағынан жақсы: бір-бір қап киіміміз бен бір-бір қап азық-түлігімізді арқалап, кез келген уақытта көше саламыз. Көктөбеде біреудің бөлмесі, темекі зауытында біреудің үйі, Көкбазардың түбінде, «Саяхаттың» сыртында, екінші вокзалдың артында, әйтеуір, қаланың барлық ықшамауданында тұрған шығармыз.

Халықаралық бөлімде оқыдым. Біздің топтағы қыздардың бәрі «аристократ» ауруымен ауырды. Өйткені, біздерде кілең қаланың қыздары оқитын, шеттерінен сұлу. Солар сияқты киініп, солар сияқты жүргім келді. Жаспыз ғой, еліктейміз... Сөйтіп жүріп, екінші курстан бастап, жұмыс жасай бастадым. Алғаш радиода қызмет еттім. Кейін жұмыстың қызығына кіріп, телеарнада виджей болып жұмыс жасай бастадым. Ештеңеден қорықпайтынмын. Той жүргіземін, концерт жүргіземін, сценарий жазамын – істемейтінім жоқ. Ешқашан «қолымнан келмейді» деп айтпайтынмын. Сол еңбекқорлығымның арқасында қазір осындай дәрежеге жеттім деп ойлаймын.

Қазіргі студенттерге айтарым:

– Бос уақытыңызды тиімді пайдаланыңыз. Көп студенттер уақыттың қадірін білмей жатады. Кейін уақытын өткізіп алған соң, өкініп отырады.

– Кітап оқуға ерінбеңіз, қашпаңыз. Кітаптан асқан ақылшы жоқ. Мықты маман болу үшін көп оқу керек.

– Тіл курстарына жазылыңыз, қазір білімділер заманы. Әсіресе, ағылшын тілін оқысаңыз, жұмсаған қаражатыңыз бен оған бөлген уақытыңыз зая кетпейді.

– Дос таңдауда абай болыңыз. Жылы сөйлегендерге сене бермеңіз. Сырыңызды көпке жаймаңыз. Сіз сенген адам алдап кетуі әбден мүмкін. Сонымен қатар, түрлі секталардан, желілік маркетингтерден, алаяқтардан сақтаныңыз.

– Құжаттарыңызға, заттарыңызға ұқыпты болыңыз. Әсіресе, алғашқы курстарда зат жоғалту жағдайдарлары көп орын алады.

– Пысық, еңбекқор болыңыз. Дипломыңызды қолыңызға алмай жатып, «тұрақты жұмыс» тауып алуға тырысыңыз. Ешнәрседен қорықпаңыз.

Г. Берік