Айналаңды нұрландыр

Айналаңды нұрландыр
Фото: voxpopuli.kz

Жақында ғана әлемнің ең үздік 300 университетінің қатарынан орын тапқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздегі жоғары сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаумен қатар игі шаралар мен жобаларды бастаушы ретінде де қалың жұртқа аян. Осындай шаралардың бірі – университетіміздің ректоры Ғ.Мұтановтың бастауымен ұйымдастырылған «Айналаңды нұрландыр!» жобасы. Ректорымыз осы жоба туралы: «Нұрландыру» дегеніміз біздің күнделікті өмірдегі мінез-құлқымыздың мейірімді, тура және әділ болуы керектігін білдіреді, кез келген жан өмірге қандай із қалдырамын деген ойды есте берік ұстауы керек. Көреалмаушылық, қызғаншақтық бар жерде еш даму болмайды. Аяқтан шалу, арызқойлық жақсы қасиеттер емес. Небір ізгі ниеттерді жастар бойына қалыптастыру арқылы өркениетке қол жеткіземіз. Өркениет арқылы, алған ілім-білімдерді жақсы іске жұмсау арқылы, тәрбиеге ден қою арқылы елді, ұлтты дамытамыз. Міне, «Айналаңды нұрландыр!» жобасының негізгі діттегені де осы» – деген болатын. 

Жобаны іске асыру қолға алынған сәттен бастап университетіміздің ұстаздары мен студенттерінің күш біріктіре атқарған игі жұмыстары бүгінде БАҚ арқылы ел құлағына жетіп отыр. Бұл ең алдымен ізгі тәрбие мен қоғамға деген үлкен құрмет, асқан сүйіспеншілік. 

Аталмыш жоба аясында География және Табиғатты пайдалану факультетінің «Рекреациялық география және Туризм» кафедрасы да шетте қалған жоқ. Бірер күн бұрын «Айналаңды нұрландыр!» жобасына қатысты кафедрамыздың доценті, г.ғ.к. Алиева Ж.Н. мен аға оқытушы Байбуриев Р.М. бастауымен «Туризм» мамандығының 2 және 3 курс студенттері «Асыл Мирас» атты аутизммен ауыратын балалар орталығына шағын концерттік бағдарламасымен барып қайтты. Естеріңізге сала кетсек, бұл орталық аттас қайырымдылық қорының басшысы Болат Өтемұратовтың бастауымен үстіміздегі жылдың маусым айында ашылған болатын. Концерт барысында бүлдіршіндер түрлі ойындарға қатысып, студенттердің өнерлерін тамашалап, сыйлықтар алды. Қуанған кішкентай періштелердің боямасыз пәк күлкілерін көріп, өзіміз де ерекше керемет сезімге бөленіп қайттық. 

Әрине, бәлкім бұл шара көлге тамызған тамшыдай ғана болар, дегенмен ең бастысы – шын ниет пен ынта деп ойлаймын. Расында да, әлем біреу және барлығымызға ортақ. Ал оны құраушы қоғамға – адамдарға қолдау, көмек көрсету, сыйлау және қорғау әрбір жеке тұлғаның бойдағы парызы! 

ҚазҰУ География және Табиғатты пайдалану факультеті 
Туризм мамандығының 3 курс студенті Тілеулес Аида

Ж. Исакаев