«Жалын» студенттер фестивалі мәресіне жетті

«Жалын» студенттер фестивалі мәресіне жетті
Фото: vk.com

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жалын» фестивалі аяқталып, қазанның 28-ші жұлдызында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Байқау жеңімпаздары Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен гала-концертте өз өнерлерін көпшілікке паш етті.

Барша ҚазҰУ асыға күтетін «1-курс таланттары» жобасының негізгі мақсаты — жастардың бойындағы өнерге деген құлшынысты ары қарай лаулатып, өнерге, шығармашылыққа деген қызығушылықтарын арттыра отырып сахна құдіретін түсінуге ықпал ету. Аталмыш байқаудың алғашқы кезеңінде 800-ден аса студент бағын сынаса, үздіктердің үздігі болып танылған өнерпаздар келесі кезеңге жолдама алған еді. Сыннан сүрінбей өтіп, ақтық гала-концертке қатысуға мүмкіндік алған студенттер осы кеште бар өнерлерін ортаға салды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Дархан Ахмед-Зәки гала-концертті ашып, қатысушылардың барлығына алғыс айтты. Өнерпаздарды марапаттады. Байқауда қатысушылар «Дәстүрлі ән», «Эстрадалық ән», «Жас ақындар», «Домбырада ойнау шеберлігі», «Гитарада ойнау шеберлігі», «Қобызда ойнау шеберлігі», «Көркемсөз және актерлік шеберлік», «Фортепианода ойнау шеберлігі», «Фортепианода ән айту шеберлігі», «Скрипкада ойнау шеберлігі» «Үздік жүргізушілер», «Халықтық топтық би», «Заманауи би» және «Ерекше жанр» номинациялары бойынша сайысқа түсті.

Жолдаған: Шамил Нұрсауле

Ж. Өрісбай