Мәскеуде 1-курс студенттерін қабылдау кеші өтті

Мәскеуде 1-курс студенттерін қабылдау кеші өтті
Фото: Massaget.kz

Бүгін Мәскеу төрінде Ресейдегі Қазақстан cтуденттері бірлестігінің ұйымдастыруымен «1-курс студентерін қабылдау» кеші өтті. Аталмыш кешке Мәскеудің 24 жоғарғы оқу орнынан 600-ге тарта студент қатысты. Жылда ұйымдастырылатын бұл шара Мәскеудің табалдырығынан аттаған жас талапкерлердің асыға күтетін "алтын аралыққа" айналған. 

Концерт басталмас бұрын сахнаға көк туымыз шығарылды. Шекара асып, шет елге білім қуып келген қазақ жастары әнұран ойнағанда, тікесінен тік тұрып, қосыла шырқады.

Сахнаға Ресей халықтар достығы университетінің "Сана" би тобының мың бұралған қыздары шығып "қазақ биін" билегеннен кейін, кештің құрметті қонағы ҚР Ресей федерациясының концулы Дәурен Сатпекұлы сөз алды.

Алдымен Ресейде білім алып жатқан қазақ жастарының қатарына жаңадан келіп қосылған 1-курс студенттеріне ақ тілегін айтып, сөз соңында: "Мұндағы орыс елі мен басқа ұлт өкілдері сіздерді көріп бүкіл қазақты таниды. Сондықтан, ұлы дала ұрпақтарына кір келтірмей, "қазақ баласы" деген атқа лайықты болып жүріңіздер" деді.   

Осыдан кейін ортаға бас ұйымдастырушы, Ресейдегі Қазақстан студенттер бірлестігінің төрағасы Төлебаев Қаршыға шығып, кешке алтындай уақыттарын бөліп келген қонақтарға алғысын айтты. Бүгінде көптеген шаралар тек Мәскеуде өтіп жатқанымен, болашақта "Алтын күз", "Мәскеу көктемі" секілді мерекелерді Ресей көлемінде өткізетінін айтты.

Бүгінгі кеш тек болашақтың бастауы екенін білдіре келе, Мәскеуге келгендегі басты мақсатымызды ұмытпауға шақырды. "Осы мүмкіндікті сәтті пайдалана отырып, сапалы білім алып, мықты маман болып қалыптасыңыздар. Қазақстанның имиджі мен ел экономикасын бірге көтерейік" деді.

Сөйтіп көптен күткен концерт өз дәрежесінде өтті. Мұнда әуелеген ән де шырқалды, биде биленді. Небір қызықты ойындар ойнатылды. Қазақ тарихы мен әлем жаңалықтарына қатысты сұрақтар қойылып, жылдам әрі дұрыс жауап берген студенттер жүлделі болды. Тіпті, қазақ салт-дәстүрінен көріністер көрсетілді.

Бірақ, қызықтың "көкесі" сахнаға Қазақ жерлестігінің КТК командасы шыққанда басталды. Әдемі әзіл мен қағытпа қалжыңды орайын тауып "ойнатқан" жігіттер қонақтардың көңілінен шыға білді. 

Студенттерге ең қатты ұнағаны кеш соңындағы тосынсый болды. Ұйымдастырушылар әжесінің еті мен бауырсағын сағынған "1-курс студенттеріне арнап дастархан жайған еді. Сөйтіп, көңілдері мен қарындары қатар тойған білім алушылар жатақханаларына мәз-мейрам болып тарқасты. 

Е. Жұмабайұлы