ҚазҰУ-да көңілді тапқырлар клубы ойындарының жеңімпазы анықталды

ҚазҰУ-да көңілді тапқырлар клубы ойындарының жеңімпазы анықталды

ҚазҰУ-да жыл сайынғы дәстүрге айналған КТК ойындарының ақтық сайысы өткізілді. Бұл мерекелік кештің басты мақсаты университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтың ұйымдастыруымен 2013 жылдың 25 желтоқсанынан жүзеге асырыла бастаған «Аl-Farabi university - smart city» бағдарламасын нығайту болып табылады. Осыған орай, "Сұңқар" студенттер кәсіподағының жыл сайынғы ұйымдастыруымен өткізілетін КТК ойындарының қатысушылары аталған тақырып аясында көңілді ойын жүргізді.

Айта кетсек, студенттер сарайында өткен көктемнің көңілді ойынының әділ-қазы алқалары қатарында елімізге танымал тұлғалар да болды. Олар: Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Сағиұлы Ыбрайымов, ҚазҰУ студенттер қалашығының басшысы Сейтжанов Әбдіқахар, "Жастар ұйымы комитетінің" басшысы Нұрлан Әбдіқадіров, "Сұңқар" студенттер кәсіподағының басшысы Айдана Сыдықова, Ал кештің құрметті қонақтары Ұлттық университеттің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов пен ҚазҰУ ректорының әлеуметтік даму жөніндегі орынбасары Жаманбалаева Шолпан Ерболқызы болды.

Финалдық шешуші ойынға қатысушылармен таныс болсақ, олар:

1. Физика және техника факультетінің студенттерінен құралған «Физфак»;

2. Заң факультетінен «Мәке, Шәке, Бәке»;

3. Журналистика факультетінен «Біздің құрама»;

4. Филология, әдебиеттну және әлем тілдері факультетінен «Таң қалмаңыз»;

5. Философия және саясаттану факультетінен «Әлем кз»;

Ойынның шарттары мынадай кезеңдерден тұрды:

- Сәлемдесу

- Биатлон (жаңалықтар)

- Үй тапсырмасы

Осы шарттарды жоғары деңгейде орындап, жеңімпаз атанған топтарға "Сұңқар" студенттер кәсіподағы жүлделі сыйлықтарды дайындаған болатын. Нақтырақ айта кетсек, үшінші орынға Ыстықкөлге жолдама, ал екінші орынға Астанаға жолдама, сондай-ақ, көптен күткен бірінші орынға 150 000 теңге көлемінде сыйақы.

Сәлемдесу кезеңінде барлық ойыншылар үздік қатысты. Келесі екінші кезеңде биатлон, яғни өздерінің жаңалығымен көрермендерді күлдіріп, үздік болып алға шыққан еліміздің болашақ заңгерлері болды. Үшінші айналымда үй тапсырмасы бойынша қызықты сахналық көріністі сомдаған «Физфак», «Біздің құрама», «Таң қалмаңыз» топтары болды. Ойындар барысында көңіл ашар әзілдер айтылып, университетімізде орындалуы керек біршама жұмыстар бастамасын тапты.

Қорытындылай өтер болсақ, топтардың барлығы да үздік ойын көрсетті. Сонда да «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, іріктеп алу міндетті. Бұл әрине оңайға соқпасы анық. Сонымен жүлделі үшінші орынды «Таң қалмаңыз» қыздар тобы алып, Ыстықкөлге жолдамаға ие болса, екінші орын «Физфак» ойыншыларына нәсіп етті. Ал бірінші орынды, яғни 150 000 теңгелік сыйақыны «Біздің құрама» жігіттері иемденді. Барлық жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!

Жолдаған: Камила Өрісбаева

Сурет: Досжан Балабекұлы

Ұқсас жазба:

ҚазҰУ-да "80 теңгелік түскі ас" акциясы өтті

Ж. Өрісбай