ҚазҰУ Smart эдвайзері

ҚазҰУ Smart эдвайзері

Қазіргі таңда саналы біліммен, озық үлгілі сапамен, белсенді қоғамдық өмірдің сусынынан дәм татқызар Студенттер Сенаты ұйымы көптеген игі істер атқаруда. Ұйым студенттерінің басым көпшілігі тынымсыз еңбек етіп, күн сайын жаңалық енгізуде. ҚазҰУ аймағын дүр сілкіндіріп, барша факультеттің басын қосып, бір жерге тоғыстырар жоба да өз кезегіне келіп жетті. Бұл аса құнды жобаның тақырыбы «Smart Эдвайзер».

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттік өзін-өзі басқару ұйымы Cтуденттер Сенатының бастамасымен студенттер мен оқытушылардың арасындағы қарым-қатынастың нығаюына септігін тигізетін ерекше жоба - “ҚазҰУ Smart эдвайзері” басталған болатын. «ҚазҰУ Smart эдвайзері» жобасы – университеттің профессор-оқытушылар құрамының кәсіби шеберлігіндегі байқау болып табылады.

Университет профессор-оқытушылар құрамының кәсіби-педагогикалық мәдениетін, оқу-әдістемелік және тәрбиелік деңгейді көтеру, кәсіби өзіндік жетілудің жағымды жағдайын жасау арқылы университеттің ғылыми, мәдени мәртебелік белсенділігін арттыру, оқытушылардың болашақтағы кәсіби даму мотивациясын жоғарылатуды басты мақсат етіп алған байқау 2 кезеңде өтті, алғашқысы факультеттік деңгейдегі іріктеу кезеңі болса, екінші кезең - наурыз айының 4 күні Қазақ Ұлттық университетінің Малахит залында байқау финалы болды.

Финалға факультеттік іріктеу кезеңінің нәтижесі бойынша 13 факультеттен 8 үздік эдвайзер: Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінен Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Оспанқұлова Шынар, География және табиғатты пайдалану факультетінен География ғылымдарының кандидаты Байбуриев Руслан, Физика-техникалық факультетінен Қисан Аршынбек, Химия және химиялық технология факультетінен Қайралапова Гульфайруз, Шығыстану факультетінен Филология ғылымдарының докторы Жүнісбек Гүлназ, Биология және биотехнология факультетінен Сапарғалиева Назым, Философия және саясаттану факультетінен Кәденов Ерболат, Экономика және Жоғары Бизнес мектебінен Ноянов Мирас жолдама алды. Финалда эдвайзерлер таныстыру, өнер, қазақ, орыс және ағылшын тілінде сұрақ-жауап және өздерінің студенттік тобымен жүзеге асырған оқу және тәрбие жұмыстары жөнінде ақпарат қамтылған портфолио арқылы өзара сынға түсті.

Оқу үдерісін жоспарлау және қамтамасыз ету бөлімінің маманы - Құмарғалиев Салтанат Шорақызы, Тәрбие бөлімінің жетекші маманы – Канафьева Шынар Ерланқызы, Жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі комитет жетекшісі – Абдикадиров Нұрлан Болатұлы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының директоры – Баяндинова Сайран Мухтарканқызы және Студенттер Сенатының төрағасы – Маратұлы Алмастан құралған әділ-қазылар алқасының ортақ шешімі нәтижесінде Химия және химиялық технология факультетінің үздік эдвайзері Қайралапова Гульфайруз бас жүлде жеңіп алып, «ҚазҰУ Smart эдвайзері» - 2015 атанды.

«Смарт Эдвайзер» жобасына қолдау көрсеткен демеушілерімізді атап өтер болсақ: «Smart Health», «Brosh», «Алаң» жаттықтыру және сауықтыру кешені, Студенттер Сенаты ұйымының жанынан құрылған «Top Art Center», «Alfa» сұлулық салоны, сондай-ақ «Колеса» такси қызмет көрсету орталығы нағыз ерен ерлік жасап, демеу болды. Бұл демеушілерімізге айтар алғысымыз шексіз. Жұмыстарына сәтті еңбек, қызу тартыс, зор табыс, жеңіс тілейміз. Көрермен қауым, студенттер, қадірменді қонақтар ыстық лебіз білдіріп, өз эдвайзерлеріне қолдау көрсетіп отырды.

Байқауға қатысты айта кететін ең басты жайт - байқау тек үздік эдвайзерді анықтап қана қоймай, эдвайзер мен студенттік тобы арасындағы көпірге айналып, байланысты одан әрі арттыра түсті.

Сурет: ©Досжан Балабекұлы

Оқи отырыңыз:

Студенттерге арналған үздік қалалар

Сексен сұлуды суретке тартқан студент

Қалың қалай, студент?

Студент қалай тамақтануы керек?

Қ. Бүйенбай