Нұрсұлтан Жақсыгенов: «Мүлкің жоғалса да, күлкің жоғалмасын»

Нұрсұлтан Жақсыгенов: «Мүлкің жоғалса да, күлкің жоғалмасын»

Сіздерге КТК ойындарында ҚазҰУ-дың «Ұлттық Құрамасында» өнер көрсетіп жүрген, үнемі әзілдеп сөйлейтін Нұрсұлтан Жақсыгеновпен болған сұқбатымызды ұсынамыз.

- Біздің студияға қош келдіңіз, Нұрсұлтан. Алдымен қысқаша өзіңіз туралы айтып өтсеңіз.

- Өзім Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында дүниеге келгенмін. Мектептің түлегі атанған соң, студенттік арманмен Алматыға оқуға түсіп, мінеки, осы жылы Қазақ Ұлттық Университетін бітіргелі жатырмын.

- Өзіңізді көгілдір экраннан көп көреміз. Жалпы КТК ойнау мектеп кезінде болған қызығушылық па, әлде университет аясында пайда болды ма?

- Мектептен басталған болатын. 7 сыныпта оқып жүрген кезімізде сыныпаралық КТК ойындарында ойнап, сосын мектепаралық жарыстарға шығып, өнер көрсететінбіз. Кейіннен аудан көлемінде жүлделі жеңістерге жеттік. Ал республикалық жарыстарға, нақтырақ айтсақ, Есен ағаның «Жайдарман» лигасына мен 9 сыныпта оқып жүргенімде жеттім. Содан кейінгі 3 жыл көлемінде Қызылорданың «Сыр елі» деген лигасында өнер көрсеттім. Содан соң, 11 сыныпты тәмамдап, Қазақ Ұлттық Университетіне түстім. Студент мәртебесіне жеткен бойда, КТК-ның нағыз додалары басталды.

- Бір университетті бір қоғамға жатқызуға болады. Үлкен арқау үлкен жауапкершілікті талап етеді дейді ғой. Сіз үшін осындай студенттік қоғамның абыройын қорғау қиынға соқпай ма?

- Әрине, жауапкершілікті мойнымызға алғанымыздан кейін, бар дарынымызды салып, өнер көрсетуге тырысамыз. Мен үшін осындай айтулы ЖОО-ның атынан шығу үлкен мәртебе. Университетіміздің қолдауының арқасында көптеген жетістікке жетіп отырмыз. Осы жарыстар барысында жаңа жобалардан ұсыныстар түсіп, көп дос таптым.

- Сіз өнер көрсетіп жүрген ҚазҰУ-дың «Ұлттық Құрамасы» бүгінге дейін қандай жарыстарда жеңімпаз атанды?

- Мен 1 курста жүрген кезімде, факультетіміздегі достарыммен бірге «Элит.KZ» деген бөлек команда құрған болатынбыз. Бастапқыда Алматы қаласының «Алматы ашық лигасы» КТК сайыстарында өнер көрсеттік. Артынша қалалық жарыстардан озып шығып, Премьер Лигаға жолдама алғанбыз. Жоғарғы Лигада жартылай финалға дейін бардық. Ол кезде «Ұлттық Құрама» деген бөлек команда болатын. Үшінші курста оқып жүргенімде, 2012 жылдың маусымашарында екі команда біріктік. Жалпы сол жылды өте жемісті деп білемін. Жоғарғы Лигада жеңімпаз атануымызға бір қадам жетпей қалып, екінші орынды қанағат тұтқанбыз. Оған қоса, сол жылы біздің «Ұлттық Құрама» Алматы қаласының жеңімпазы атанды. Алла бұйырса, осы жылы әдебиет маусымындамыз. Жеңімпаз боламыз деген үміттеміз.

- КТК ойындарының белгілі бір жарыстарына дайындалу кезінде әзілдерді қайдан аласыздар?

- «Әзіл әлемі» деген қызық дүние десек, қателеспейміз. Айналымызға бір сәт көз салсақ, барлығы бір тұнып тұрған образ. Кез келген жағдайда айтылған әңгіме болсын, істелінген қылықтар болсын, нақты эпизодтарды кесіп, көрсетуге болады. Ең қызығы шынайы өмірден алынған әзілдер топ жарады. Себебі халықтың өз бидайын өзіне қуырып берсең, өзінше риза болады. Бұрын, әзілді қайдан ала береміз, ол таусылатын дүние деп ойлайтынмын. Дегенмен, олай емес екен. Әзіл шыға береді. Еңбектенген адам өз ісінің жемісін жейтіні анық.

- Ұлттық Құраманың ойындарын теледидардан болсын, youtube-тан болсын, көретініміз бар. Әсіресе, сіз сахнаға шыққан кезде, біз, яғни көрермендер күлкіден арыла алмай қаламыз. Сол мінезіңіз сізге кімнен дарыған?

- Менің әке-шешем болсын, ағайын-бауырларым болсын, ешбірі өнерден алшақ емес жандар. Домбыра тартатындары да бар. Нағашыларым жағынан айтсақ, осындай әзілге жақын, өте бір қылжақпастардың жиенімін. Нұрділдә деген нағашым бар. Кімді сөзге тартса да сөзі жарасып, біздің амалсыз күлкіден тыйылмай қалатын кезіміз болатын. Бәріміз қызығатынбыз. Сол кісіге еліктейтінмін. Жалпы менің қызығушылығым сол сәттерден басталды десем де болады. Күлкі адамның өмірін ұзартады дегендей, осы салада адамдарға күлкі сыйлап жүргеніме қуанамын.

- Сіз осы жылы ҚазҰУ түлегі атанбақсыз. Алдағы жоспарларыңыз қандай? Ұлттық құрамадан кетесіз бе?

- Ол жағы әлі белгісіз. Алла бұйырса, ЖОО-ны тәмамдап жатырмыз. Ендігіде, магистратурада жоғары білімді жалғастыруды жоспарлап отырмын. Ұлттық құраманың алдағы жарыстарына жақсы қарқынмен дайындалу керек. Сосын өзіміздің құрамамен ақылдасқан түрде, келесі маусымда Ресейдің КТК ойындарына шығып, Маслякта өнер көрсету жоспарда бар. Содан өздеріңізге белгілі, Ұлттық құраманың Вконтакте желісіндегі арнайы парақшасында «Жәй әшейін» деген айдарымыз бар. Алдағы уақытта сол айдарды үлкен жобаға айналдыруды көздеп отырмыз.

- Сіз үшін көрерменнің көзайымына айналудың сыры неде?

- Баяғыда, біз барлығымыз еліктейтінбіз. «Көз тимесін», «ТеХаs» деген КТК командаларында өнер көрсеткен ағаларымыз секілді үлкен сахнаға шығуды армандап өстік. Тыным таппай жасаған еңбектің арқасында осы дәрежеге жетіп отырмыз. Біреулер сыртта танып қалып, ризалығын айтып кетіп те жатады. Дегенмен, жұлдыз ауруымен ауырып кеткен кезім болған емес. Әрқашан қарапайым болып қалуға тырысамын. Өйткені қарапайым болған сайын, адамның қадір-қасиеті де, абыройы да өсе береді.

- Абыройыңыз асқақтатып жүрген өзге де өнерлеріңіз бар ма?

- Домбыраға онша икемім келмесе де, гитарада ойнап, ән айтамын. Одан өзге, сурет салуға қызығушылығым бар. Пикассо айтқандай, әрбір адам бала кезінде суретші болуды армандайды ғой. Мен де қаламның сиқырын меңгеруді армандағанмын. «Жігітке жеті өнер де аз» деген емес пе көнекөз кісілер. Қазір де оны «Жігітке жеті донер де аз» деп өзгертіп айтып жүр (күліп).

- Өміріңізде өткерген қызықты оқиғыларыңыз болса, бізбен бөлісе отырсаңыз.

- Айтсам, айтайын. Алматы қаласына келген кезде, мүлде орысша білмейтінмін. Қазір де меңгергенім шамалы. «Нуу-у-у-у» деп құтылып кететін кездер болады. Оқудың құжаттарын толықтырып жүргенімде, флюрографиядан өтуім керек болды. №12 қалалық ауруханаға барып, рентгенге түсуге келгенімді айтсам, «флюрографияға бар» деп бір кабинеттің нөмірін айтты. Орысша түсінбегендіктен, қай кабинет екенін де білмей, адамдардан сұрай бастадым. «Мұнда флюрография» деп бағыт көрсетеді. Ауылдан келген момын жігітпіз. «Флюро» деген апай шығар деп ойлағанмын. Адамдардан Флюро апай бар ма, Флюро апай бар ма деп сұрай берем. Бір кісі мына кабинет деп көрсетеді маған күліп. Одан кейін де басым жетпеген ғой. Кабинетке кіріп, Флюро апайды тағы сұраймын. Күледі барлығы маған. Неге күлетіндерін сұрасам, Флюрография деген рентгенге түсетін кабинет екенін айтып түсіндірді.

- Болашақта әзіл-сықақ театрында өнер көрсету немесе тележоба жасау секілді ойларыңыз бар ма?

- «Күлдіру өнер, күлкіге қалу өлім» дейді ғой. Сондықтан да, бір жағынан баршаның көңілінен шығу оңай емес. Әзіл саласында өз жолымды жалғастыру ниетім бар. Бірақ халықтың көзқарасында бір ғана образда қалып қоюға да болмайды. Көпшілік қауым жалпы әзіл әлеміне жеңіл көзқараспен қарайды. «Үлгілі оқы, сосын беделді компанияда жұмыс істей аласың (Кедей әке), үлгілі оқы, сосын беделді компанияны сатып ала аласың (Бай әке)», - деген жапон текті американ кәсіпкерінің сөзі сияқты, менің әкемнің де маған айтқан өсиеті бар болатын. Алда өзімнің бір бағытқа салып жүрген бизнес жобаларым бар. Мүмкіндік болған жағдайда сол жобаларымды іске асырып, бизнес саласынан табылсам деймін. Бірақ, «өткір ине қап ішінде жатпайды» дегендей, әзіл қашанда менің табиғатымда болады. Амандық болса, сахнаға шығып, өнер көрсетуден тайынбаймын.

- Массагетке арнайы алып келген өзіңіздің әзілдеріңіз бар болар. Оқырмандарымыздың да күтіп отырғаны сөзсіз. Сөз орайында қоса кетсеңіз.

- Әзіл болғанда ... Баяғыдан маған өте ұнайтын бір әзіл бар. "Коммерциялық сарказм" дейді оны. Бір күні қазақ, өзбек және орыс: «егер бір миллион тауып алсам, не істейтін едім?», деп ойланып отыр екен. Сонда өзбек айтыпты: «Алдымен палау демдеп, бар жағдайымды жасаймын. Жанұяммен тату-тәтті өмір сүремін». Сөйтсе орыс:«Мен монша салдырамын. Ішімдіктерді сатып алып, достарыммен жақсы бір демалыстарды ұйымдастырамын», - депті. Ал соңында қазақтан сұрапты. Қазақ: «Не істер едім, қарыздарды төлеймін»,- десе, өзбек (жағаласып): «Ал қалғанын ше, қалғанын не істемексің?», - деп тіл қатады. Қазақ: «Е ,білмедім, қалғаны ... Қалғаны күте тұратын шығар» - депті.

- Біздің сұқбатымыз да өз мәресіне жетіп қалды. Массагет ұжымына және оқырмандарына деген ізгі ниетіңізді білдіре кетсеңіз.

- Массагет ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін. Сіздердің оқырмандарыңыз көбейе берсін. Жаһанды жарқ еткізер ақпараттарыңыз көп болсын. Барлығыңыздың отбасыларыңызда береке, сөздеріңізде мағына, істеріңізде ынтымақ пен бірлік болсын!

Сұқбаттасқан: Жолдас Өрісбаев

Сурет: Нұрсұлтан Жақсыгеновтің жеке мұрағатынан

Ж. Өрісбай