"Ең үздік студенттік топ – 2014" байқауының ақтық сайысы өз мәресіне жетті

"Ең үздік студенттік топ – 2014" байқауының ақтық сайысы өз мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде «Ең үздік студенттік топ – 2014» байқауының ақтық сайысы өз мәресіне жетті. Жарыстың соңғы кезеңінің мақсаты студенттерді өте күрделі жобаларға баулу болды. Өз факультеттерінің беделін қорғап шыққан әр топ елбасымыз Н.Назарбаевтің «Жасыл көпір: ұрпақтан ұрпаққа» және ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановтың "Smart city" бағдарламалары аясында өздерінің жобаларын қорғады. Факультетінен суырылып шыққан топтардың қорғауымен бір-бірінен өткен керемет, ақылды және мұқият жасалған жобалардың куәсі болдық. Байқауды бастан-аяқ ұйымдастырып, студенттерді осындай игілікті іске баули білген «Сұңқар» студенттер кәсіподағы.


ФИНАЛИСТЕР БҰҒАН ДЕЙІН ҚАНДАЙ КЕЗЕҢДЕРДЕН ӨТТІ? 

Айта кетейік, 2012 жылдан бері бастау алған жоба студенттердің белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, үздік студенттер тобын шығару және ынталандандыру мақсатында жүргізіліп келеді. Осы жылы 13 факультеттен ең үздік 13 топ қатысты. Байқау барысында студенттік топтардың тапқырлығын, білімділігін және ұйымдастырушылық қабілетін жоғары деңгейде көрсетуі – қатысушыларға қойылатын басты талап болды. Мамыр айына дейін жалғасқан  дода студенттердің уақыттарын қызықты әрі пайдалы іске жұмсауына септігін тигізді.

Студенттердің жалпы оқу үлгерімі, ғылыми, мәдени және қоғамдық шаралардағы белсенділігі, өзін-өзі басқарудағы ұйымдастырушылық қабілеттері сыналатын дода төрт деңгейде өткізіліпті. Бірінші факультет деңгейінде де ең білімді, ең үздік, ең ұйымшыл топтар таңдалып, университеттік додада жіберілді. Ақпан айының 14-28 аралығында әр факультеттің ең үздік топ студенттерінің жетістіктері мен шығармашылықтарын растайтын құжаттар папка түрінде жиналды.

Факультеттен суырылып шыққан жалынды жастар өзара наурыз айының 11-ші жұлдызында  байқаудың І турында бақ сынасты. Конкурстың екінші деңгейінде немесе университеттік деңгейдің бірінші кезеңінде студенттік топтар өз факультеттерін қызықты бейнероликтер арқылы таныстырып, өздерінің ұйымшылдығын көрсете білді. Байқауда әр топ ерекше костюмдер киіп, өздерінің таланттарымен тәнті етті.  Конкурсқа қатысқандар өз факультеттерінің намысын қорғайтын болғандықтан, қатысқан студенттер бар күш-жігерлерін салып жарысты. Топтардың арасынан келесі турға өткен факультет топтарының 1-ші кезеңнің қорытындысы ескерілді, яғни, топтардың  үлгерімі, ғылыми жарияланымдарының саны, пәндік олимпиадаларға, байқауларға, конференцияларға қатысқан студенттер саны, авторлық куәлігі, патенттері, қоғамдық қызметі және спорттық қызметі ескерілді. Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар 10 студенттік топ конкурстың келесі кезеңінде өз бақтарын сынауға жолдама алды.

Сәуір айында студенттердің ең сүйікті жобасына айналған «Ең үздік студенттік топ-2014» байқауының 2 кезеңі өтті. Аталған конкурс «Саламатты дене мәдениеті» және «Айналаңды нұрландыр» жобаларының аясында өткізіліпті. «Саламатты дене мәдениеті»  жобасы аясында «Калипсо» атты эстафеталық жарыс ұйымдастырылған болатын. 25 сәуір күні 3 кезеңмен жалғасын тапқан байқауда студенттік топтар өздері  түсірген қарашаңырағымыз Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 80 жылдық мерейтойына арналған “ҚазҰУ - менің болашағым” атты бейнероликтерін көрермен назарына ұсынды. Сонымен қатар, «Айналаңды нұрландыр» және «Алма-Қала» акциялары төңірегінде ҚазҰУ қалашығында көшеттер отырғызылып, жасылдандырылды. Бұл акцияларға «Ең үздік студенттік топ – 2014» қатысушылары да шет қалмастан, ат салысты. Оқу ордамыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында қара жер абаттандырылды.

Ұйымдастырушылар тек байқау кезеңдерімен ғана шектеліп қалмай, топтар арасындағы байланысты нығайту және рухани мәдениетін арттыру мақсатында үздік студенттер театрда бас қосты. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрындағы «Көгілдір такси...» қойылымы ҚазҰУ жастарына тамаша көңіл-күй сыйлады. Артынша топтардың ұйымшылдығын, мақсатқа жетудегі талпынысын жетілдіру үшін таңғы тимбилдинг өткізілді.  Жаттығулар барысында қатысушылар өздерінің ауызбіршілігінің өте жоғары деңгейде екенін таныта білді. Финалға кіріспе бастамасы ретінде «Үздік топтарға арналған» Алматы қаласының жобалар бойынша менеджері Сатубалдин Алмат мырзаның көмегімен семинар-тренинг өткізілді.

АҚТЫҚ САЙЫС. КІМ ҚАНДАЙ ЖОБА ҰСЫНДЫ?

Әділ-қазы алқалары құрамында ҚазҰУ технопаркі директоры Әуелбек Тоғжанов, Study Inn білім беру орталығының сату бойынша менеджері Ниетқабылова Айгерім, Студенттер ғылыми қоғамы төрайымы Гүлмарал Махабіл, Алматы қаласы жобалар бойынша менеджер Сатубалдин Алмат, Алматы қаласының аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Стамбеков Ерлан,  Алатау технопаркінің жобалар бойынша менеджері Мустаков Диас, Еуразиялық ассоциация президенті Кисиков Бекнур, Әлеуметтік даму жөніндегі проектор Шолпан Ерболқызы, "Сұңқар" студенттер кәсіподағы төрайымы Айдана Сыдықова факультеттерінің намысын қорғаған студенттік топтардың жобаларын таразыға тартты.

Ақтық сайыста факультеттердің ақ туын ұстаған топтардың жобалары:

  • Экономика және бизнес жоғары мектебі «AСT» жасанды ағашы арқылы Алматы қаласының экологиясын жақсарту

  • Механика-математика факультеті «Smart  шлагбаум»

  • Физика-техникалық факультет «Экоғимарат»

  • География және табиғатты пайдалану факультеті «KazNU campus map»

  • Философия және саясаттану факультеті  «Veloсity»

  • Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті «KazNUland – ҚазҰУ тамашалау шеңбері»

Бір-бірінен өткен керемет жобалардың баршасы ҚазҰУ қалашығының экологиясын тазартып, студенттердің қызметіне жарайтын, smart сity үшін арналған жобалар болды. Қызу талқыға түсіп, жоба авторларына сұрақтар қойылды.


Әділ-қазылардың сарабы бойынша, бұған дейін болып өткен кезеңдердің нәтижелері ескеріліп, Физика-техникалық факультет және Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің намысын қорғаушы топтар сайыстан шығарылды. Ал, қай топтың, қаншасыншы орын алғаны жұмбақ күйінде қалды. Оларды ректор Ғ.Мұтановтың өзі марапаттайтын болады. 

Сайыстың соңы концерттік бағдарламаға ұласып, көптеп келген көрермен студенттердің көңілін көтерді. Ал ҚазҰУ-дың "Ұлттық Құрама" КТК командасы мен elit.kz командасының мүшелері студенттердің көңілін көтерді.

 

Сонымен қатар, «Ең үздік студенттік топ – 2014» байқауын жүзеге асыруда белсенділік танытқаны үшін «Сұңқар» студенттер кәсіподағының басшылары мен мүшелері ректор тарапынан марапатталды.

Айта кету керек, жүлделі үшінші орын алған топ Табағанға, екінші орынды алған топ Ыстықкөлге жолдама алатын болса, бірінші орынды алған студенттік топқа Астана мерекесіне орай Елордамызға қыдырып қайтуға жолдама беріледі. Ендеше, үздіктердің есімін еститін күнді асыға күтеміз!

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: massaget.kz

Ж. Өрісбай