Мартин Коуни — шала туған сәбилерді құтқарушы шоумен

Мартин Коуни — шала туған сәбилерді құтқарушы шоумен
Фото: wikimedia.org

Екі ғасыр бұрын уақытынан ерте туған сәбилерге медициналық көмек көрсетілмеген. Ол уақытта медициналық инкубаторлар болса да, ауруханаларда оны қолданбайтын және сәбилерге арнайы күтім жасалмайтын. Алайда бұл істі Мартин Коуни қолға алғаннан кейін бәрі өзгерді.

Шала туған балаларға арналған алғашқы боксты кім ойлап тапты?

Шала туған сәбилерге арналған алғашқы бокстар XIX ғасырдың соңында Францияда пайда болды. Оларды дәрігер Александр Лайон ойлап тапты. Бұл бокстар бір сөресі бар шағын ағаш сервантқа ұқсайтын. Инкубатордың жанына қыздырғыш аппарат қоятын: ол бокстің ішіндегі ауа температурасын қалыпта ұстап тұратын.

Дәрігер өз өнертабысы әлемді өзгертіп, миллиондаған бала өмірін құтқаратынына сенімді болды. Бірақ шіркеу өкілдері басқаша ойлады. Егер бала құдай қалауымен өмірге ерте келсе, ол өз өмірі үшін өзі күресу керек деп саналды. Егер оның қолынан келмесе, ол Жердегі өмірге дайын емес болғаны. Көпшілік "шала туған баланы емдеу – тәңірдің жоспарына араласу" деген пікірді ұстанатын.

Аурухана қызметкерлері де инкубаторды іске қосудан бас тартатын. Оларға бұл аппаратты қосу тиімсіз болды. Себебі көпшілік ауруханаларда мұндай бокстарды сатып алуға қаражат жетпейтін. Оның үстіне оларды үздіксіз электр қуат көзімен қамтамасыз ету керек және бокстарға қарайтын медбикелерді жұмысқа алу қажет.

Дәрігер Александр Лайонның шала туған сәбилерге арналған инкубаторы. Париж, 1896 жыл

Инкубаторларға деген сұраныстың болмауы Александр дәрігерді тоқтатқан жоқ. Ол шағын көрме ұйымдастыруды ойлайды: Александр қала көрмелеріне келіп, өз бокстары жайлы айтып отырады. Бірақ адамдарға бұл әйнек бокстар қызық болмады. Тіпті, адамдар оның қасына да келмейтін, айналып өтіп кете салатын. Сол кезде дәрігер жоспарын өзгертеді. Ол өз қойылымына көрнекілік қосу керегін түсінеді.

Александр жақын маңдағы ауруханаларға барып, дәрігерлерден уақытынан бұрын дүниеге келген бірнеше баланы өз жауапкершілігіне сұрап алады. Дәрігерлер қуана келісетін, себебі бұл кішкентай емделушілер әдетте бір-екі күннің ішінде шетінеп кететін.

Енді инкубаторлар бос тұрмады: олардың ішінде тірі балалар жатты. Бірақ дәрігердің бұл жоспары да толықтай іске аспады. Адамдар озық технологиямен танысуға емес, шала туған сәбилерді көруге келетін. Тіпті, көпшілігі олардың қуыршақ емес екеніне көз жеткізу үшін оларды ұстап көруді сұрайтын болған. Уақыт өте сәбилері бар «кунсткамера» жайлы сыбыс әр аймаққа тарай бастады. Ал Александр келушілерден аздап ақша ала бастайды. Қаражаттың бір бөлігін бокстарды жақсартуға жұмсаса, қалғанын инкубаторлардағы балаларға қарайтын күтушілерге бөліп берген.

Салмағы 900 г-нан аз сәбилер «аттракционы»

Александр дәрігердің идеясын жұмбақ адам Мартин Коуни іліп алды. Оның кім екенін және қайдан келгенін әлі күнге дейін ешкім білмейді. Бір нұсқа бойынша, Мартин XIX ғасырдың 70-жылдары Польшада дүниеге келген. Бірақ одан сәл ертерек және Германияда дүниеге келген деген де нұсқалар бар. Кей дереккөздер ол медициналық білімді Францияда алды десе, басқалары оны жоққа шығарады. Оның медициналық білімі жоқ болуы әбден мүмкін, себебі оқу орындарында және архив жазбаларында ол туралы ештеңе жоқ. Зерттеушілер Мартин Коуни өмірінің бастапқы жылдары жайлы ешқандай құжаттамалық растау таппаған.

XIX ғасырдың соңында Мартин өзінің айналасындағы шоумендер арасында жеке ойын-сауық бағдарламасымен танымал болған. Бірақ 1900 жылдың басынан бастап ол өзін шала туған сәбилерді қарайтын педиатр ретінде таныстыратын болған. Мартин 1903 жылы оннан көп инкубатор сатып алады. Оларды АҚШ-тағы ойын-сауық саябағынан жалға алған бөлмеге қойып, іштерін сәбилермен толтырып, жүздеген афиша шығартады. Ол барлығын өзінің жаңа шоу-бағдарламасына шақырады: салмағы 900 г-нан аз сәбилер «аттракционы». Ал газеттер «Бұл жерден біртүрлі кішкентай жандарды көресіз. Олардың бір күні адам болып кетуіне сену қиын. Олар еркектер мен әйелдерге емес,  маймылдарға ұқсайды» деп шулатты. Бұл көрме бірінші күннен бастап-ақ танымал болып кетті. Адамдар кішкентай сәбилерді көру үшін кезекте сағаттап тұрды.

Көрермендер сәбилер көрмесіне таңғаларлық шоу ретінде қарады. Бірақ Мартиннің мақсаты – сәбилердің өмір сүруіне мүмкіндік беру. Аттракцион жабылған бойда бөлменің іші санитарлық құралдармен өңделетін. Сәбилерді емізуге Мартиннің сұрауымен қатаң диета ұстайтын әйелдер келетін болған. Себебі ол сәбилердің сүттен барынша пайдалы микроэлементтерді алғанын қалаған. Егер Мартин әйелдердің біреуін темекі тарту немесе алкоголь ішу үстінен ұстап алса, сол бойда жұмыстан босатқан. Шала туған балалар үнемі медбикелердің қарауында болатын. Сол медбикелердің арасында Мартиннің қызы да болған.

«Негізінде оның жетістігінің кепілі медбикелер болды», — дейді Мартин жайлы кітаптың авторы және журналист Дон Раффел. «Олар шала туған сәбилерге қалай күтім жасауын және қалай тамақтандыру керегін жақсы білді. Олар сәбилерді әлпештеді. Бөлменің іші мінсіз тазалықпен ерекшеленді: ол кезде тіпті, ауруханалардың іші мұндай таза болмайтын.»

Билеттен түскен қаражат тек медициналық қызметкерлердің жалақысын жапты. Мартин Коуни өзіне ештеңе алмаған.

Мартин Коуни танымалдылығының екінші толқыны

Көрермендердің ешқайсысы Мартиннің басты мақсаты жайлы білмегендіктен, олар оны дүниеқоңыз және қаталдығы үшін кінәлай бастады. Адамдар көшеде оған тас лақтыратын болған. Ал медициналық қызметкерлер оны дәрігерлік этиканы бұзды деп кінәлады. Бірақ Мартин мұның ешқайсысына мән бермей, өз жұмысын жалғастырды.

Халықтың Мартинге деген көзқарасы оның ойын-сауық бағдарламасынан сәбилер емделіп шыға бастағанда ғана өзгерді. Сәбилер бірінен соң бірі ата-аналарына орала бастады. 

Ол кездері уақытынан бұрын туылған сәбилердің тек 15-20% тірі қалатын, ал Мартин бұл статистиканы 3 есе арттыра алды: оның «аттракционына» қатысқан балалардың көбі (шамамен 85%) тірі қалатын.

Бұл дәрігерлердің қаражатты үнемдеуін тоқтатып, ең болмағанда бірнеше инкубатор сатып алуына ықпал етті. Ал ата-аналар болса, Мартинге сәбилерін өздері әкелетін болды. Олар дәрігерден сәбилерін «сиқырлы» боксқа салуын өтінетін. Мартин ата-аналардан бір тиын алмаған және олардың әлеуметтік жағдайына мән бермеген. Ол одан көмек сұрағандардың бәріне қол ұшын созған. Көрмеде орын таусыла бастағанда ол тағы бірнеше қойылым ашқан.

Мартин Коуни тәжірибесінің жетістігі 

Мартин Коунидің «аттракционы» шамамен қырық жылдай жұмыс істеген. Осы уақыт аралығында оның бокстарында үйлеріне аман оралған 6,5 мыңнан аса шала туған сәбилер жатқан.

Сондай-ақ Мартин дәрігерлердің шала туған сәбилерге де емделушіге секілді қарауына ықпал етті. Оның тәжірибесінің арқасында 1940-жылдары америкалық және еуропалық ауруханалар шала туған сәбилерге күтім жасайтын арнайы бөлімдер аша бастады.

Мартиннің инвесторлары болмады. Оның көрмесіне деген көрермендердің қызығушылығы жоғала бастағанда, ол инкубаторлардағы сәбилерді қамтамасыз етуге өз қаражатын жұмсайтын болған. Мартин Коуни 1950 жылы 80 жасында жалғыздықта және кедейлікте қайтыс болған.

А. Жапатова