Шерифтің полициядан айырмашылығы қандай?

Шерифтің полициядан айырмашылығы қандай?
Фото: rcsd.net

Қазақстанда АҚШ, Ұлыбритания және Канададағы шерифтер моделін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков онлайн-брифингіде мәлімдеді.

Бұл жұмыс моделін Қазақстан полициясы АҚШ-тағы әріптестерінің көмегімен үйренбек. Америкада "шериф" деп аталып кеткен тәртіп сақшылары жайлы білеріміз көп емес. Дегенмен шериф пен полицияның айырмашылығы неде? 

Алғашқы шерифтер Америкада емес, орта ғасырларда Англияда пайда болған. Ағылшын королі әр графтықтарда тәртіпті қадағалайтын арнайы қызметкерді тағайындап отырған. Бастапқы кезде оларды "shire-reeve" деп атайтын, алайда уақыт өте бұл сөзді Америка тұрғындары өз тіліне қарай ыңғайлап алған. 

Қазіргі таңда АҚШ-та бірыңғай полиция жүйесі жоқ. Әр үлкенді-кішілі қала мен қалашықтардың полиция кеңсесі бар. Бірақ бұл бертін келе құрылған жүйе. 19 ғасырға дейін Америкада полиция атымен болмаған, ал тәртіпті жергілікті тұрғындар таңдаған шерифтер қадағалаған. Шериф пен полицейді шатастырмаңыз. Екеуі бір-біріне бағынбайтын қызмет. Олардың басты айырмашылығы – жұмысқа қабылдануы. Полицияда жаңа қызметкерді бастығы тікелей қарамағына алса, шерифті жергілікті тұрғындар таңдайды. Оған қоса шерифтер тек округтерде жұмыс істейді. 

Бүгінде шерифтер полиция басқармасы жоқ елдімекендерде қызмет етеді. Олар жол тәртібін бақылау, нашақорлықпен күрес, жеңіл және орта деңгейлі тәртіп бұзушылықтарды тергеумен айналысады. Жұмыстың қауіптілігіне қарамастан шериф болғысы келетіндер көп. Өйткені АҚШ-та шерифтер орта есеппен жылына 80-100 мың доллар жалақы алады. Дегемен кез келген адам тәртіп сақшысы бола алмайды. Тек полицияда істеген, заңгер мамандығында не полиция академиясында оқығандар ғана өз кандидатурасын ұсынады. Ал одан кейін шерифті округ тұрғындары дауыс беру арқылы сайлайды. 

Ал полция болса "полиция жақын жерде" принципіне сүйенеді. Оның мәні – полиция қажет болған жағдайда келеді. Шартты түрде мұндай үш орын бар: қауіпсіз орын – мұндай жерде полицияның жүруі қажет емес, ол тек керек болған жағдайда келеді; екіншісі – ішінара қауіпсіздік, адамдар көп жиналатын уақытта, яғни белгілі бір уақытта полиция қажет болады; үшіншісі –қауіпсіз орындар, мұндай орындарда полиция үнемі жүруі керек. Министрлік кейін елдімекендердегі аса криминал учаскелерде полициялардың патрульдеу маршрутына өзгеріс енгізу үшін талдау жүргізеді.

А. Рысдәулет