Амбассадор деген кім?

Амбассадор деген кім?
Фото: Aquent

Бұл терминді теледидар көргенде немесе радио тыңдағанда есітіп, болмаса жаңалық оқығанда көзіңіз шалып қалған кездер болған шығар. Адамға қатысты, қызметіне қатысты айтылатынын тұспалдасақ та нақты қандай маман екеніне, қандай қызмет жасайтынына мән бермейтініміз бар.

Амбассадор - ұйым немесе компанияның өнімін жарнамалап, танымал ететін адам. Бір сөйлеммен осылай-ақ таныстыруға болады. Бірақ бұл бастапқы түсінік қана.

Амбассадор бола салу оңай шаруа емес. Ол үшін танымал, өзіндік аудитория қалыптастырған тұлға болудың маңызы жоғары. Кез келген компанияның амбассадор маманды таңдауда өзіндік талаптары бар. Сол талаптарға сай тұлға да іздейді.

Қарапайым тілмен тағы бір түсіндірер болсақ, амбассадор деген компанияның ресми өкілі әрі беткеұстары. Ол брендтің танымалдылығын арттыру жолында жұмыс жасайды. Конференцияларға қатысып, жаңа өнімнің артықшылықтарын хабарлайды. Сондай-ақ өзі де сол бренд өнімдерін тұтынады. Өнімді бағалап, оны жарнамалайды. Түрлі суреттер мен арнайы бейнероликтеріне түседі.

Ертеректе амбассадор тұлғаны ең танымал компаниялар ғана керек санайтын. Қазіргі таңда ортаңқол ұйымдар да мұндай маман қажет екенін ұғына бастады. Олардың таңдауы танымал тұлғалар, белгілі блогерлер, компания брендін белсенді тұтынатын жандарға түсіп келеді.   

Амбассадор маманның қажеттілігі - маркетингтік бір жол. Осы арқылы компания имиджі артып, бренд ретінде қалыптасады. Бастысы сұраныс артады.

Амбассадорды кейде бренд-амбассадор деп те атайды. Мұндай маман болу үшін қандай қабілет пен танымалдылыққа ие болу болу керек? Айта отырайық.

- Белгілі бір ортада танымал болу керек;

- Компания шығаратын өнімдерді тұтыну керек;

- Шешен әрі импровизаторлық қабілетің жоғары болуы қажет;

- Сырт келбетің келісті болуы керек;

- Жарнама жасайтын өнім жайлы толық білу маңызды;

- Түрлі идеялар ұсына да білу қажет;

- Тез тіл табыса білу керек;

- Маркетинг пен түрлі презентациялар жасаудан хабардар болу маңызды;

- Бір емес, бірнеше тіл білу аса қажет;

Амбассадор компания жұмысымен тікелей айналысады. Шақырған баспасөз жиындарына қатысып, түрлі елдер мен қалаларда брендті таныту мақсатында сапарға аттанады. Әлеуметтік желілері арқылы брендті әйгілей түседі.

Бұл маман осы жұмысы арқылы компания жайлы қоғамдық көзқарас қалыптастырады. Бір сөзбен айтқанда компанияның немесе ұйымның тірі танымбелгісіне (логотип) айналады.

Амбассадор болу - үлкен жауапкершілікті жүктейді. Халықтың назары да осы жанда болады. Сондықтан түрлі дау-дамайлардан алыс жүргені маңызды. Себебі оның ісі компания абыройына да тікелей әсер етеді.

Компания амбассадор тұлғалармен арнайы келісімшарт жасасады. Мұның маңызы аса жоғары. Кей құпияларды жария етпеуі керек. Сондай-ақ "өзге брендтерді тұтынбауы тиіс" деген талап болатыны да рас. Қос тарап бір-біріне қоятын талаптары мен ережелерін алдын ала бекітіп алады.

Танымал Jaguar автомобиль компаниясының амбассадоры британдық актер Бенедикт Камбербэтч. Ол компанияның жарнамаларына түсіп, көліктерін мініп жүр. Adidas компаниясы болса әр кезеңде Дэвид Бекхэм, Поль Погба, Лионель Месси сынды танымал футболшылармен жұмыс жасап келеді. Амбассадорлар ең көп уақытқа көбіне футболшылар арасында таңдалады.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан футбол федерациясы да 11 адамнан құралған отандық эстрада, кино және телевизия жұлдыздарымен мемарандумға қол қойған болатын. Олар "Ұлттар лигасы" кезінде ойындар жайлы хабарлап, амбассадор мамандар болған еді.

Ө. Сансызбай