Өтірік айтқанын жазуына қарап тануға болады

Өтірік айтқанын жазуына қарап тануға болады
Фото: obozrevatel.com

Өнертапқыштардың да ойлап таппайтын, ғалымдардың да зерттемейтін тақырыбы жоқ. Жақында британиялық зерттеушілер адамның өтірік айтқанын жазуына қарап анықтайтын бағдарлама жасап шығарыпты.

Ерекше бағдарлама Кардифф университеті ғылыми қызметкерлерінің еңбегі негізінде жасалған. Оған VeriPol деген атау берілген. Адамның өтірік айтқан немесе айтпағанын анықтау үшін оның өз қолымен жазған жазбасы қажет. Оның көшірмесі бағдарламаға жүктеледі. Ары қарай анық-қанығы анықталады. 

Жасанды сана жыл санап дамып келеді. Егер британдық зерттеушілердің өнертабысы жоғары бағаланса, келешекте кәсіби полиграфтарды алмастырып қалуы да ғажап емес. Тіпті испаниялық полицейлер арнайы бағдарламаны тәжірибе жүзінде пайдалануды бастап та кетіпті.

Түрлі мекемелерде бағдарламаны тәжірибе жүзінде пайдаланып көру жайы қарастырылуда екен. Егер расымен құқық қорғау жүйесіне айтарлықтай пайдасын тигізіп жатса, зерттеушілердің өнертабысы зор жаңалық болмақ.

Н. Үсенова