Адамдар неліктен жеке өмірін әлеуметтік желіге жариялауға құмар?

Адамдар неліктен жеке өмірін әлеуметтік желіге жариялауға құмар?
Фото: vk.com

Бұл тақырып бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Олай дейтін себебіміз, қазір әлеуметтік желіде тіркелмеген адам аз. Мәселен, сіздің 5 танысыңыздың (досыңыз, туысыңыз) кемінде үшеуі әйтеуір бір желіде (вконтакте, фэйсбук, инстаграм, твиттер т.б.) парақшасы бар. 

Егер әлеуметтік желілер оқыған кітаптарыңыз бен көрген-білгеніңіз, қызметтегі өсу мен жеке тұлғалық өсу жайлы және өз өніміңізді жарнамалау немесе тағы сол секілді пайдалы нәрселерге толы болса жақсы. Алайда, кейбір адамдар оған беріліп, яғни виртуалды достармен сөйлесіп жүріп, шынайы өмірдегі достарынан айырылып жатады. 

Жеке өмірді жариялау қажет пе, жоқ па? 

Әрине, кез келген мәселенің екі жағы бар. Әлеуметтік желі де сол секілді. Көп жағдайда біздер елге белгілі танымал тұлғалардан үлгі алатынымыз бар. Бес саусақ бірдей емес екені белгілі. Осы секілді адамдар да әртүрлі. Табысқа жеткен танымал тұлғалар өз жеке өмірлерін мүлде жарияламайды. Олар мүмкіндігінше оны жабық түрде ұстайды. Ия, олардан небір журналистер сұхбат алады, радиоға, телебағдарламаларға шақырады. Бірақ олар әр бұрыштан «Маған қараңдар, мен де осы өмірде бармын» деп жалпақ жұртқа жар салмайды. Жеке отбасылық өмірлерін бөтен көздерден қорғауға тырысады. Сол себепті де олардың жеке өмірінде көп мәселе туындамайды. 

Өзінің сүйіктісімен түскен суреттерін жиі жариялағандар көбінесе жалғыздықта қалып жатады. Барлығы болмаса да мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Ал, керісінше, өз бақытын өзге бөтен сұқ көздерден жасырған жұптар ұзақ жыл бақытты ғұмыр кешіп, бала-шағасымен тату-тәтті өмір сүреді. Осы тұста бір нәрсені айту керек. Негізінде табысқа, жетістікке ұмтылған жандардың уақыты да бола бермейді. Олардың виртуалды әлемде емес, шынайы әлемде атқаратын қыруар шаруалары жетерлік. 

Қымбатты оқырман! Адам шынайы өмірде қаншалықты жалғыз болса, соған сәйкес оның ғаламтор желісіндегі «достары» да көп болады деседі. Ол мұнымен жанын жеген жалғыздығынан қашу үшін виртуалды әлемнен жұбаныш іздейді. Бұған бір данагөйдің мына сөзі дәлел: «Жан дүниеңіздегі бос кеңістік үлкейген сайын, оның орнын соғұрлым үлкен шумен толтырыңыз..." 

Ал, белгілі тұлғаларды қайда қоямыз? Олардың да көп жазылушылары бар ғой дегіңіз келді ғой. Оған былай жауап берейік. Сіз айтқандай оларда көп жазылушылар ғана бар, «достар» емес. Олар нағыз достықтың құнын біледі. Танымалдықтың сыры, олар өздерін емес, өз өнімдерін (өнерін, оның ішінде: фильмдер, кітаптар, қандай да бір технологиялар, т.б.) жарнамалайды. Бұл басқа нәрсе. Мұндай жағдайда әлеуметтік желілердің қажеттілігі бар. 

Көптеген елдерде дәстүр бойынша 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің суреттерін желіге салмайды, тіпті оны жақын адамдарынан басқа ешкімге көрсетпейді. Бұл жаста баланың қорғаныш қабаты әлсіз болады. Қазақта да осы дәстүр бар. Қазақ көздің сұғы дегенді ұмытпаған халық. Көз тию дегенді халқымыз қатты ұстанатынын жоққа шығара алмайсыз. Тағы бір ерекшелеп айта кететін жайт, егер жеке өмір көпшіліктің назарына түссе жеке болудан қалып, жалпылыққа ұласады. Ия, сіз бақытты, денсаулығы мықты тұлға болуыңыз керек. Сіз өмірге жайдан жай келген жоқсыз, өз мақсатыңыз бен арманыңыз бар. Жеткіңіз келген жетістікке ұмтылу арқылы көзге түсесіз. Бірақ, ұмытпаңыз, отбасы – бұл сіз бен жақындарыңызға ғана орын бар тыныштық пен бақыт мекені. Сондықтан да оны қорғаңыз. Қорғай алсаңыз, өзіңізге жақсы. 

P.S. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда әр нәрсені өз орнымен, өз жөнімен қолданған дұрыс. Әлеуметтік желі күнде кіргенмен, күнделік емес екенін ұмытпағанымыз абзал.  

Ж. Жұмағұлов