Білім күнін арнайы атап өтпейтін елдер

Білім күнін арнайы атап өтпейтін елдер
Фото: google.kz

Білім күні елімізде 1 қыркүйекте тойланады. 1984 жылдан бастап, білім күні күнтізбеде «қызылмен» белгіленіп келеді.

1 қыркүйек - әлем елдерінің барлығында бірдей білім күні ретінде тойланбайды. Көбіне кеңестік құрамда болған елдер мен Ұлыбритания, Бельгия, Израиль, Венгрия, Ирландия, Қытайда т.б. аталып өтіледі. Ал көп елдер білім күнін атаулы мереке ретінде тойламайды да.

АҚШ

АҚШ-та білім күні деген мереке жоқ. Ресми түрде арнайы күн де белгіленбеген. Көбіне оқушылар тамыз айының үшінші дүйсенбісінде мектеп табалдырығын аттайды. Сондай-ақ оқу күнін әр штаттың басшылығы әрқалай белгілейді.

Аргентина

Оңтүстік Америка құрлығында орналасқан бұл елде де білім күні ресми түрде аталып өтілмейді. Латын Америкасындағы өзге елдер (Бразилия, Коста-Рика, Уругвай) секілді, Аргентинада да оқу күздің келуімен (ақпан-наурыз) басталады.

Испания

Пиреней түбегіндегі елде оқу жылы астықтың жиналу мезгіліне байланысты белгіленеді. Сондықтан да білім күні арнайы бір күнге белгіленбеген. Көбіне оқудың басталуы – қыркүйек айының орта тұсына сәйкес келеді.

Германия

Германияда оқу жылы бірінші қыркүйекте басталмайды, дегенмен тамыздың аяғында немесе қыркүйектің басында, әйтеуір қазан айынан бұрын басталуы керек. Мектеп табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршінге «бірінші сынып қапшығы» атты дәстүрлі сый тарту етіледі.

Италия

Италияда да білім күні ресми түрде белгіленбеген. Әр аймағында әр түрлі басталады. Көбіне ауа райына байланысты болады. Елдің оңтүстігінде күн ыстық болғандықтан, оқушылар мектепке кеш барады.

Мяньма

Азияның бұл елінде білім күні ресми түрде белгіленбеген. Оқушылар мектепке қыркүйек айының екінші сәрсенбісінде барады.

Африка елдері

Қара құрлықтың көп елдерінде оқу жылы біздегідей 1 қыркүйектен басталады. Ал Эфиопия, Нигерия, Сомали мен Алжирде оқушылар мектепке қыркүйектің алғашқы жексенбісінде барады. Сондықтан да бұл елдерде арнайы бір күн бекітілмеген.

Таяу Шығыс елдері

Таяу Шығыс елдерінің барлығы білім күнін арнайы белгілемеген. Мәселен Иранда оқу жылы парсы күнтізбесіне байланысты белгіленсе, Оман мен Сауд Арабиясында оқу қыркүйектің алғашқы аптасында басталады.

Ал сізді білім күні неліктен 1 қыркүйек күні тойланатыны қызықтырса, мына сілтемеге өтіп біле аласыздар.

Ө. Сансызбай