Массагет энциклопедиясы. Диоген

Массагет энциклопедиясы. Диоген
Фото: commons.wikimedia.org

Бұл философ тірі кезінде-ақ аңызға айналған. Қаңқу өсектер оны қалжың қаһарманы десе, енді бірі алаяққа, бірі құдайға, бірі көше кезбесіне айналдырған. Ол білімді, данышпан болуды мақсат етпеген. Бірақ философияға деген құштарлығы зор болатын.

Сократ философиялық мектептерінің бірі кинизм деп аталады. Оны осы кинизм өкілі ретінде «Аспан төбеті» деп атаған. Бұл – Диоген. Диоген б.з.д. 4 ғасырда өмір сүрген. Қазіргі Түркия елінің жанындағы Синопия жерінде бай шенеуніктің отбасында дүниеге келген. Жас кезінде заңсыз тиын соққаны үшін оны елден қуады. Ол кінәсін мойындаған. Алайда, бай әулеттен шыққан Диогенді мұндай іске итермелеген кім?

Аңыз бойынша Диоген мұны ақшаға мұқтаждықтан жасамаған. Көне грек мифологиясында Дельф сәуегейі өз заманын болжап біліп отырған екен. Диоген Дельф сәуегейіне «Немен айналыссам болады?» деп сұрап келгенде, сәуегей «Ақша соқ» деген екен. Мұны тура мағынасында түсінген Диоген шынымен заңсыз тиын соққан. Ал негізінде бұл сөздің астарында «Мемлекеттік құрылысты қайта құр» деген мән жатыр екен.

Жастайынан туған жері Синопиядан кеткен Диоген Афинаға келіп, грек ойшылы, кинизм философиясының негізін қалаушы Антисфенмен танысады. Антисфен қоғамдағы наным-сенімді елемей, заңға да, адамға да бағынбай, қаңғыбас иттер секілді бос жүру керек деп есептеген. Итті грек тілінде «кинос» деп атаған, сол үшін еркіндікті қалаған Антисфен ілімі «кинизм» деген атауға ие болған. Диоген Антисфеннің үлгілі шәкірті болған. «Өзіңде бар бола тұрып, өзгенің қиналғанын көре тұра оған жәрдемдеспеу – қателік, мейірімділіктен ешкім өлмейді» деген Диоген Афинадағы бір құлды босатып, алба-жұлба киім киіп, көшеде жүретін болған. Қыста тас баспалдақтардың, жазда құмның үстін мекен еткен. Диоген еркіндікті барынша сезінгісі келген. Тіпті, өз ұстазын «өз-өзін естимейтін керней секілді» деп сынаған. Яғни, өз айтқандарын өзі орындамайды деп сөккен.

Одан кейін Диоген Грекияны аралауға шығады. Диогенді танымайтын тұрғындар оған «қай жерден боласың?» деп сұрағанда, «мен – әлемнің азаматымын» деп, өзін ғалам тұрғыны ретінде таныстырған екен. Осылай жүрген кезінде Диоген қарақшылардың қолына түседі. Олар Диогенді коринфтік бай Ксеноидке сатады. Диогеннің білімділігіне қызыққан Ксеноид оған ұлдарын тапсырады.

Өмірінің қиын-қыстауына қарамастан ғұмырының соңына дейін құлдықта жүреді. Өзін құл ретінде сезінбеген, тіпті сезіне алмаған Диоген кинизм ілімін жалғасытырып жүреді. Бір күні бір бүлдіршіннің бұлақтан қолымен су алып ішіп жатқанын көрген Диоген сөмкесіндегі саптыаяғын лақтырып жібереді. «Адам ешнәрсеге мұқтаж емес, оған туғанда барлық жағдай жасалған» деген екен. Философ Диоген білімділігіне қарамастан көшеде өмір сүрген. Ескі бөшкені үйшік еткен. Көкте күн шығып тұрған күннің өзінде қолынан шамды тастамаған. Мұның себебін сұраған жұртқа «Адамды іздеп отырмын» деген екен. Бұл жауабына оны ақымақ деп есептеген ел «Жасың келді, неге іздене бересің?» десе, «Мәреге сәл қалды, бастаған ісімді аяқтайын, тоқтайтын емес, алға жүретін уақыт бұл» депті.

Енді бір аңызда Ескендір Зұлқарнайын жорыққа аттанбас бұрын Диогенмен кездескісі келген делінеді. Орман жанында тынығып жүрген кедей Диогенді кездестірген қолбасшы «Менен қалағаныңды сұра» деген екен. От ауызды, орақ тілді Диоген «Күннің бетін жаппашы» деп жауап қатқан екен.

Тарихи деректер бойынша, Диоген ұзақ өмір сүрген. Бар өмірін қоғамның еркіндігіне арнаған. Бар білімді еркіндікпен алу керек деген Диоген туралы ұлы қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын былай депті: «Мен Ескендір Зұлқарнайын болмағанда, Диоген болып туар едім».

Г. Берік