Массагет энциклопедиясы. Сократ

Массагет энциклопедиясы. Сократ
Фото: manliness.ru

Бұл ойшыл ғалым туралы философ Фридрих Вильгельм Ницше былай деп жазған: «Бұл мысқылшыл адам «өзім білемін деген» өзімшіл жастарды жылатса да, данышпан мылжың болатын, бірақ қанша сөзқұмар болса да, үнсіздікте де соншалықты данагөй еді». Өлім жазасына үкім шығарған сот алдында ұлы Сократ: «Мен тірі жүргенімде, философиямен шұғылдануды тоқтатпаймын» деген екен.

Көне грек ойшылы Сократ б.з.д 469 жылы Афинада мүсінші Софроникс пен Фенаретаның жанұясында дүниеге келген. Сократ туралы барлық деректер оның шәкірттері Платон мен Ксеновонттың еңбектері арқылы жеткен. Себебі, Сократтың өзі жазу білмеген екен.

Сократтың жас кезіндегі деректер өте аз кездеседі. Дегенмен Сократ 17 жасында-ақ ұлы философ Архелайдың сүйікті шәкірті болған деседі. Елінің болашағы туралы, халқын ілім-білімге шақыру туралы Архелаймен көп тілдескен. Көше бойында, зәйтүн ағашының көлеңкесінде отырып, әділдік пен адамгершілік туралы ақыл сұраған екен.

Күнделікті тұрмысына салғырт қараған Сократтың күйі қашқан кездері болған. Тіпті кей кездерде Афинаны жалаңаяқ, жыртық киіммен аралаған. Замандастары оның күйін көріп, «Егер құлға осындай өмір сүресің деп қинаса, ол бір күнге шыдамай қашып кетер еді» деген екен. Сократтың бір тәулік бойы орыннан қозғалмай тік тұрып, өз-өзін қинаған кездері болған. Бірақ, ел басына күн туғанда, нақтырақ айтқанда Пелопоннес соғысы кезінде Сократ Афина үшін аянбай шайқасқан.

Көне грек мифологиясында Дельф сәуегейі өз заманын болжап біліп отырған екен. Бірде Сократтың шәкірті Херефонт әлемдегі ұлы ойшылдың кім екенін білуге Дельф сәуегейіне барыпты. «Ешқандай күмәнің болмасын, ең ұлы ойшыл – Сократ» деген екен. Бұны естіп таңғалған Сократ бұны жоққа шығару үшін өзінен ақылды санаған, ойшыл деген барлық ұстаздармен, сопылармен сөйлескен екен. Бұл адамдармен сөйлескен кезде Сократ өзін қарапайым адам ретінде танытып, адамгершілік, батылдық, әділдік деген ұғымдардың мәнін ашып беруді сұраған. Олардың жауаптарын тыңдай келе Сократ бірнеше айлалы сұрақтар қояды. Еш мүдірмей жауап беріп отырған ойшылдар әңгіме соңында бастапқы айтқан сөздеріне өздерінің қалай қарсы шыққанын байқамай қалған екен. Ойшылдардың көзін ашқан Сократ бұл тәсілді «майевтика» деп атаған. «Майевтика» дүниеге келетін сәбиді қабылдау деген мағынаны білдіреді екен. Демек, Сократ шындықты осылай сұрақ қою арқылы айтқызып, осындай шешендік өнерді қалыптастырған. Осыдан кейін Сократ сәуегейдің айтқанын түсінген екен. Бірақ ол асқақтықты білмеген еді. Себебі, өзі туралы «Мен ештеңені білмейтінімді ғана білемін» деп айтқан.

Сократ 40 жасында 19 жастағы мінезі ауырлау Ксантиппа есімді қызға үйленген. Бірақ, Сократ мінезді әйелінің қылықтарын философиялық сабырлықпен жеңе білген. Сократ үй-жайына, бала-шағасына көп мән бермеген екен.

Сократ халықты сауатты болуға үндеген. «Әлемде тек бір ғана жақсылық өмір сүреді, ол – білім, және бір жамандық өмір сүреді, ол – надандық» деп, елді білімнің көкжиегіне шақырған. Ол Афинадағы жастарды оқытудың жүйесін құрған. Ол жастарды ата-анасы емес, ақындар мен философтар оқытуы керек деген. Дегенмен, афиналықтар оның бұл пікіріне наразылық білдірген. Балаларын бағындыра алмағандығына налып, «олардың санасын улап жатыр» деп Сократқа кінә артқан.

Ұзаққа созылған Афина-Пелопоннес соғысында афиналықтар жеңілген еді. Сол тұста қала ішінде қатал тәртіп орнаған болатын. Бұл тәртіптің басында Сократпен дәмдес болған афиналық Критий тұрды. Б.з.д. 399 жылы осы тәртіптің күшімен афиналықтар Сократқа «Жастарды теріс тәрбиелеп жатыр» деп жала жабады.

Сот алдында жетпіске келген Сократ логикалық тұжырымдармен оны жазалап емес, бағалау керектігін айтқан екен. Ашуға булыққан сот оның бұл сөзінен кейін өлім жазасына үкім шығарған. Содан соң, Сократ өз жазасын түрмеде күткен. Жанында болған жолдастарына бақытсыздық туралы, мәңгілік рух туралы көп өсиет әңгіме айтқан екен.

Бір күні Сократтың шәкірті Критон түрме басшысымен сөйлесіп, оны қашып шығуға тырысқан. Бірақ, Сократ заңның әділдігімен жүру керектігін айтып, түрмеде қалатынын айтқан.

Оған артылған өлім жазасы – циката (улы өсімдік) қосылған сусынды ішу болатын. Сократ ойланбастан уды ішкенде, жанындағы жолдастары жылаған екен. Сократ оларға қарап: «Критон, біз Асклепийге тауықты құрбан етуіміз керек!» деп, соңғы сөзін айтқан екен. Бұл сөздің астарында зор мағына жатыр еді. Көне грек мифологиясында дауа құдайы Асклепий ауырып жатқан науқасты емдеу үшін тауықты сойып, құрбандық еткен екен. Сонда Сократ бұл мифті өз сөзіне «Адамның өлімі оның жанын емдеу үшін керек» деп астарлаған екен.

Қазіргі таңда кей антикалық дәуірді зерттеушілер Сократты Платонның қиялындағы кейіпкері деп таниды. Құдды Сократты өзін таныту үшін ойдан жазған әдеби болмысы деп есептейді. Алайда, Сократтың талай ойшылдың ұстазы болғандығы туралы шындық тарихта жаңғырып қалатыны сөзсіз. Себебі ол философияның алтын діңгегін қалап кеткен еді.

Г. Берік