Түйенің өркешінде су сақтала ма?

Түйенің өркешінде су сақтала ма?

«Түйе көпке дейін су ішпей жүре алады, себебі оның өркешінде су қоры бар» дегенге балалармен қатар ересектер де сенеді. Расында түйе өркешінде су жиналмайды, оның қолданылу мақсаты мүлде бөлек. Түйе онда сусыз апталап қалай жүре алады? Мұның барлығы денесінің арнайы құрылымына байланысты.

Түйенің өркештері толығымен май жасушаларынан құралған. Майдың жоғарыда орналасуы шөлді аймақта тіршілік ету үшін өте ұтымды. Түйенің май жасушалары басқа сүтқоректілер секілді асқазанында емес, өркешінде жиналуы оны Күннің сәулесінен сақтай алады. Одан бөлек, түйелер өркештерінің көмегімен денесіндегі артық ыстықты шығарып тастайды.

Ендеше түйе судың тапшылығынан қалай айығады? Мұнда да оның өркешіндегі майлар көмекке келеді екен. Яғни дененің қажет еткен судың орнына липидтер азық ретінде қолданылады. Сол себепті шөлде бірнеше апта болып қайтқан түйенің өркештері солыңқырап қалады.

Түйенің суға қалай төзімді келуі ертеден адам баласын қызықтырған. Тек XIX ғасырға келіп, шындыққа жақын пікірлер қалыптаса бастаған. Адамдар түйе суды өркеште немесе асқазанда сақтайды деп сенген. Ал расында түйенің бүкіл денесі су қоймасы ретінде қолданылады екен.

Түйенің ағзасында ұлпалар суды сіңіріп алып, кезі келгенде ретімен қолданады. Ол үшін түйелер бір ретте 50-60 литр су ішеді. Ал үлкен нар түйелер 100 литрге дейін сіңіре алады екен. Қорда бар су кем дегенде екі аптаға дейін жетеді.

Шөлді аймақта екі аптадан көп жүрген түйе өз салмағының 25-33%-ына дейін жоғалтады. Мысалы, жолға шығар кезде 600 келі тартқан түйе қайтып оралғанда 450 келіге дейін азып кетеді.

Бір қызығы, түйенің өркешінде су сақталмайтынын адам баласы ХІХ ғасырдан бері білген болса да, көптің пікірі оған қарама-қарсы келеді. Ендеше факт нақты факт күйінде қалады. Түйе суды бүкіл денесінде сақтайды. Ал өркештері май қоры мен ыстықтан сақтану үшін қолданылады.

Сурет: dinolingo.com

Ж. Өрісбай