Жеңіс Жұманов: «Қонаевтың Алакөлге соңғы сапары»

Жеңіс Жұманов: «Қонаевтың Алакөлге соңғы сапары»
Фото: Жеңіс Жұманов мұрағатынан

Жалған дүниеде 81 жыл ғұмыр кешіп, соның 50 жылында ел басқарған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев өмірінің соңғы күндерінде ел аралап, халықтың арасында жүрді. 1993 жылдың тамызында Мұхамеджан Тынышпаевтың туғанына 115 жыл толуына байланысты тарихшы-ғалымның туған өңірі Алматы облысы, Сарқан ауданында салтанатты жиын өтті. Димаш Ахметұлы Алматыдан осы жиынға аттанды. Шара аяқталғаннан кейін ол кісі Алматыға емес, Сарқан ауданына көршілес жатқан айдынды Алакөлге ат басын бұруды жөн көрген. Бұл тамыздың 21-ші жұлдызы еді. Араға күн салып Димекең өзі асыққан Алакөл жағасына жетіп, айдынның бетінде қайықпен серуендеп, кешкі асқа отырарда оқыс сырқаттанып, небәрі 10-15 минут өте бұл жалғанға қош айтып кетті.

Бұл деректер Алакөл ауданының тумасы, жазушы Жеңіс Жұмановтың «Қонаевтың Алакөлге соңғы сапары» кітабынан алынды. Ол кісі Димаш Ахметұлының бұл бес күндік жалғандағы соңғы күндерінде қасында болған. Дәл осы Димекеңнің қасындағы небәрі 2 күндегі естеліктерді жазушы 2011 жылы Дінмұхаммед Қонаевтың 100 жылдығына орай кітапқа түсіріпті. Назарларыңызға осы кітаптағы негізгі оқиғалардан үзінділерді ұсынамыз.

***

«Мені түсінгеніңізге үлкен рахмет, Димаш аға. Оған бола күйінбеймін ғой, тек сізді осы жерде қарсы алып, құрмет көрсете алмағаныма өкінемін, - деймін мен де жақсы адамның орынды ақыл-кеңесіне марқая түсіп.

– Алакөл де бүкіл Қазақстан секілді өзіңіздің жеріңіз ғой. Сол өңірге жол түсіп келе қалсаңыз, құшақ жая қарсы алуға, қызмет көрсетуге дайынбыз.

– «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деп жатпай ма қазақ атамыз. Сен шақырсаң, мына тұрған Алакөлге барып қайтуға мен дайынмын әрқашан, - деп ағамыз да жадырай күлді. Осыдан соң есіне әлдене түскендей аз-кем ойланып алды да сөзін сабақтады.

– Айтпақшы, келесі аптада Сарқанд қаласында халқымыздың аяулы тұлғасы Мұхамеджан Тынышпаевтың туғанына 115 жыл толуына байланысты салтанатты жиын өткізіледі екен. Облыс басшылары мені сол салтанатқа қатысуға шақырған еді. Былай жасалық. Сен уақыт таба алсаң, басшыларыңа айтып, сонда кел. Уағда бойынша салтанат аяқталған соң екеуміз Алакөлге тартып кетелік, осыған қалай қарайсың, - дегендей жүзіме барлай қарады.

Бұған қуанғаннан басқа не амалым бар. Димекеңді Алакөлге ертіп әкеліп, көл жағасына демалдырсам дейтін көптен бергі арманымның өз-өзінен орайы келе кеткеніне төбем көкке жеткендей қуанғаным рас.

– Алакөл де өзіңіздің өлкеңіз ғой, дегенің өте орынды. Кешегі бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған, жат-жұрттықтардың табанына таптатпаған қазақ жерінің кез келген өңірі мен үшін аса қымбат әрі ерекше қастерлі екенін бұған дейін де сан мәрте дәлелдегенмін. Әзір де айтарым сол, - деген еді Димекең.

***

Қойлық қаласынан өтіп Алакөл ауданының шекарасына жақындағанда бізді аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Әлмен Аханов пен аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Жортуыл Өмірзақов қарсы алды. Өзімізді қарсы алған азаматтарды көрген соң мен машина жүргізушісі Сашаға «тоқта» деп белгі бердім де, Димекеңе бұрылып: «Аға, бізді ауыл азаматтары күтіп тұр екен. Сәл аялдасақ қайтеді?» дедім. Басын изеген Димекең келіскен сыңай танытты. Содан тосып алған жігіттермен аз-кем дидарласып, аяғымызды жазған соң қайтадан машинаға отырдық та, Алматы-Өскемен трассасының бойындағы өзім басқаратын «Қызылащы» совхозына қарай сапарымызды жалғастырдық.

Келсек ауылдың үлкен-кіші, еркек-әйелі, бала-шағасы тайлы-таяғы қалмай көшеге шыққан екен. Қолын алу былай тұрсын, дидарын көрудің өзі арман болған азаматымыздың келетінін естіген ауыл жұрты бірінен-бірі құлақтанған ба, әйтеуір бүкіл жол бойына қаптап жиналыпты. Машинадан түскеніміз сол, ауылдың ақсақалдары бастаған халық лап етіп Димекеңе қарай ұмтылды да, дәл бір пайғамбарды көргендей кенет қалт тоқтаған күйі ілтипат көрсете тізерлеп отыра кетті. Димекең де мұндайды күтпесе керек, сасқалақтап біз жаққа бір-жар рет қарап алды да, алдына келіп тізе бүккен қарияның қасына барып: «Ақсақал, бұныңыз болмайды. Тұрыңыз орныңыздан. Сіздерге мен иіліп сәлем беруге тиіспін. Өйткені халқымызда «Хан қанша қаһарлы болса да, халықтан үлкен емес» дейтін мақал бар. Кәне тұрыңыздар!» деп тізерлеп отырған бір-жар қарияны қолтықтарынан демей орнынан тұрғызды. Осыдан соң өзіне риясыз көңілмен қошемет көрсеткен жұртпен қолдаса амандасып, жақын тұрған ауыл ақсақалдарын құшағына қыса есендесті. Әрқайсысының денсаулығын сұрап, бала-шағаларының амандығына, елдің есендігіне ақ тілегін білдіріп жатты.

Д.А.Қонаев алакөлдік азаматтар ортасында

Сонадай жердегі мешітті көрген Димекең елмен емен-жарқын есендесіп болған соң соған баруға ниеті ауғанын білдірді. Зекен молдасы бастаған қариялар қаумалай Димекеңді ортаға алып, Құдай үйінде аруақтарға арнап дұға оқыды да, бет сипап болған соң сыртқа шықты.

Кезінде облысты басқарған Көбес Ақылбаев та дәл осы кезде келіп Димекеңе сәлем берді. Аяулы ағамызбен бұрыннан таныс Көбес ағамыздың денсаулығын, басқа да жағдайларды сұрастырып, ескі таныстарша емен-жарқын әңгімелесті.

Мешіттен шыққан соң біздің үйге бас сұғып, Зайра дайындаған тағамнан ауыз тидік. Бір байқағаным, тағамдарын қасындағы дәрігері Ахат тексеріп салып берген соң ғана ауыз тиіп, аса құныға жемейтін сыңай танытты. Ұсынған қымызға бал қосып ішетінін бұрын да бір-жар рет көрген едім, бұл жолы да сол әдетінен танбады.

***

Сонау Сарқанттан бері жолсоқты болып шаршаған Димекеңді демалту қажет екендігін ұғындық та, кешкі сағат жетілер мөлшерінде дастархан басынан тұрып Үшарал қаласына қарай бет түзедік. Тентек өзенінің жағасындағы кезінде аудандық партия комитеті сыйлы қонақтарға арнап салған үйге келіп ат басын тіредік.

***

Жолсоқты болып қажығаны, шаршағаны жүзінен білінгендіктен біз енді Димекеңді одан әрі мазалауды жөн көрмей, ертеңгі азанда сағат нешеде келетіндігімізді, бұдан кейінгі таныстыратын жерлерімізді, жалпы алғанда Димекеңнің өзі мен қасына ерген азаматтарды демалтуға қандай қам жасап жатқанымызды баяндап болған соң, үлкен кісінің қасында болып, жағдайына қарассын деген ниетпен ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлмен Ахановты осы саяжайға қалдырып, өзіміз ертеңгі жұмыстарды реттей беру үшін аудан орталығына бет түзегенбіз...

Сонымен Димаш ағамыздың дидарын көріп, жандүниемізге бір серпіліс біткендей жадырап қуаттанған күйі ауылға беттеп келе жатқанда мен ол кісінің күні бүгінге дейін айтқан талай әңгімелерін іштей ой елегінен өткізіп, кесек тұлғаның тек басшылар арасында ғана емес, республика төңірегіндегі әртүрлі қызметтер атқарған азаматтар арасындағы беделін, солардың берген бағасын тағы да тұжырымдаумен болдым.

***

Расында да ол кезде Мәскеудің тапсырмасы арқылы тырнақ астынан кір іздеуге тырысқан тергеушілер басқаларды айтпағанның өзінде Димекеңе де жала жабуға, мүмкіндігі келсе оны түрмеге қамауға, сөйтіп қазақ халқын тағы бір рет жуасытып алуға барынша күш салғаны көзі қарақты біздерге белгілі болатын. Оқырмандарға түсінікті болу үшін Димаш Ахметұлын Мәскеуден келген тергеушілердің қалай қыспаққа алғаны жайында бұған дейін жарық көрген өзімнің «Қойнауы тарих қасиетті өлке» дейтін кітабымда жазылған жайларды тағы да келтіре кетуді жөн санадым.

М.Горбачев пен Г.Колбин желтоқсандағы қателіктерін Димекеңе жабу үшін небір әрекеттерге барады. Соның бірі жоғарыда аты аталған москвалық генерал Калиниченконың жүргізген тергеулері. Ол Қонаевтан үш рет жауап алады. Алғашында: «Димаш Ахметович Қазақстан Компартиясының бюро мүшелері сіздің 70 жылдығыңызға жапон теледидарын сыйға тартыпты. Ондай құнды заттың көпшілік сауда орнына түспейтінін білетін шығарсыз. Арнайы тапсырыспен алынғандықтан құны 22 мың сомға жетіпті. Бұл заңды аса көп мөлшердегі параға жатады. Бұған осындағы сауда және қаржы министрлігінің берген анықтамалары дәлел» деп екі министрліктің мөрі басылған құжаттарды алдына қояды. Сонда Димекең: «Бюро мүшелері маған мұның құны 2 мың сом, өз қаражатымызға сатып алдық деген еді», - дейді. Калининченко қулана жымиып: «Оларға бекер сенгенсіз, мемлекеттің ақшасына алынған мүлік. Сіз оны талан-таражға салуға жол бергенсіз. Осы екі айыппен үстіңізден қылмыстық іс қозғағалы отырмыз. Енді маған теледидарды көрсетіңіз. Дәлел ретінде іске тіркеуіміз керек» дейді қатқыл үнмен. Бұған Димаш ағамыз келісіп, өзінің волгасына отырып, Орталық Комитетке бет түзейді. Екеуі жоғары қабаттағы Колбиннің кабинетіне көтеріледі. Кірген бойда ол Калиниченкоға: «Қиналмасаңыз анау сол жақ бұрыштағы қабырғалық шкафтың есігін ашыңыз» деп қолымен нұсқайды. Ол барып ашып, арғы жағынан теледидарды көріп, не айтарын білмей сазарып тұрып қалады. «Теледидардың үйіңізде емес мұнда тұрғаны айыбыңызды жоққа шығарады, кешіріңіз» деп әлденеден қысылды ма, өңі қызарып кетеді. Оның мән-жайы кейін анықталады. Калиниченко мырза сауда және қаржы министрліктерінің қызметкерлерін қысып, теледидардың құнын қолдан көбейткізіп жаздырған көрінеді.

Тергеуші екінші рет шақырғанда: «Сіз шет елдерде іссапарда болдыңыз ба?» деп сұрайды. Димекең бірқатар елдерде делегация басқарып барғандығын айтады. «Ол елдердің басшыларынан сыйлықтар алып па едіңіз?» деп қаузай түседі. Димаш ағамыз: «Естелік болсын деген соң беттерін қайтарған жоқпын» дейді. Тергеуші сұрағын ары қарай жаудырып, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті оған Араб, Еуропа, Шығыс елдерінің басшылары сыйға тартқан аңшы мылтықтары мен қылыштардың және басқа заттардың тізімін бергенін айтып: «Сіз шет елдік сапарларыңызда жалпы құны 107 мың сомның парасын алғансыз, бұл үстіңізден қылмыстық іс қозғауға толық жетеді. Енді соларды көріп, мына тізім бойынша түгендеуіміз керек» деп өткен жолғыдай қулана жымияды. Димекең бұған келісіп, көлік шақыртып, орталық мұражайға тартады. Мұндағы «Қонаевқа сыйға тартылған бағалы заттар» деген бөлімдегі қабырғаға ілінген қару-жарақтар мен асыл заттарды көрген Калининченко үн-түнсіз тұрып қалады. Содан кейін: «Димаш Ахметович, кешіріңіз, мен тағы да мүлт кеттім, білем» деп ыржияды.

Үшінші рет тергеуші тергеуін Қонаевтың үйінде жүргізеді. «Сіз Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигісіз. 25 жылдан бері ай сайын академиядан 750 сом қосымша айлық алып тұрыпсыз. Біздің есебіміз бойынша оның жалпы мөлшері 200 мыңнан асады. Сол ақшаны қайда жұмсадыңыз? Салдырған саяжайыңызды, үйіңізді, машинаңызды көрсетіңіз» дейді. Олар №3 балалар үйіне барады. Аталмыш мекеменің есепшісі 25 жылдан бері Димекеңнің атынан ай сайын 750 сомның есеп-шоттарына түсіп тұрғанын дәлелдейтін түбіртектерді алдына қойғанда Калининченконың көзі шарасынан шығып кете жаздайды. Екі қолын көтеріп «Димаш Ахметович, сіз мені жеңдіңіз. Мен енді сізді мазаламаймын» дейді.

Міне көріп отырғанымыздай, әпербақан саясаттың салдарынан барлық пәле-жалаға душар бола жаздаған Димекең өзінің сұңғылалығы, тазалығы арқылы осындай «қылмыстардан» шаң жұқтырмай құтылған еді.

***

Сонымен ертеңгі атқарылатын жұмыстардың барысын қасымда жүрген Жортуыл Өмірзақов екеуіміз тағы бір пысықтап алған соң, таң бозынан Димекеңдер демалып жатқан саяжайға келіп ат басын тіредік.

Ертеңгі тамаққа отырған соң Димекең өзі сөз бастап:

– Ал, Жеңіс, Әлмен, Алакөлді көріп қайтпаймыз ба? - деді. Мен: «Аға, мүмкіндігіңіз болса, аудан ақсақалдары сізбен диддарласамыз ба деп Үшаралда тағатсыздана тосып отыр. Бұған қалай қарайсыз?» - дедім.

Димекең әдеттегі сабырлы қалыппен: «Болады, барайық, жүздесейік қариялармен. Бірақ аса көпке созбайық, Алакөлге тарталық», - деген-ді.

Осыдан кейін біз көп кешікпей Үшарал қаласындағы «Шапағат» ардагерлер үйіне келдік. Ауданның сыйлы ақсақалдары тосып отырған-ды.

Д.А.Қонаевтың Алакөл ақсақалдарымен соңғы дидарласуы

Тағы да кездесулер. Қариялар жиналып суретке түсті. Әсерлі дидарласулар бейнетаспаға басылды. Ақсақалдың қолтаңбасын алуға асыққан жұрт та аз емес. «Өтті дәурен осылай» атты Димекеңнің ғұмырнамалық кітабына қолтаңбасын мен де түсіріп алып қалдым. Сол ретте: «Осы кітабымды қайта өңдедім, бұйырса биыл баспадан тағы шығуы керек», - деген сөзі қазір есіме түсіп отыр.

***

Осылайша аудан ақсақалдарының ниет-тілегін қабыл алып, баршасымен дидарластырып болғаннан кейін Димекең өзінің сағынып келген Алакөлді көруге асығып отырған сыңайын байқатты. Сондықтан да уақыт оздыра бермей ағамызды қасиетті көлге жеткізуге ниетіміз ауды.

Көпшіліктен рұқсат алып, сағат 11-ден асқанда «13-ші разьезге» бет алдық. Алда – Димекең, Ахат, жүргізуші Саша және мен төртеуіміз. Соңынан Жәкен Өмірзақов, Мұхаметбай Мыңбаев ақсақал мен Әлмен Аханов еріп отырды. Әңгімеден әңгіме тудырған күйі Ақши ауылының іргесінде жатқан көл жағасына да келіп жеттік. Димаш Ахметұлы күйреп бұзылған ғимаратты нұсқай тұрып, оның да тарихына қысқаша тоқталған еді. Сөйтсек, Алакөл көлінен өндірілетін балыққа қоса сонау Прибалтика елдерінен жеткізіліп ысталатын, өнім шығаратын «Балықшы» балық зауытының салынуына да кезінде Димекеңнің өзі араласқан көрінеді.

– Осы балық зауытын салғызар кезде мен Ленинградтан арнайы мамандар шақыртып, соларға экономикалық талдаулар жасату арқылы осы өндіріс орнының ірге көтеруіне қол ұшын созған едім, - деген болатын Димекең. – Сонау 80-жылдардың басында жұмыс сапармен Алакөл ауданына келгенімде сол тұстағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Азат Машуровтың өтініші бойынша Үшарал селосына да қала статусын беруге келісім жасағанбыз.

Д.А.Қонаев Алакөл ауданына келіп, Үшаралға қала атағын берген кезде

***

Қайыққа мінгізіп, біраз серуендеткен соң көңілі көтеріле жайдарылай күлген Димекең әр жер, әр жерде ұшып-қонып жүрген қаз-үйректерді, өзге де жабайы құстарды тамашалап отырды да: «Әттең, осындайда қасымда Олжастың болмағанын қарашы. Екеулеп мына көл тағыларын атып, біраз көңіл көтерер едік» дегенді де айтып қалды.

***

Осылайша, қайықпен серуендеп біраз қыдырыстап болғаннан кейін жағаға да жақындадық. Үйде қалған азаматтар ауқат әзірлеп, бізді күтіп тұр екен. Содан баршамызды дастархан басына шақырды.

Үйге енген соң қол жуып дастарханға жайғастық. Төрдегі орынды Димекеңе арнап қойған болатынбыз. Бәріміз жапырыла шегіншектеген күйі Димекеңе жол сілтеп, алға оздыра беріп едік, сұңғыла адам емес пе, тағы бір тосын мінез танытты.

– Жігіттер, кешелі бері маған құрмет көрсетіп жатырсыңдар. Оларыңа үлкен рахмет. Осы пейілдеріңе тамақ ішпей-ақ тойып тұрғандаймын. Сендерге айтатын бір өтінішім бар. Мені ақсақал ретінде алға озғызып, төрге отырғызбақ ниеттеріңе рахмет айта отырып, бір ұсынысымды жерге тастамассыңдар деп ойлаймын. Кешелі бері Мұхаметбай екеуміз біраз сырласып, дидарластық. Байқаймын, осы ауданның аса сыйлы ақсақалы екен бұл кісі. Сондықтан да, ренжімесеңдер, мына төрге Мұхаметбай Мыңбаев ақсақал отырсын деген ұсыныс айтпақпын, - деп қоярда-қоймай Мұхаңды төрге оздырды да, өзі соның қасына жайғасты. Оң жағына дәрігері Ахат Мүліков, қарсы бетке келіп мен отырдым.

Тамақ келгенде алдын-ала сойылып дайындалған қойдың басын Димекеңнің алдына қойып едік, ол: «Мен осы жасқа келгенше, шүкір, талай бас ұстадым. Мына Алакөлдің абыз ақсақалдарының бірі өзің екенсің, сондықтан мына басты енді сен ұста» деп әлгі табақты Мұхаңа қарай итермелей берді. Осылай көңілді күлкі, жарасымды әңгіме төңірегінде дастархандағы тамаққа бас қоя бастағанбыз. Байқап отырмын, ағамыздың жүзінен шаршағандық табы біліне бастады. Біраз уақыт өткен соң қалтасынан бір дәрі алып ішті. Тағы да бір үш-төрт минут уақыт өткеннен кейін орнынан апыл-тұпыл көтерілді де, өзіне арнап қойған бөлмеге қарай беттеді. Сәл іркіле артына бұрылып: «Ахат, жүр» дегенді айтып қалды. Не болғанын ұғына алмай аңырап отырып қалдық. Алдымыздағы дәмнен алуға да ешқайсымыздың дәрменіміз жетпеді. Тағы да екі-үш минут өткен кезде есікті ашып бізге қараған Ахат: «Саша» деп машина жүргізушісі әрі күзетшісін шақырды. Есікке таман отырған ол лып етіп орнынан көтерілді де, бөлмеге кіріп кетті. Содан үн-түнсіз, не болғанын ұқпай біз отырмыз. Он-он бес минут өткенде бет-әлпеті сұрлана бозарған, еңкілдеп еңірей жылаған Ахат Мүліков біз отырған бөлмеге шықты.

– Ағамыздан айырылып қалдым, мен бе мен, мен... – деп басқа сөз айтуға дәрмені жетпей жылай берді.

Ахат пен Сашаны жұбатқандай құшақтай арқасынан қаққан біздер аңырған күйі отыра беруге болмайтынын ұқтық та, дәрігерінен рұқсат сұрап, Димекең жатқан бөлмеге бас сұқтық. Кәріліктің таңбасы жүзіне де із салған ағамыздың көзі жұмулы бетіне қарап бәріміз де үнсіз тұрып қалдық. Әлгінде ғана салиқалы әңгіме айтып, баршамызды емен-жарқын күлдіріп отырған алып адамның алып жүрегі мәңгілік тоқтады дегенге ешқайсымыздың сенгіміз келмеді. Дастарханға жайғасар басында бозара сұрланған жүзі шалқасынан жатқан кезінде нұрланып кеткендей көрінді. Арысымыздан, ағамыздан айырылып қалғанымызды түсінген соң бәріміздің де жанарымызға жас үйіріліп, жүрегіміз жылай, қайғыға баттық. Бұл 1993 жылғы 22 тамыздың күн кешкіре бастаған мезгілі еді. Осылайша қошеметтеп, ел-жұртпен таныстыруға ертіп келген ағамыздан кешкі сағат 7-ден 15 минут өткенде айырылып қала бердік.

Содан жан-жаққа хабар айтуға, Димекеңді бұл жерде жатқыза беруге болмайтынын түсініп, Алматыға жеткізудің қамына кірістік. Сүйегін алып мен де Алматыға бірге барсам деген ниетімді дәрігері Ахатқа айтып көріп едім, мені үнсіз тыңдап болған соң сөз қатпай біраз тұрған ол жағдайды бағамдады да, әйтеуір: «Жаке, сіздің бармағаныңыз жөн болатын шығар. Ол жердегі адамдардың қалай қабылдайтынын кім білсін. Сондықтан менің ақылымды алсаңыз, Димекеңді ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін шаңырағына келіп бата жасатып қайтарсыз» деген тоқтау сөз айтты. Амал жоқ, Димекеңді Алматыға шығарып салып, ел болып еңіреп қала бердік...

Димаш Ахметұлы жайында бұдан басқа да толғап айтарлық, толғана тілге тиек етерлік естеліктер аз емес. Мен бұл кітапта сол өзім араласқан тұстағы соңғы төрт-бес жылда естігендерімді, көңілге түйгендерім мен қажет болар деп қағазға түсіріп алғандарымды саралай отырып Димаш Ахметұлының туғанына 100 жыл толуы қарсаңында аруағы риза болсын деген оймен оқырмандар назарына ұсынып отырған жайым бар. Кітапта айтылмай қалған, мен есіме түсіре алмаған олқы тұстары болса, әрине, оны Қонаев өмірін, қызметін зерттеушілер әлі де толықтыра жатар. Әзірше айтарым, дарқан ағамыздың жатқан жері жайлы, жаны жаннатта болсын!

А. Қажиев