Еске аламыз кеш неге?

Еске аламыз кеш неге?
Фото: vk.com

Қандай мереке, қандай шара болмасын өзінің уақыты келген кезде сабыла жүгіреміз. Мерекені ұйымдастыру, сценарийін жазу, әншілерді шақыру, бишілерді іздеу, сыйлық алу деген нәрселер толассыз көбейеді. Себебі дәл сол күнге дейін біз елемейміз, білмейміз. Бәрін жақындағанда, болған кезде жасауға етіміз үйреніп кеткен. Біз осы соларды еске аламыз кеш неге... 

Жеңіс күні 

Бұл күнді көзімізбен көріп, жанымызбен түсінбеген соң біз тек 9 мамыр күні тойлаймыз. Иә, Мәскеу үшін жан бергендігі болмаса, олардың бейбіт өмір үшін күрескені анық. Себебі адам ретінде олар біз үшін күресті. Бізге еске алсын, кейінгі ұрпақ ұмытпасын деп күресті. Ал біз бір күн ішінде ғана дәріптейміз, ұйымдастырамыз, артын жинастырамыз. Тіпті жыл бойында ардагерлерге барып олардың жағдайын біліп, сұхбат жасап, көмектеспейміз. Тек 9 мамыр жақындаған кезде ғана оларды іздей бастаймыз. Еске аламыз кеш неге... 

Халықаралық әйелдер күні 

Жер бетінде екі-ақ жыныс өмір сүреді: ер мен әйел. Екеуінің табиғаты екі бөлек. Соның ішінде әйел затының табиғаты өте құбылмалы және жұмбақ. Оның жауабын әлі ешкім тапқан жоқ. Ал осы әйелдер қауымына арнап 8 наурыз мерекесін таңбалап қойдық. Көктемнің алғашқы күндері, наурыз айы бәрі керемет. Бірақ тоғыз ай бойы толғатқан ананы бір-ақ күнде еске алу, сол күні ғана сыйлық жасау, өмірілік жарыңды бір күн үшін жақсы көріп, сол күні ғана сыйластық жасау, сүйіп қосылатын қызыңды бір күн үшін аялап, сол күні ғана көңіл көтеру қаншылықты әділетті болмақ? Оларға деген құрметті неге күн сайын жасамасқа? Еске аламыз кеш неге... 

Ұстаздар күні 

Тоғыз ай бойы таңнан кешке дейін қасыңнан табылып, білгенін үйретіп, білмесе тағы ізденіп, саған білгенше барын салатын ұстаздардың да тойлайтын күні біреу. Олардың қадірін бір күн ғана білеміз. Жақсы сөз айтып мақтаймыз. Қошеметтейміз. Неге күнде қошеметтемейміз, неге қадірлерін күнде түсінбейміз? Еске аламыз кеш неге... 

Балаларды қорғау күні 

Маусымның бірін асыға күтетін балалар ғана. Өйткені дәл сол күні әкесі мен шешесі жұмыстарынан босап, дәл сол күні ғана балаларын еске алады. Олармен бірге тамақтанып, олармен бірге қыдырады. Балаларын еркелетіп, сыйлықтарын алып береді. Бала ет жүрегің, бауыр ет балапаның. Ал оның тәрибесіне мән беру, оны еркелету, оған мән беру, оны қыдырту бір күннің емес, әр күннің еншісінде болу керек еді. Еске аламыз кеш неге... 

Дәл осы секілді аты аталмай, түсі түстелмей қалған мерекелер мен бір күндік шаралар қаншама? Тіпті қарапайым көше сыпырып жүрген адамдардың өзін күнде қуанту керек. Олар таңмен тұрған кезде адамдарға махаббатпен қарап ояну керек. Әйтпесе қоқысқа толы көшенің қоқысы санаға өтіп кетуі мүмкін. Жалпы бәрін «өз уақытында» демей, күн сайын шама келмесе аптасына, оған шама келмесе айына бір рет қасыңыздағы адамды қуантуға тырысу керек. 

Еске аламыз кеш неге, кешікпей тұрып еске алыңыз! 

М. Ақан