Ғалым өнегесі

Ғалым өнегесі
Фото: Автордан

2016 жылы сәуірдің 28 күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында қазақ тіл білімінде іргелі еңбектер жазып, шоқтығы биік із қалдырған профессор Хасан Кәрімұлы Мұхамбеттің 85 жылдық және профессор Айтбай Айғабылұлының 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Қазақ тіл білімі: лингвистикалық парадигмалар және лингводидактика» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Конференцияны филология және әлем тілдері факультетінің қазақ тіл білімі кафедрасы ұйымдастырды.

Конференция аясында профессор Х.Кәрімұлының 85 жылдығына арналған «Құс жолындай жосылған ғибратты ғұмыр» атты естелік кітаптың  және профессор А.Айғабылұлының бұрын жарияланбаған еңбектер жинағының тұсаукесері өткізілді.

Х.Кәрімұлының 85 жылдығына арналған «Құс жолындай жосылған ғибратты ғұмыр» атты естелік кітапта жерлестерінің, қызметтес әріптестерінің, шәкірттерінің, туған-туыстарының Хасан Кәрімовтың өмірі мен шығармашылығы туралы, профессордың ғылыми еңбектеріне талдау жасалған мақалалалар қамтылды.

Ал профессор А.Айғабылұлының бұрын жарияланбаған еңбектер жинағына «Мақсаттар» повесімен қатар қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерін қамтыған ғылыми еңбектері енген.

Қос ғалымның ғылымдағы өнегесі мен өмірі туралы әріптестері мен шәкірттері жүрек жарды тілектерін білдірді.

Хасан Кәрімұлының жары Шарипа Әлиқызы Хасан Кәрімовтің ғұмыр бойы жинап келген кітапханасын қара шаңырақ атанған білім ортасы  «Әл-Фараби» кітапханасына сыйға тартты. Кітапхана қоры 500 кітаппен толықты. Оның ішінде қазіргі күні сирек кездесетін кітаптар мен сөздіктер де бар. Қос ғалымның мол мұрасы өскелең ұрпаққа өмірлік азық болары сөзсіз.

Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары 
Н.Егізбаева, Ж.Саткенова 

Г. Берік