Иоганн Бахтың өмір жолы (жалғасы)

Иоганн Бахтың өмір жолы (жалғасы)

Басы

18 ғасырдың ғажайып композиторы Иоганн Бах туралы сұхбатымызды жалғастырамыз.

1707 жылы Бахты Мюльхаузендегі қасиетті Власия атындағы шіркеуге органшы қызметіне шақырады. Композитор осы жерде алғашқы кантаталарын жазады. Сонымен қатар, қосымша табыс көзі ретінде орган жөндеумен де айналысады. Осылайша Мюльхаузенде бір жыл өмірін өткізеді.

1708 жылы Иоганн Себастьян Бах өзінің туыс қарындасына үйленіп, отбасын құрады. Әйелі Мария Барбара да өзі секілді жетім еді. Барбарадан туған 7 баланың төртеуі ғана тірі қалып, өмірін жалғастырады. 

Осы жылы Бах Веймарға қоныс аударады. Бұл жерде біршама тұрақтаған ол өзінің композиторлық шығармашылығына шындап кіріседі. Орган мен клавесинге арнап, біршама пьеса жазып шығады. 

1717 – 1723 жылдары Бах Кетен елді мекенінде князь Леопольд Ангальт-Кетенскийдің сарайында капельмейстер болып қызмет етеді. Оның міндетіне князьдің әндерін сүйемелдеу мен 18 музыканттан тұратын капелланы басқару кірді. Өмірінің тап осы кезеңінде Иоганның өмірінде шығармашылық төңкеріс болды. Бірнеше соната, скрипка мен виолончелге арналған сиюта, алты Бранденбургтық концерт дүниеге келді.

Бахтың капельмейстер қызметіне тағайындалуының өзі қызық болды. Дрезден қаласына сол кездің әлемдік жұлдызы Маршан өнер көрсестуге келеді. Концерттің алдында екі музыкант танысып, табақтас болады. Тіпті бірігіп музыкалық композицияларды ойнап көреді. Ақыры не керек, Маршан Бахтың шеберлігін мойындап, бас иіпті. Осы оқиғадан кейін, Бахқа князь Леопольдтің көзі түскен екен.

1720 жылдың маусым айында жұбайы Мария Барбара өмірден өтеді.

1721 жылы Бах екінші рет отбасы құрады. Бұл жолы сол кездері белгілі музыканттың қызы Анна Магдалинаға үйленеді. Анна музыканттар отбасынан болғандықтан, әсерлі әуенге ерекше елітіп тұрды. Күйеуіне көмектесе жүріп, музыканттың көптеген шығармаларын қағазға түсіреді. Жалпы айтсақ, Бахтың бұл жолғы құрған отбасы біршама сәтті болды. Соның әсері болса керек, Иоганн жұбайына «Анна Магдалина Бахтың нота дәптері» атты шығармасын тарту етеді. Анна Бахқа 13 сәби сыйлайды. Топырлап туған балалардың тек алтауы ғана тірі қалады. 

1723 жылы Бах Лейпцигке кантор қызметіне ауысады. Осы уақытқа дейін танымал болып үлгерген оны қасиетті Фома атындағы шіркеудің директоры күтіп алады. Музыкант ұстаз болып, қыздар хорына тәрбие беруге кіріседі. Дегенмен, оқытушылықтың да өзіндік қиындықтары бары белгілі. Оның үстіне балалардың музыкалық дарыны да мәз емес еді. Осының барлығы музыкантты шығармашылықтан аздап алыстатты. Дегенмен «Матфейге құштарлық», «Иоанға құштарлық», «Ұлы месса», «Ұлы оратория» секілді шығармалары дүниеге келеді. 

Лейпцигте Бахтың Вильгельм Фридеман, Филипп Эммануил, Иоанн Христиан атты үш ұлы дүниеге келеді. Ұлдарының музыкаға икемдерінің жақсы болғандығын айтып өтелік. 

Бахтың музыкалары қанша әдемі болса да, шіркеу әуенімен көп ұйқаса бермейтін. Ақыры осы мәселе ашық текетіреске ұласты.

1740 жылдан кейін, Бах осы келіспеушіліктердің әсерінен жұмыстан кетпесе де, қызметіне бұрынғыдай көңіл бөлмеді. Жеке шығармашылығына бас ұрып, инструменталды музыкалар жазып, еңбектерін кітап етіп шығаруға талпынады.

1747 жылы Берлинде Фридрих екіншінің алдында өнер көрсетеді. Бұл концертті сол жақта қызмет ететін ұлы Филипп Эммануэль ұйымдастырып берген еді. Сапардан оралған соң, музыкант "Музыкалық тарту" деп ат қойып, Фридрих екіншіге шығарма арнайды. 

Өмірінің соңғы кезінде Бахтың көзінің көруі нашарлап, операцияға бекінеді. Дегенмен дәрігерлік назардың еш пайдасы тимей, Иоганның көзі тіптен көрмей қалады. Бірақ музыкаға жаны ынтық Бах шығармашылығын тоқтата қоймады. 

Ұлы композитор 1750 жылдың 28 шілдесінде дүние салады. 

Иоганн Бах. "Матфейге құштарлық"

сурет: classic-life.taba.ru