Уақыт неге тез өтеді?

Уақыт неге тез өтеді?

Есейген сайын уақыттың тезірек өтетінін байқамайтын адам жоқ. Алайда соңғы кездері айдың апталап, аптаның күндеп өтіп жатқанын айтып, алаңдаушылық білдіретіндердің қатары көбейіп келеді. Біреулер мұны дініміздегі қиямет күнінің жақындауымен байланыстырса, біреулер бүгін 24 сағат кешегі 18 сағатқа тең дейтін дәлелденбеген ғылыми «фактілерге» сүйенеді. Осыған орай, уақыттың мұншалықты тез өтуін ғылыми түрде түсіндірген бірнеше дереккөзбен танысып, пайымымызбен бөлісейік деп шештік. 

Ғылыми тұрғыда уақыт – тұрақты өлшем емес, ол тартылыс күшіне және дененің жылдамдығына байланысты ауытқуы мүмкін. Тартылыс күші неғұрлым жоғары болса, уақыт соғұрлым баяу өтеді. Мәселен, Жер беті мен оның орбитасындағы тартылыс күші әртүрлі болғандықтан ғарыш аппараттарындағы сағаттың тілі ылғи алға кетіп отырады. Физика әлемінде кеңінен танымал Қара құрдымда тартылыс күшінің жоғары болғаны сонша жарық сәулелері ол жерден шыға алмай, уақыт тоқтап қалады.

Атақты физик Альберт Эйнштейн өзінің «Салыстырмалылық теориясында» кеңістік пен уақыт арасында байланыс бар екенін айтады. Кеңістіктің алға-артқа, жоғары-төмен, оңға-солға дейтін үш өлшемі болса, Эйнштейн уақытты төртінші өлшем ретінде қарастыруды ұсынады. Осылайша кеңістік-уақыттық континуум пайда болады. Егер сіз өте жоғары жылдамдықпен қозғалатын болсаңыз, сіздің кеңістік пен уақытты сезінуіңіз Жердегі адамға қарағанда басқаша болады. Жылдамдық неғұрлым жоғары болса, уақыт соғұрлым баяу өтеді. Мәселен, егер сіз ғарыш кемесінде жарық жылдамдығымен ұшсаңыз, сіздің қолыңыздағы сағатыңыздың тілі Жердегі сағатқа қарағанда өте жай қозғалады. Кемедегі бір сағат Жердегі бір күнге немесе жылға тең болуы мүмкін. Голливудтың «Интерстеллар» (2014) және «Маймылдар планетасы» (2001) фильмдерінде осы құбылысты байқауға болады.

Математикалық түсініктеме
Дегенмен, мұның бізді алаңдатқан тақырыпқа қатысы жоқ. Ғаламшарымыз немесе Күн жүйесі қаншалықта жылдам немесе баяу қозғалса да, Жер бетіндегі тіршілік иелері үшін физикалық тұрғыда уақыт бірдей өтеді. Ал өткен күндерге қарағанда бүгінгінің сағаттары минуттап өтіп жатқандай көрінсе – бұл тек қана біздің уақытты қабылдауымыз ғана.

2005 жылы Людвиг және Максимилиан атындағы Мюнхен университетінің психологтары Марк Уитман және Сандра Ленхоф 14 пен 94 жас аралығындағы 499 адамға уақыттың өтуіне қатысты сауалнама жүргізіпті. Апта, ай, тіпті жыл секілді қысқа аралықтар үшін қатысушылардың жауабы жасқа байланысты өзгермеген екен. Бәрі бірдей сағат тілі тез қозғалатынын айтқан. Алайда онжылдық секілді ұзағырақ аралықтар үшін жасы үлкендер уақыттың жылдам өтетінін жиірек айтқан. Олар балалық шақта уақыттың баяу өткендігін, алайда кейіннен жасөспірім шаққа дейін біршама үдей түсіп, ересек жаста жылдамдағанын жеткізген. 

Балалық шақта уақыттың өткенін сезінетін едік, жас келген сайын күн мен түннің өтіп жатқанын аңғармайтын болдық деп айтушылар өз елімізде де жетерлік. Бірақ бұл жердегі мәселе мынада екен. Адамның өмір ұзақтығы ең негізгі табиғи өлшемнің бірі екені белгілі. Ал жыл, апта, күн дегендер соның шартты бөліктері және олар адам жасына байланысты әртүрлі қабылданады. Мәселен, 5 жасар бала үшін 1 жыл өте көп уақыт, өйткені ол оның өмірінің 20 пайызын құрайды. Ал 50 жастағы адам үшін бір жыл түк емес, өйткені бұл оның өміріндегі уақыттың 2 пайызы ғана. Оның үстіне баланың алаңсыз өмір кешетінін, ал өзіңіздің күйбең тіршіліктің қамымен жүретініңізді тағы ескеру керек. Баланың ешқандай міндеті жоқ, ол таңнан кешке дейін ойнап, ұнатқан тағамын жеп жүре береді. Ал сіз таңның атысынан күннің батысына дейін көптеген шаруаны бітіруіңіз қажет. Істейтін шаруа тым көп болғандықтан, сізге ылғи да уақыт жетпейді. Бұл уақыттың не себепті жылдам өтетінін түсіндіретін қарапайым мысал.

Жастық шақта бәрі жаңа, қартайғанда бәрі жаман
Калифорния университетіндегі психология докторы Джеймс Бродуэй мен оның шәкірті Бритни Сандовал жас ұлғайған сайын уақыттың зымырауын келесідей түсіндіреді. Уақыттың өтуіне адамдар екі тұрғыдан баға бере алады. Егер біз оқиғаның қақ ортасында тұрсақ, біз оның уақыттық ұзақтығына перспективалық баға береміз. Ал егер оқиға өтіп кетіп, оның қанша уақытқа созылғанын кейіннен еске алсақ, біз оған ретроспективалық баға береміз. Сонымен қатар алған әсеріміз бен жасаған әрекеттеріміз де уақытты қабылдауға әсер етеді екен. Ғалымдардың айтуынша, көңіл күйіміз көтеріңкі кезде уақыт зулап шығады. Алайда біз сол кезді кейіннен еске алсақ, сол бір сәт ұзаққа созылғандай көрінеді. Яғни, перспективалық тұрғыда «қысқа» сәт ретроспективалық тұрғыда «ұзақ» болып қабылданады.

Біздің миымыз күнделікті қайталанатын дүниелерден гөрі мейлінше жаңа тәжірибені, жаңа әсерді есте сақтайды екен. Осы себепті уақытқа ретроспективалық баға беру оқиға кезінде жаңа әсерлердің қаншалықты көп болуына негізделген. Жастық шақта эмоцияға толы жаңа әсерлер өте көп болады. Күн сайын көптеген жаңа нәрселерді үйренеміз, қабілетіміз артады. Өскен сайын өміріміз күнделікті қайталанатын оқиғалаларға толы болып, миымыз оларды тіркей бермейді. Демек, жаңа тәжірибе арқылы уақытымызды әлі де болса ұзартуға болады. Мәселен, шетелге жиі шығатын адам алғашқы сапарын ешқашан ұмытпайды. Ұшаққа отырудан бастап әрбір сәт жадыда сақталып қалады. Алғашқы сапарға 20 жаста аттансаңыз да, 50 жаста аттансаңыз да сол мезет сізге ұзақтау көрінеді. Сол үшін уақытыңыздың қалай өткенін сезінгіңіз келсе, жаңа білім, қабілеттерді игеріп, бармаған жерлерге сапар шексеңіз болады.

Бұл ретте бір нәрсені есте сақтаған жөн. Алынған әсерді миға қорытуға мүмкіндік беру керек және ол үшін белгілі бір уақыт керек. Ол уақытта сіз көрген-білгеніңізді есіңізге алып, таныстарыңызбен бөлісіп, естеліктің қысқа мерзімді жадыдан ұзақ мерзімді жадыға өтуіне мүмкіндік берген абзал. Мәселен, Шенген визасын алып, екі апта ішінде Еуропаның бүкіл көрікті қалаларын аралауға бел будыңыз делік. Прага, Рим, Венеция, Амстердам, Париж, Барселона секілді сұлу да әсем қалалардың әрқайсысында бір-екі күннен болып, елге оралсаңыз не көріп, не көрмегеніңізді білмей де қалуыңыз мүмкін. Алғашқы қалаңыз Рим болса, Колизейге барып тамсанып, пиццасын жеп массатанасыз да, кейінгі қалаларда таңғалу деңгейі азая береді. Парижге ең соңғы болып барсаңыз, Эйфель мұнарасы ешқандай әсер қалдырмауы да ғажап емес. Өйткені сіз өте қысқа уақыт аралығында көптеген жаңа нәрселермен танысасыз да, миыңыз оның бәрін ұзақ мерзімді жадыға айналдырып үлгере алмайды. Бұл да уақыттың қаншалықты тез не баяу өтетініне әсер ететін фактор.

Қажеттілікті қуалаудан туған құлдық уақытты алды, бұл - шындық!
Уақыттың әрқилы өтуі жастың ұлғаюымен қатар, қоршаған ортаның өзгеруіне де байланысты. Қайнаған мегаполистен интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ шалғай ауылға барып, бір ай өмір сүрген адам уақыттың лезде баяулағанын сезеді. Уақыттың осылай құбылуын жасыңыздың өтуінен көре алмайсыз, қалаға қайта оралсаңыз бұрынғы күйге оп-оңай түсесіз. Қоршаған ортаның өзгеруі дейтініміз, қазір тіпті баланың өзі «ішім пысты, далаға шығып ойнайықшы» деуін азайтқанын көреміз. Бұл қалай болғаны? Жастардың өзі күндердің өтуін сезбесе бұл нені білдіреді?

Адам сағатты сағат, минутты минут ретінде сезінуі үшін оның миы бос болуы тиіс, яғни миға жүктеме беретін ешқандай нәрсемен айналыспауыңыз қажет. Осыдан 20-30 жыл бұрын миымыз салыстырмалы түрде бос болатын жағдай жиі болатын. Сапарға шықсаңыз, кезекте тұрсаңыз немесе бір айдан кейін болатын қызықты оқиғаны күтсеңіз уақыт өтпей кететін. Ондайда әрбір минутты санап, ішіңіз пысатын. Қазір адамның, әсіресе, қала тұрғындарының іштері оңайшылықпен пыса бермейді. Тіпті 3-4 сағаттық кезек те бізді жалықтыруы екі талай, егер қолымызда смартфон болса. 4 сағаттың бір-екеуін туыстарымыз бен достарымызға қоңырау шалып өткізсек, қалғаны Фейсбук, Инстаграм, Уатсап секілді әлеуметтік желілер мен түрлі мобильді қосымшаларға кетеді. Ешқандай пайдалы іс атқармасақ та, миымыз бос емес, тұрақты түрде ақпарат қабылдаумен болады.

Аңса Мұстафаның жасөспірімдердің әлеуметтік желімен уақыттарын жоғалтуын көрсететін суреті

Заман өзгеріп, жаһандану күшейген сайын адамның қажеттілігі еселеп артып келеді. Мәселен, қолымызда кемі 100 мың теңге тұратын ұялы телефон мен астымызда жеке көліктің болуы, жылына кемі бір рет шетелге қыдыру, аптасына бір рет кинотеатрға барып, фаст фудтан дәм тату, әр демалыс сайын пицца мен суши іздеу, туған күнді үйде емес ресторанда атап өту өміріміздің айнымас бөлігіне айналғандай. Мұның бәрі қыруар қаражатты талап етеді де, қатардағы адам ешкімнен қалмайын деп бүкіл бос уақытын сарп етіп, әлгі қажеттілікті өтеудің соңына түседі. Құдды бір есірткіге есі ауған адам секілді бола қаламыз. Ол қажеттіліктеріңізге ақша табамын деп уақытыңызды бір жұмсасаңыз, оны пайдаланамын деп екі жұмсайсыз. Телефонды удай бағаға алған соң оны пайдалану керек қой?! Бұрын осының бәрі жоқ болатын және адамдар көп ақша таппай-ақ жұрттан қалмай өмір сүре алды, миы демалатын уақыты көп болды. Мұның бәрін елімізге нарықтық жүйенің дендеп енуімен байланыстыруға болады. Жүйенің бұл түрімен қатар, қажеті жоқ нәрсені қажеттілікке айналдыратын маркетинг те келеді. Осының әсерінен «ақша тап та, сатып ал» дейтін қағида орнықты. Қазір бұл қағиданың қаймағы бұзылмаған деп мақтайтын ауылдың өзіне де кіріп кеткенін аңғарамыз. Нан жабылмайды, бақша егілмейді, шөп орылмайды – мұның бәрі сатып алынады.  Бұл жердегі мақсат нарықтық жүйені жамандау емес, тек уақыттың не себепті бұрынғыға қарағанда тез өтуін түсіндіру.

Нарықтық жүйе демекші, бір қызығы, жаппай тұтынушылық мәдениетін бізден жарты ғасыр бұрын енгізген АҚШ секілді дамыған елдерде адамдар уақыттың зулап өтуін бізден әлдеқайда бұрын аңғарғанын «Шоушенктен қашу» фильмінен көруге болады. Фильмде жас кезінде түрмеге түсіп, қартайған шағында бостандыққа шыққан Брукс есімді кейіпкердің өзінің түрмедегі достарына жазған хатында: «Мен автокөлікті жастық шағымда бір-ақ рет көргем. Қазір оның саны өте көп. Бүкіл әлем бір жаққа асығып бара жатқандай», дейтін жері бар.

Талап күшейіп, уақыт азайып келеді
Қажеттілікпен қатар адамға қойылатын талап та геометриялық прогессиямен көбейіп келеді. Бұрын әжелеріміз мектеп бітіргенде бар білгені «қосу» мен «алу», «көбейту» мен «бөлу» болса, қазіргі оқушылар жоғары математиканың негіздерін мектеп табалдырығында жүріп-ақ үйренеді. Оның үстіне бүгінгі бәсекеге төтеп беріп, білікті маман атану үшін оқушылар үш тілді меңгеруге мәжбүр. Оған би билеу, музыкалық аспапта ойнау, спортқа қатысу секілді үйірмелер мен менталды арифметика секілді дамыту курстарын қосыңыз. Осы себепті болса керек, қазір ересек адам түгіл балалардың да уақыты тапшы. Осыншалықты ауыр жүктемемен қатар, олар да смартфон пайдаланады, ойын ойнайды, әлеуметтік желіге кіреді. Таңнан түске дейін үйірме мен дамыту орталықтарына барып, түстен кешке дейін мектепте болып, кешке телефоннан бас алмайтын оқушының миы әлбетте бос болмайды.

Талаптың артуы ересектерге де қатысты. Бұрын мектептен кейінгі кәсіптік не жоғары білім зейнетке шыққанша жеткілікті болса, қазір университет қабырғасында алған біліміңіз лезде ескіріп қалып, тұрақты түрде жаңа білім жинап, жаңа қабілеттіріңізді шыңдауыңыз қажет. Бұл ағылшынша «lifelong learning» немесе өмір бойы оқу деп аталады. 20 жыл бұрын ағылшын тілін білу кез келген маманға үлкен артықшылық берді. Қазір бұл бұрынғыдай соншалықты ықпалды фактор емес. Бүгінде өз кәсібін білетін, үш тілді меңгерген адам программалау тілін білсе баға жетпес маманға айналады. Тағы да 20 жыл өткен соң код жазуды екінің бірі білуі ғажап емес. Білім мен қабілеттердің тез ескіруіне жаһандану мен соның әсерінен туған жаппай жұмыс миграциясы да қатты әсер етіп отыр. Бұрын сіз қай жерде өмір сүрсеңіз, сол жердегі мамандармен бәсекеге түсетін едіңіз. Қазір сіздің бәсекелесіңіз басқа қаладан, облыстан, көрші елден, тіпті алыстағы Үндістаннан (шартты түрде) болуы әбден мүмкін. Талабы мен жалақысы жоғары жұмыс орны болса, миллиардтан аса халықтың ішінен суырылып шыққан адам сіздің қалаңыздағы табысты жұмысты қағып әкетуі мүмкін. Егер, керісінше, сіз бәрінен озып тұрсаңыз, Үндістан болмаса да, АҚШ-қа барып Google немесе Microsoft компаниясына жұмысқа орналасып, жергілікті азаматты қапыда қалдыра аласыз. Ал мұндай деңгейдегі бәсекеге шыдап, жоғары талапқа сай болу үшін сіз ата-бабаларыңыздан бірнеше есе көп тер төгіп, уақыт жұмсайсыз. Мұның бәріне уақытыңыз жетсе жақсы, көп жағдайда жетпей ұйқыдан айырылуға тура келеді.

Интернет игіге жарағанымен, қымбат қазынаңызды ұрлайды
Интернет қолжетімді болғанға дейін ақпарат өте шектеулі болды. Естеріңізде болса, еліміз бен жаһандағы жаңалықты теледидардағы кешкі жаңалықтан бір-ақ білетін едік. Ал қандай да бір қызықты фильмнің жарнамасы өтіп, оның демалыста көрсетілетіні айтылса, қай уақытта басталатынын жаттап алып, күн санап жүретінбіз. Интернет келгелі жаңалықпен лезде танысып, оған Фейсбукте пікір білдіріп, ұнатқан киноны апта соңын күтпей-ақ, қалаған сәтіңізде көре аласыз. Google іздеу жүйесіне мазалайтын сұрағыңызды жазсаңыз, мыңдаған жауап сіздің пайдаңызға жарауға дайын тұрады. Адамзат қолында мұншалықты шексіз ақпарат бұрын-соңды болған емес. Мұндай мүмкіндікке ие болғанымызға салыстырмалы түрде көп уақыт бола қойған жоқ, сол себепті адамдар мұншалықты көп ақпараттың ішінен қажеттіні алып, қалғанын елемеуді әлі үйрене қойған жоқ. Бізге барлық ақпарат бірдей қызық және оның бәріне қымбат уақытымызды жұмсап отырамыз. Интернетке ертеңгі күннің ауа-райын білемін деп кіріп, Австралиядағы бір тайпаның өмірі туралы оқып кетеміз. Баяғыдай бірнеше сериялы фильмді күнделікті бір-бір данадан көрудің орнына, бір маусымын кешке бастап таңға дейін аяқтап жатамыз. Осының бәрі айналып келгенде бұрын иелігімізде болған бос уақытымызды алады. Қажетті мен қажетсізді бейсаналы деңгейде айыра білмегенге дейін ақпарат ағымында «адасып» жүре беруіміз ықтимал.

Шексіз ақпаратпен қатар, Интернет әлеуметтік желі мен оған деген тәуелділікті әкелді. Сәл кідіріп қалсақ, жұрт не деп жатыр екен деп Фейсбукты аша қаламыз да, 15 минут уақытымызды қалай жоқ болғанын байқамай қаламыз. Дәл осындай 15 минуттар күніне бірнеше рет қайталанады. Оның үстіне әлеуметтік желінің авторлары да адамның әлсіздігін біліп, неше түрлі айламен сізді аккаунтыңызға қайта-қайта кіргізеді. Мәселен, мобильді қосымшаңызда «қызыл» белгі тұрса, ашып көргіңіз келеді де тұрады, өйткені ол жаңалықтың пайда болғанын білдіреді. Мұны білген әлеуметтік желі алгоритмі «қызылды» орынды-орынсыз қайта-қайта жандырады.

Statista порталының мәліметінше, адамдар 2016 жылы әлеуметтік желіге орташа есеппен бір күнде 126 минут жұмсаса, 2017 жыл бұр көрсеткіш 135 минутқа жетіпті. Яғни, қатардағы интернет қолданушысы күн сайын 24 сағаттың 2 сағат 15 минутын әлеуметтік желіге жаратады. 8 сағат ұйқыға, 2 сағат тамақтану мен жуыну секілді тұрмыстық шаруаға кететінін ескерсек, адамның белсенді өмірге бар болғаны 14 сағат уақыты қалады және оның 15 пайызы күн сайын әлеуметтік желіге арналып отыр және бұл көрсеткіш жыл санап ұлғайып келеді. Әлеуметтік желідегі жаңалықтар көп болғанымен, ондағы сіздің әрекетеңіз күнделікті қайталанатындардың санатына жатады, сол себепті біз оған жұмсалған уақытты аңғармаймыз, миымыз оны жаңа тәжірибе деп тіркемейді. Нәтижесінде, әлеуметтік желіге тәуелді болып, уақытымыз тағы қысқарады.

Не істемек керек?
Интернет те, жаһандану да адамзат дамуының айнымас нышаны, сол себепті одан бас тартып, кері кете алмаймыз. Қолдан келетіні – бейімделу. Егер сізге әрдайым уақыт жетпейтін болса, күніңіздің неге кететінін түгелдей қағазға түсіріп, ненің маңызды, ненің маңызсыз екенін анықтауға болады. Қажет емес дүниелерді біртіндеп өміріңізден ысыра берген жөн. Алайда, таңнан кешке дейін пайдалы нәрсемен айналысамын деп миыңызды тоқтаусыз жұмыс істетіп қоюдан да сақ болған абзал. Бір мезет демалып, көрген-білгеніңізді қорытып, естелік жинауға мүмкіндік бергенде ғана уақытыңыз «ұлғаяды». Жаңа білім, жаңа тәжірибе де өте маңызды. Дегенмен, жаңашылдық үстемеленіп кетсе, ол да зиян. Қалай да бел ортаны ұстағанға ештеңе жетпейді.

Cонымен қатар, қаржылай тәуелсіз болсаңыз да сіздің уақытыңыз өзгелердеікінен көбірек болады. Мәселен, егер сіз үйіңізге аспаз, бала-шағаңыз бен жарыңызға жүргізуші, бауға қарайтын бағбан, жеке мәселелерді шешетін көмекші және де өзге де қызметшілерді жалдар болсаңыз, ең алдымен сіз олардың уақытын сатып аласыз. Ал өзіңіз аталған тұрмыстық шаруалардың босаған уақытты демалуға, ел аралауға немесе өзге де маңызды жұмыстарды атқаруға жұмсай аласыз.   

Үшінші жол, орта жастан асқанда кемі алты айға ауыл-аймаққа барып, сондағы тіршілікпен танысып, кітап оқып миды демалдырсаңыз перспективалық  тұрғыда уақыт баяу өтіп, ретроспективтік тұрғыда есіңізді естелікке толтырып, уақытыңызды ұлғайтасыз. Бір қарағанда бәрін тастап ауылға кету деген жауапсыз адамның тірлігіндей көрінеді және екінің бәрі қаладағы өмірін оп-оңай тастап кете алмайтыны анық. Дегенмен, уақытты сезіну сіз үшін аса маңызды болса, 70 жасқа келіп, өміріңіздің қалай өткенін байқамай қалғыңыз келмесе, амалын табуға болады.

egemen.kz

@. @assel_assanova