Магистратураға қалай түсуге болады?

Магистратураға қалай түсуге болады?

ЖОО тәмамдаған түлектердің көп бөлігі ары қарай жұмыс істегенді жөн көреді. Тек 100-ден бірі ғана магистратураға немесе екінші жоғары білім алуға талаптанады екен.

Алдымен қай мамандықтың ғылыми бағытын таңдау ойыңызда жүргенін нақтылап алғаныңыз жөн. Ағылшын, француз немесе неміс тілдерінің бірін білу сізге қойылатын ең бірінші талаптардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, шет тілдерін білуіңіз TOEFL, IELTS, DELF, DALF, DSH жәнеTCF секілді сынақ түрлерінің сертификаттарымен құпталған болуға тиіс.

Құжаттарды қабылдау өзіңіз түсуге құлшыныс білдірген университетте 1 мен 30 шілде аралығында өтетін болады. Ал емтихан 1 мен 20 тамыз аралығында болады. Және ол екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жоғарыда көрсетілген шет тілдерінің бірінен емтихан болады. Ал екінші кезеңде өзіңіз таңдаған мамандық бойынша сынақ тапсырмалары болады. Емтихан барысын құрамында кем дегенде екі ғылым докторы мен ғылым кандидаттары бар комиссия бақылайтын болады.

Нәтижесі сарапқа салынып, ұсынылған мемлекеттік гранттарға сәйкесінше емтиханнан үздік нәтиже алған студенттер қабылданады. Сонымен қатар, жоғарыда аталған шет тілдері бойынша арнайы белгіленген мөлшерге жететін балдық көрсеткіші бар сертификатыңыз болса, емтиханның бірінші кезеңінен автоматты түрде (100 балмен) өтетін боласыз. 

Магистратураға түсуге міндетті тапсырылатын құжаттар реті мынадай:

  • Университет ректорының атына өтініш жазу; 
  • Студенттің бакалавр деңгейін растайтын диплом, шет тілдері бойынша алған сетификаттардың көшірмесін нотариуспен растап алу;
  • Кадрлық тіркеу мен еңбек өтілі жайлы ақпарат беретін кітапшасы;
  • Жеке куәліктің көшірмесі;
  • Ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектері;
  • 3,5x4,5 көлемдегі 6 сурет;
  • 086-У медициналық анықтамасының формасы.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: bestvuz.ru

Ж. Өрісбай