Қабдеш Жұмаділов: "Қытайдағы ұлт-азаттық көтерілістің эпицентрі Шыңжаң аймағы еді"

Ағылшын журналисі Годфри Лайастың "Kazak exodus" (Қазақ көші) кітабы Бақытжан Бұқарбайдың жетекшілігімен қазақ, орыс тілдеріне аударылғанын жыл басында хабарлаған едік. 11 қаңтарда "Аспантау асқан үркін көш", "Великий исход казахов" кітаптарының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Жиынға жазушы Қабдеш Жұмаділов, қоғам және мемлекет қайраткері Мұрат Әуезов, актер Досхан Жолжақсынов және саясаттанушы Айдос Сарым сияқты тұлғалар қатысты. Шара барысында қатысушылардың дәл осы кітап төңірегінде айтқан кесек сөздерін ықшамдап назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Кітаптың қысқаша мазмұны

1940 жылдардың аяғында Қытай коммунистеріне қарсы күрес жүргізген қазақтар туып-өскен ата жұртты, яғни Шығыс Түркістанды тастап кетуге мәжбүр болды. Азаттық жорлында шыбын жанды бәйгеге тігіп, азапты да алыс жолға көшті бастаған қазақтар қарт Гималайдың таулы қыраттарын, өлі Такла-маканның сағыл шөлдерін басып өтіп Кашмирге жетті. Алайда, Үндістан шекарасына Шыңжаңнан шыққан қалың топтың тек аз ғана бөлігі жете алды. Үндістандағы Түркия елшілігінің қамқорлығымен қазақтар 1 жылдан кейін Түркияға көшірілді. 1954 жылы Годфри Лайас Түркияға қоныстанған қазақтармен жолығып, олардан көш барысындағы оқиғаларды сұрап, жазып алып кеткен. Осының нәтижесінде, 1956 жылы Лондон қаласынан "Kazak exodus" кітабы жарыққа шықты. Кітапта Оспан батырға қатысты да тың деректер кездеседі. Батырдың дүниеге келгенінен бастап  қайтыс болған шағына дейінгі өмірінен түрлі оқиғалар бар. Шығыс Түркістандағы қазақтардың тарихынан, күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі әдеттер мен салт-дәстүрінен сыр шертетін бұл кітаптың жарыққа шыққанына 63 жыл өтсе де, ол қазақ тіліне аударылмаған еді. Биыл кітап қайта жаңарды.

Жазушы Қабдеш Жұмаділов шығарма кейіпкерінің бірнешеуімен жүздесіп, осы оқиғаларды өз ауыздарынан естігенін айтты. Көште болған кісілердің талайы дүниеден өтіп кеткен. Алайда, көзі тірі куәгерлер бүгінде арамызда бар. Жазушы әңгіме барысында осы оқиғалар жайында, Оспан батыр мен шығарма кейіпкерлері жайлы естіген әңгімелерін жеткізді.

– Қытайдағы ұлт-азаттық көтерілістің эпицентрі Шыңжаң аймағы болды. Шығыс Түркістанда Қытай коммунистеріне қарсы күрес жүргізген – керейлер. Мен найманмын, бірақ керейлермен қатар өстім. Керейдің ішінде мергендер ерекше құрметтелетін. Оспан батыр керемет мерген кісі болған. Оспан қолға түскенде оны тергеу үшін 70 адамнан жасақталған арнайы комиссия құрылған.

Кітаптағы кейіпкерлердің мен талайын көрдім. Бірнешеуі Қазақстанға да келді. Шығармадағы басты кейіпкер Қалибек хәкімнің ұлы Хасен Өралтаймен де талай көрістім. 2008 жылы Алматыда Қалибек хәкімнің 100 жылдығына байланысты Үкіметтің қаржыландыруымен конференция ұйымдастырып, кішігірім той жасағанбыз.

Бұл кітапта кемшілік көп. Автор шығарманы біреуден есту арқылы жазады. Алайда, ол үшін ағылшынды кінәләудің түкке керегі жоқ. Қазақтың қайғыға, қасіретке толы оқиғалары ерекше әсер еткен болу керек, шығарма жазу кезінде ізденгені байқалып тұр. Ал енді бүгін бұл кітап қазақшаға аударылып отыр. Аударма деген бөлек өнер. Бақытжанға алғыс айтуымыз керек.

1930 жылдары бұлардың барлығы фамилия алған. Алтайдан шыққаннан кейін Халифа Алтай фамилиясын Алтай деп жаздырған. Хасенге "Өр Алтай" деген мағынада Өралтай деген фамилия берген. Кейбіреулер бүгінде Оралтай деп жүр. Бұл дұрыс емес. Қалибек  «өз жерімде мені бәрі хәкім дейді, хәкім болған адам едім. Менің фамилиям Хәкім болсын» дейді.

Саясаттанушы Айдос Сарым қиын қыстау заманда қазаққа жанашырлық танытқан шетелдік азаматтарды бүгінгі жастар түгілі, аға буын өкілдерінің өздері біле бермейтінін айтты. Осы мәселеге байланысты нақты ұсынысын да ортаға салды.

– Қазаққа қол ұшын берген көптеген шетелдік азаматтар бар. Кезінде Пәкістан, Араб елдерінде жүрген қазақтарды бірден Түркияға алдырып, БҰҰ деңгейінде мәселе көтеріп, бірнеше кемемен, ұшақпен 4000-5000 қазақты шекарада қарсы алып, паспорт берген Мұстафа Баяр және Аднан Мендерес деген басшылары бар. Осы кісілердің атымен Қазақстанда көше аталса, бәлкім Түркістан сияқты киелі жерлерге солардың атына берілген парк ашса деген ойымыз бар. "Кезінде қазақтың жанын аман алып қалған азамат еді" деп ел арасында насихаттасақ дұрыс болар еді.

Бұл кітапта қазақты жақсы жағынан көрсететін тың жаңалықтар бар. Мысалы, сол кездері Шыңжаңдағы қазақ мектебінде ағылшын тілін оқытты дегенді білесіздер ме? Бұл кітаптан осы жағдайды оқып, таңқалыстық.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов кітап жайында өз пікірін білдіре келе, қазіргі уақытта елімізде бір де бір қытайтану институтының жоқтығын айтты.

– Қытайда көптеген қазақ бар. Ашаршылық кезінде көбі сонда көшті, оған дейін де тұрып келе жатқан бауырларымыз бар. Олар Шығыс Түркістанды тастап, Гималай асып кету себептеріне де терең үңілу қажет. Ол жақтың қазағы, бұл жақтың қазағы деп бөлуге болмайды, біздің тағдырымыз бір. Қытайтану институты жайлы талай айттық. Қазақстанда бұндай институтты ашуымыз керек. Бұл қорғаныс үшін керек.

Жиын барысында оқырмандар тарапынан ұсыныс түсті. Шығарманың негізгі кейіпкерлерінің бірі Оспан батырдың 120 жылдығына орай "Батырға фильм түсіру жоспарланса құба құп болатын еді" деп жиын қонағы Досхан Жолжақсыновқа қолқа салды.

– Тақырыптың жақсы бір киноға сұралып тұрғаны анық. Бізде бертінде өмір сүрген Оспан тұрмақ, Алаш көсемдері жайлы, Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама жайлы кино жоқ. Жақсы фильм шығару үшін, бірінші мықты сценарий жазылу керек. Сценаристер жұмысқа кіріссе, қолдау білдіруге болады. Айтып отырған ұсынысыңызға байланысты жұмыс басталса, қаймана қазақ үшін бұл бір оң бастама болар еді.

Кітапқа байланысты негізгі әңгіме айтылғаннан кейін микрафон оқырмандарға ұсынылды. Алдыңғы қатарға жайғасқан Арыстан қажы Шәдетұлы бірінші болып сөз сөйледі. "Қара жорға" биінің насихатшысы ретінде танылған қария тақырыпқа байланысты тың мағлұматтармен бөлісті.

– Мен бұл көште болған адаммын. Ол кезде 10-нан 11-ге шыққан бала едім. Кітапта жазылған оқиғалардың анық куәгерімін. Ол оқиғаларды мен өз кітабыма да жаздым.

Годфри Лайас өз шығармасында Шығыс Түркістандағы көтерілісті басқарған Зуһа батырдың да атын атап өтеді. Басқосуға арнайы Түркиядан Қалман Қочигит есімді журналист келді. Ол дәл осы әйгілі Зуһа батырдың немересі екенін хабарлап, батырдың өмірі жайлы қысқаша айтып өтті.

– Арыстан қажы екеуіміз Зуһа батырдың немерелеріміз. Зуһаның 4 әйелден 32 баласы болған. Соның 12-і ұл. Мен 11-ұлдың баласымын. 1929 жылы Зуһаның басын алғанда менің әкем қасында болып, сол оқиғаны көзімен көрген. Ол кезде ол 5 жастағы бала еді. Апам да сол қырғында атамызбен бірге мерт болған. Зуһа батырды қолға түсіргенде қытай коммунистері оның басын кесіп алып Ертістің үстіндегі Қаракөпірге іліп қойған екен. Атамыздың басы сол көпірде 15 күн ілініп тұрған. Бұны қытайлар қазақтарға сес көрсету үшін жасаған.

Біз 1880 жылы Зайсаннан кеткенбіз. 1992 жылы арада 112 жыл өткенде қайтадан атамекенге қайтып келдік.

Жиынның соңы қолтаңба қою рәсімімен аяқталды. Годфри Лайас кітабын тұңғыш рет қазақ, орыс тіліне аударған Бақытжан Бұқарбай жиын қатысушыларына, қонақтарға алғыс айтты.

Кітап бойынша қосымша ақпаратты massaget.kz порталы дайындаған видеодан таба аласыз. Ал order.amalbooks.kz сайтында кітапқа онлайн тапсырыс беруге болады.