Тәуелсіздік жылдарындағы азалы күндер

Тәуелсіздік жылдарындағы азалы күндер
Фото: massaget.kz

Бүгін, 10 қаңтар елімізде аза тұту күні. "Террорлық актілер салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту жариялау туралы" жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қаңтарда қол қойған.

Аза тұту күнінде мемлекеттік ту төмен түсіріліп, салтанатты іс-шаралар, телеарналардағы ойын-сауық бағдарламалар тоқтатылады. Телеарна, радио және баспасөзде жарнама көрсетілмейді. Жер-жерде азаға байланысты гүл шоқтары қойылып, бір минуттық еске алу шарасы өткізіледі.

1991 жылдан бері Қазақстанда аза тұту күні осымен 11-шы рет жарияланып отыр.

►  Шахтадағы трагедия. 2006 жыл, 22 қыркүйек

Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылып, 41 адам қаза тапты, 7 адам жараланды. Жарылысқа техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болған.

►  Метан жарылысы. 2008 жыл, 14-16 қаңтар

Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі "Абай" шахтасында метан жарылып, 30 адам қаза болды, 14 адам ауыр жараланды.  14-16 қаңтарда аза тұту күндері өтті.

  Қызылағаш оқиғасы. 2010 жыл, 16 наурыз

11 наурызда Қызылағаш су қоймасындағы бөген бұзылып, жақын маңдағы Қызылағаш ауылын су шайып кетті. Салдарынан 45 адам қаза тапты, 370 үй қирап қалды. Бес күннен кейін, 16 наурызда елде жалпыұлттық аза тұту күні болды.

  Арқанкергендегі қантөгіс. 2012 жыл, 5 маусым

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 30 мамыр күні "Шығыс" аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының "Сары бөктер" заставасында 12 шекарашының, бір қорықшының мәйіті табылғанын және заставадағы "Арқанкерген" посты өртенгенін хабарлаған еді. 1 маусымда 14 шекарашы мен бір қорықшы өлгені анықталған.  5 маусым президент үкімімен ұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Қылмыс жасады деп айыпталған шекарашы Владислав Челах сол жылдың 11 желтоқсанында өмір бойы бас бостандығынан айырылды.

  Шымкенттегі ұшақ апаты. 2012 жыл, 27 желтоқсан

Желтоқсанның 25-і күні кешке Шымкент маңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің ұшағы құлап, борттағы 27 адамның бәрі қаза тапқан еді. Олардың ішінде 7 адам – экипаж мүшесі, 20-сы – шекарашы. Қаза тапқандар арасында шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те бар. 27 желтоқсан ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

  Жолаушылар ұшағының Алматыдағы апаты. 2013 жыл, 31 қаңтар

2013 жылы 29 қаңтарда Алматы маңындағы Қызылту ауылына жақын жерде Көкшетау-Алматы бағытында ұшып келе жатқан "Scat" компаниясының Challenger-200 ұшағы апатқа ұшырап, 5 экипаж мүшесі мен 16 жолаушы түгел қаза болған еді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 21 адамның құрбан болуына байланысты 31 қаңтарды қаралы күн деп жариялады.

  Ақтөбедегі терракт. 2016 жыл, 9 маусым

9 маусым – Қазақстанда Ақтөбедегі қарулы топ шабуылынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилерді ұлттық аза тұту күні. 5 маусымда Ақтөбеде радикал топ өкілдері екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Шабуыл мен атыстан барлығы 21 адам мерт болды. Олардың 13-і – шабуыл жасағандар, 8-і – бейбіт тұрғын, оның 3-і – әскерилер.

►  Bek Air ұшағының апаты. 2019 жыл, 28 желтоқсан

27 желтоқсан күні сағат 07:22-де Bek Air әуе компаниясының рейсі Алматы әуежайынан көтерілер кезде биіктікке ие бола алмай, бетон қоршауды бұзып өтіп, екі қабатты үйге соғылды. Салдарынан 12 адам қаза тапты.

► Коронавирус пандемиясы. 2020 жыл, 13 шілде

2020 жылы 8 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені коронавирус құрбандарын еске алу – жалпыұлттық аза тұту күні болды. 

Жамбылдағы жарылыс. 2021 жыл, 29 тамыз

2021 жылы 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде жарылыс болып, 13 адам қаза тапты, 98 адам жарақат алды. 

Елдегі жаппай тәртіпсіздік. 2022 жыл, 10 қаңтар

Еліміздің бірнеше аймағында болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандар саны көп болуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 10 қаңтарын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

 
Massaget