Қазақстандағы саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған мұражайлар
Фото: astana.citypass.kz

Қазақстандағы саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған мұражайлар

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қазір елімізде ашаршылықты және 1930-50 жылдары болған саяси қуғын-сүргін кезеңін зерттеу қарқын алды. Құпия мұрағаттармен тыңғылықты жұмыс басталды. Ол үшін арнайы комиссия да құрылды. Демек, осы зерттеулердің арқасында алда түрлі деректер мен тарихи фактілер алдымыздан шықпасына кім кепіл.

Ал бұл деректері орналастырып, халыққа ұсынатын жалғыз мекен – мұражай болмақ. Ендеше елімізде саяси қуғын-сүргін кезеңіне арналған қандай мұражайлар бар еді, соған тоқталып өтсек.

Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі

Шымкент қаласының Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі елдегі ашаршылық құрбандары мен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларға арнап ашылған тұңғыш мекеме. 2001 жылы 2 қарашада ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай құрылған. Бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары деп аталған.

Мұражайдың басты мақсаты – мемлекет және қоғам қайраткерлерінің және жаппай қуғын-сүргіннің құрбандары болған адамдардың құжаттары мен суреттерін жинау, таныстыру және насихаттау.

Музейдің ғимараты екі қабаттан тұрады. Басты бөлменің ортасы "Репрессия" мүсінімен экспозицияланған. Мұражайдың басты бөлімінде тікенді сыммен қоршалған Сталиннің бейнесі қойылған. Жанында қуғын-сүргінде қаза болғандардың, ГУЛАГ лагеріне айдалған жандардың фотосуреттері жинақталған. Мұны портрет галереясы деп атасақ болады. Мұнда Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев және т.б. ұлы адамдардың портреттері ілінген. 

Екінші қабатта – "Тағзым" залы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған. Онда өткен ғасырдың 30-32 жылдары атылған 2500 адамның есімі жазылған. Яғни, Қазақстанның оңтүстік өңірінің тумаларының есімі тұр. Адам аты мәрмәр тасқа жазылған. Бөлменің дизайнымен үйлестіріп, символикалық мағынаға толы құлаған жылқының мүсіні сомдалған. Бұл – қазақ халқының қасіретін, трагедиясын білдіреді.

Мұражайдың тағы бір ерекшелігі бар. Ол – кинотеатр. Бұған арнайы бөлме арналған. Оған кіріп қуғын-сүргін кезеңіне айналған деректі фильм мен басқа бейнежазбаларды көруге болады. "Алжир" деректі фильмін көргіңіз келсе, Шымкент мұражайына баруға тура келеді.

Музей қоғамдық мәдениетті қалыптасырып, тарих туралы ой-өрісті кеңейтуге үлесін қосады. Саяси тұлғалардың өмір жолымен танысуға болады. Музей қызметкерлері саяси оқиғалар мен қуғын-сүргін құрбандары жайлы түрлі дәрістер мен кездесулер өткізеді. Мәдени орынға жылына 15 мың адам келеді.

Қазір Президет Қ.Тоқаевтың "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау" туралы қаулысына мұражай қызметкерлері зерттеу мен жинастыру жұмыстарын жүргізуде. Түркістан облысы (бұрынғы ОҚО) бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандары мен жазықсыз ату жазасына кесілген азаматтардың саны 6932-ге жетті. Ақпарат нақты дерек көздерінен алынған. Зерттеу, зерделеу жұмыстары одан әрі жалғасуда.

Алматы облысының саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейі

2018 жылы Алматы облысының Талғар ауданында, Жаңалық ауылында ашылған. Музейдің негізгі атауы – "Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары" мұражайы. Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған ең үлкен әрі беделді музей – осы.

Мұражайдың Жаңалық ауылында салынуының себебі бар. Мұнда қуғын-сүргін құрбандары жерленген орын бар. 4 мың құрбан жерленген деседі. Арасында Алаш қайраткерлерінің де сүйегі жатқан көрінеді. Бұған дейін осы ауылда ескерткіш орнатылып, кейін арнайы кешен салынды.

Мұражайда қуғын-сүргін жылдары мен жазықсыз құрбан азаматтар, Алаш қайраткерлері, қыршын кеткен боздақтар жайлы деректер, экспонаттар мен ғылыми еңбектер жинақталған. Алматы облысы бойынша тұтқынға алынғандардың, соның ішінде қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталғандар ісінің көшірмелері қойылған.

Негізінен Алматы облыстық полиция департаментінің мұрағатынан алынған деректер мен "Әділет" қоғамдың ұйымының қуғын-сүргін тарихын ашуға бағытталған кітаптармен толыққан. Экспонаттармен әлі толығуда.

Музей 3 залдан тұрады. "Қазақстандағы 1916-1986 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін тарихы", "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу" ("Реквием" залы) және "Әділет" тарихи-ағартушылық қоғамы мен оның қызметіне қатысты экспонаттар залы. Мұражайдың жалпы алаңы – 635 шаршы метр.

Бірінші залда 1930-1950 жылдардағы қуғын-сүргін тарихы туралы айтылады. Алматы облысының тумасы М.Тынышпаев, І.Жансүгіров, Ж.Күдерин және басқалары туралы фото құжаттық материалдар орналасқан.

"Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу" залында жазықсыз жазаланған 4125 адамның аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылып, қабырғаларына ілінген.

Долинка саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі

Қарағанды облысының Долинка кентінде, Шахтинск қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан. 2001 жылы 30 қарашада құрылған.

Мұражай кеңес үкіметінің саяси тұтқындар қамау мен түзету үшін 1931 жылы арнайы құрған Қарағанды Лагерінің (ҚарЛаг) орнында ашылған. Дәл Қарлаг Басқармасының тарихи маңызы бар ғимаратында орналасқан. Лагерьдің орталығы дәл осында Долинка ауылы (тарихи атауы – Қоңыртөбе) болған.

Мұражайдың ауданы – 3326,6 шаршы метр. Ғимарат 3 қабаттан тұрады. "Қазақстандағы ашаршылық", "Қарлагтың қалыптасу тарихы", "Қарлагтың шаруашылық жұмыстары", "Әйелдер мен балалар", "Халықтар депортациясы" сынды экспозиция залдары бар. Олардың жалпы саны – 17.

Мұражай қорында 6000-дай экспонат бар, олардың 2000-нан астамы – Қарлаг уақытының жәдігерлері. Мұражай қоры өте құнды. Саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты құжаттар, хаттар мен фотосуреттер қойылған. Экспонаттардың арасында ҚарЛаг тұтқындары қолданған еңбек және тұрмыс құралдары, жасаған өнер туындылары бар.

Мұражайдың тағы бір ерекшелігі – тергеу изоляторы. Лагерь заманынан қалған. Карцер, ер адамдар мен әйелдердің камералары, тергеушінің кабинеті, азаптау бөлмесі тұр.

Музей ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады.

Алжир мемориалды кешені

Ақмола облысының Ақмол ауылында, Елордадан 40 шақырым жерде орналасқан. 2007 жылы 31 мамырда құрылған. Дәл Алжир лагерінің орнында ашылған.

АЛЖИР дегеніміз – отанын сатқан азаматтардың әйелдері тұтқындалған саяси лагерь. Басқаша айтқанда, Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері. 1938 жылы құрылған. Қарағанды лагеріне (ҚарЛаг) қараған. 1953 жылға дейін 18 мың әйел тұтқынға түзіп, түзетуден өткен деседі.

Қазір бұл жерде "Алжир" мемориалды-музей кешені ашылған. Кешеннің аумағында Сталин вагоны, ескерткіш мен монумент, композициялар, тақтатас, барақ, Алаш саябағы еске алу қабырғасы мен мұражай орналасқан.

Мұражай кесілген конусқа ұқсас ғимараттың ішінде. Екі қабаттан тұрады және "Алаш", "Алжир" сынды екі залдан тұрады. Ғимараттың терезесі жоқ, жарық төбесінен түседі. Мұның бәрі – символика. Қайғы-қасіретті бұғып жатқан сандық деген мағынаға саяды.

Халықтар депортациясына арналған экспозиция орналасқан. Сондай-ақ, Желтоқсан құрбандарына да арнап арнайы бұрыш ашылған.

Ал жақында "Алжир" музейінің қорына миграциялық карта тапсырылды. Онда қуғын-сүргін көрген әйелдердің жүріп өткен жолы бедерленген.

Басқа өңірлер

Қазақстанда саяси қуған-сүргін мен ашаршылық кезеңіне қатысты әлі ашылмаған деректер баршылық. Жер-жерде, өңір-өңірде жатыр. Әр өңірдің өзі жеріне қатысты тарихи деректері болатыны белгілі.

Ел өңірлерінде өлкетану, тарихи-өлкетану сынды мұражайлар бар. Сол мұражайларда да қуған-сүргін құрбандарына арналған арнайы залдар, экспонаттар мен бөлімдер орналасқан. Кейбірі атаулы күнге орай көрмелер ұйымдастырады.

Тағы бір айта кетерлігі, Алматы қаласының өзінде бұрында Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған арнайы мұражай болған. Алайда 2006 жылы жабылып қалды.

Қ. Слямбек