Сақ дәуірінде жазылған шығармалар

Сақ дәуірінде жазылған шығармалар
Фото: pixabay.com

Ежелгі түркілердің арғы ата-тегі саналатын сақтар – қазіргі Қазақстан, Орта Азия мен Шығыс Түркістан жерін заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықта мекен еткен ежелгі тайпалар. Көне грек тарихшылары сақтарды "скифтер" немесе "азиялық скифтер" деп те атаған. Ал парсылар "сақ", "сақа", "сага" деген. Ал сақтар елін "Сақстан" деп жазған екен.

Адамзат тарихында алғаш жазылған қадым заман кітаптарының бірі "Авестада" сақтар мен олардың мекенін "Түр" деп атаған. Ал Фирдоусидің әлемге танымал Шахнама атты эпопеясында сақтар елін Тұран деп сипаттаған. Қытайлар сақтардың елін Тукиу деген.

Осыдан-ақ сақтар елінің ежелгі дәуірде де өте танымал орталық мекен болғанын, түрлі өркениетке ықпалын тигізген қауым екенін түсінеміз.

Сақтардың ерлік тарихын, салт-санасын, дүниетанымын бейнелейтін дастандардың көп болғаны көне ғұламалардың кітабынан жақсы таныс. Бірақ олардың көбі сақталмаған. Ал кей дастанның тек қысқаша мазмұны ғана жеткен. Мұндай дастандардың көбі елдің сыртқы жаумен күресі, ерлік пен басқыншылыққа қарсы соғысы жайлы баяндайды.

Тұмар дастаны

Сондай дастандардың бірі – "Тұмар" дастаны. Өкініштісі, бұл дастан бүгінге жетпеген. Герадоттың "Тарих" атты көптомдық кітабында айтылған сюжет арқылы жеткен. Сақтардың киелі жерін парсы әскерінің шапқыншылығынан сақтау ерлігі жырлап жазылған. 2019 жылы шыққан "Томирис" фильмі де осы дастанның сюжетіне құрылған.

"Тұмар" дастаны – тарихи-қаһармандық дастан. Басты кейіпкері – Тұмар патшайым. Елі мен жерін жау мен дұшпаннан қорғау үшін жан аямай күрескен ержүрек әмірші. Дастанның сюжеті тарихта болған шынайы оқиғаға негізделген. Герадот бұл дастанды жыр деп емес, эпос деп атаған екен.

Герадоттың жазуынша, парсы елінің патшасы Кир біздің заманымызға дейінгі 539 жылы Вавилонды жаулап алған соң, сақ даласына жорық бастайды. Ол жорыққа қарсы тұрған қолбасшы – Тұмар патшайым болды. Сақ даласын ауыр қол бастап келген Кир патша Әмудария өзеніне көпір салдырады. Мұны естіген Тұмар патшайым Кирге былай деп хат жолдаған екен: "Кир! Сен соғыс ашпай тынбайтын сияқтысың. Мақсатың сақтар елін тонау екен. Онда былай келісейік. Сен көпір салып әуреленбей-ақ қой. Адам қанын төкпейік. Сол үшін біз тұрағымызды тастап, үш күндік жүретін жолы бар жерге көшіп кетейік. Дариядан жайбарақат өтіп, алғың келген дүние-мүліктің бәрін ал. Бірақ үш күннен кейін өз еліңе қайтып кет" деп ескертеді.

Бірақ Кир қамқоршы әміршінің келісім ұсынысын қабылдамай, сақ даласын қанға бөктіруді шешеді. Кир патша айлакерлікпен Тұмар патшайымның ұлын өлтіреді. Бұған ашулаған сақ патшайымы ұлының денесін еліне тапсырып, аман-сау тұрғанда қайтып кетуін ескертіп Кирге  тағы хат жазады. Кир мұны да қабылдамайды.

Содан қанқұйлы соғыс басталады. Мәйіттер тау-тау боп үйіліп қалады. Бұл шайқасты Герадот "Мен білетін шайқастардың ішіндегі ең қатыгезі, ең аяусызы, ең адам көп құрбан болғаны еді" деп сипаттайды.

Шырақ дастаны

Сақтардың парсы басқыншылығына қарсы күресін сипаттаған шығарманың тағы бірі – өзіміз білетін Шырақ батыр туралы айтылған дастан. Дастанда сақ жауынгері Шырақтың І Дарийдің әскерін қалай сан соқтырғаны, шөл далаға апарып жалғыз өзі қалай қырып салғаны жайлы баяндалады.

Алайда бұл дастан да сақталмаған. Тек дастанның негізгі сюжеті ғана проза күйінде бізге жеткен. "Шырақ" дастанының сюжетін қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізген грек тарихшысы Полиэн еді.

Алып Ер Тоңға дастаны

Бұл дастан – көне түркі ауыз әдебиетінің үлгісі. Түркі халықтарының осы күнге жеткен алғашқы қаһармандық жыры. Бірақ үзіндісі ғана жеткен. Сол үзіндіге қарап Алып Ер Тоңға дастаны кейінгі Күлтегін мен Тоныкөк, Білге қаған жырларына ұқсас екенін байқаймыз.

Дастанның басты кейіпкері – аты аңызға айналған тарихи тұлға Алып Ер Тоңға. Сақ әскерінің қолбасшысы, ержүрек батыр. Парсы жазбаларында Афрасиаб деп жүрген көсем – осы Алып Ер Тоңға. Алып Ер Тоңға жайлы Махмұд Қашқари да, Фирдоуси мен Әбу Райхан әл-Бируний де, Рашид ад-Дин мен Хайдар Дулати де дерек қалдырған. Олардың айтқан ойларының бәрі – бір салаға саяды. Яғни Алып Ер Тоңғаның сақ дәуірінде өмір сүрген тарихи қайраткері екені.

Махмұд Қашқаридің, Жүсіп Баласағұнның еңбектерінде Алып Ер Тоңға дастанының үзінділері кездеседі. Жырды сақтап қалуға да осы ғалымдар септігін тигізді.

Парсы ақыны Әбілқасым Фирдоуси Алып Ер Тоңғаны сақ елінің дарынды қолбасшысы, жанкешті батыр, парасатты көсем ретінде сипаттайды. "Шахнама" кітабында Ер Тоңға жайлы көптеген аңыз-әңгіме, әпсана-өлеңдер, жоқтау жырлары келтіреді.

Соған қарағанда Фирдоуси сақтардың бұл дастанын толық оқып, жаттап, соны шығыстық әуенге салып жазып шыққан көрінеді. Қалай десек те, Фирдоуси Ер Тоңға дастанын шебер пайдалана білген ақын.

Шу дастаны

Шу дастаны – сақтардың шежіресін, осыдан төрт мың жыл бұрынғы тарихи оқиғаларды баяндайтын ерлік эпосы. Осы күнге үзік-үзік күйінде жеткен. Шу батыр – біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда өмір сүрген сақ билеушісі.

Дастанның аты айтып тұрғандай, Шу батырдың ерлігі мен көсемдігі жайлы айтылады. Шу батыр сақ мемлекетінің күш-қуатын арттырған дарынды қолбасшы ретінде сипатталады. Ол билік еткен Шу өлкесі дастанда сипатталғандай, табиғаты ғажайып, өзен-көлі сулы, аққу құсы қиқулаған, құрақ-қамысы мол өңір. Бау-бақшалы алқапты, жыландай ирелеңдеп жатқан өзенді, кең жазық дала мен биік тау шатқалдарын нанымды суреттеген. Бұл өлкеде арыстан мен жолбарыс мекендеген дегенді айтады.

Шу батыр – еңсегей бойлы, қақпақ жауырынды, өткір көзді, түсі суық, шашы ұзын, білегіндегі бұлшық еті ойнаған, сақар-мұрты енді ғана тебіндеп шыққан бала жігіт ретінде сипатталады. Ел билеушісінің қысы-жазы көктем күніндей жайқалып тұратын ғажайып бау-бақшасы бар екен деп суреттеледі. Ол бауда атшаптырым, күміс қауыз салдырған екен. Ол қауызда аққу, қаз бен үйрек жүретін көрінеді. Ал Шу батыр осы киелі құстардың қимыл әрекетіне қарап отырып өз елінің болашағын болжап біледі екен. Мәселен, дастанда Шу батыр сақтар еліне қалың қолды бастап Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) келе жатқанын хауыздағы суға қарап отырып күні бұрын біледі. Алайда жұртты дүрліктірмеу үшін өзінің болжамын ешкімге айтпайды. Ескендірдің әскері Ходжанд өзенінен өтті деген хабар келгенде ғана Шу батыр оған қарсы өзінің қырық нөкерін жұмсайды.

Ескендір қырық батырды көріп басында таңқалады. Бірақ ақылгөй қария мұнда жатқан сыр барын және Шу батырдың қырық батырды жіберіп, жекпе-жекке шығарғысы келгенін айтып, Ескендірге кеңес береді. Ескендір бұған ашулап, мықты деген қырық батырын шығарып, Шудың нөкерлеріне қарсы қояды. Бірақ сақ нөкерлеріне төтеп бере алмай, жеңіліп қалады.

Дастанда Шу батырдың бау-бақшасынан басқа жібек әшекейлі, көгілдір шатырлы көк сарайы жайлы айтылады. Бұдан біз көк түсті ежелгі сақтардың кие тұтып, көк тәңіріге ұқсатқанын байқаймыз.

Қ. Слямбек