Ғалымдар ең ежелгі адамның ДНК-сын тапты

Ғалымдар ең ежелгі адамның ДНК-сын тапты
Фото: 123ru.net

Археологтар Чехияда қазба жұмыстарын жасап жүріп, осыдан 45 мың жыл бұрын өмір сүрген әйел адамның ДНК қалдығын тапты. Оны тапқан – неміс ғалымдары. Зерттеу Nature Ecology and Evolution журналында жарияланды.

Германиядағы Макс Планк атындағы адамзат тарихы ғылыми институтының зерттеушілері бұл әйелдің сүйегін Homo Sapiens дәуіріне жататынын айтады. Бұл шамамен, адамзаттың – Африкадан Еуропаға қарай қоныс аударған уақыты. Әйелдің ДНК-сынан неандерталь адамына жататын белгілер де табылған. Соған қарағанда бұл неандерталь адамның Homo Sapiens-ке айнала бастаған сәті болса керек.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл әйелдің ДНК мәліметтері Еуропа мен Азия аумағында өмір сүрген және қазіргі ғылымда белгілі, археологияда табылған адам сүйектерінен өзгеше. Ғалымдар әзірше мұндай көне адамның ДНК-сын тапқан жоқ, бұл – бірінші.

"Саналы адамдардың өзі неандертальдармен (осыдан 40 мың жыл бұрын жойылып кеткенге дейін) бірге бір дәуірде, бір аймақта өмір сүрген көрінеді. Бұл – таңданарлық жайт. Олардың ДНК-сы ғана емес, өмір сүру салты да ұқсас болған. Бұған үңгірден табылған жануар сүйегінен жасалған әшекей-бұйымдар дәлел. Неандерталь адамы да сондай бұйым жасаған", - дейді зерттеу авторы Йоханнес Краузе.

Тағы бір зерттеуде адамзаттың түп атасы – неандертальдар қазіргі адамдар сияқты сөз сөйлеп, оны ести алатын қабілеті болғаны айтылған. Homo sapiens адамы сияқты неандертальдің де 1-5 килогерц дыбысты ести алатыны, тіл қатуға ұқсас дыбыстарды шығара алған екен. Соған қарағанда көне адамдардың ашылмаған қыры әлі де көп сияқты.

Қ. Слямбек