М. Қашқаридың «Диуани лұғат-ит турк» еңбегіндегі түркілік дүниетаным

М. Қашқаридың «Диуани лұғат-ит турк» еңбегіндегі түркілік дүниетаным
Фото: kipmu.ru

Дүниенің төрт бұрышын алған көне түркілердің мұрагерлері орта ғасырлық түбі бір түркі халықтарының табиғи болмысы мен этностық дүниетанымын, кеңістік пен уақытты игерудегі рухани және материалдық құндылықтар жүйесін айшықтауда М.Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрік» энциклопедиялық жәдігерінің маңызы ерекше.

«Диуани лұғат-ит-түрік» тілінде кездесетін орта ғасырлық түркілер санасындағы ақиқат дүниенің идеялық құндылықтарын бейнелейтін концептілерге сараптамажасап, олардың тілдікмодельдерінің архимазмұнын қарастыру жалпытүркілік концептуалды жүйенің эволюциялық дамуы мен сыртқы және ішкі құрылымын зерделеуге мүмкіндік береді. Орта ғасыр мұрасына жататын «Диуани лұғат-ит-түрік» жәдігерін антропоөзектік лингвистика негізінде зерттеу арқылы көптеген концептуалды ғылыми ақпараттарға қанығумен қатар, бүгінгі түркі халықтарының болмысын, соның ішінде қазақ халқының таным ерекшелігін тани түсуге болады.

Аталмыш еңбектен түркі, соның ішінде қазақ дүниетанымына тән тәңірлік концептісін, ерлік, батырлық концептілерін, табиғат концептісін, отбасы концептісі мен жақсылық концептілеріне қатысты ойларды кездестіре аламыз.

«Диуани лұғат-ит-түрік» тілін зерделей отырып еңбекте тәңірлік концептісіне баса көңіл бөлінетінін аңғаруға болады. Орта ғасырлардағы түркі халықтарының тәңірге табынуы, тәңіршілдік дәстүрі жөніндегі мәліметтер еңбекте молынан кездеседі.

Сөздікте тәңірдің жаратушылық құдіретіне байланысты айтылған сөздерге мыналарды жатқыза аламыз:

Teŋri ažun türütti - «Тәңір дүниені жаратты»,

Teŋri ol yerig yaratgan - «Жерді жаратқан тәңір»,

Teŋri yalŋuk türpütti - «Тәңір адамды жаратты»,

Teŋri oɣul togturdı - «Тәңір ұл тудырды» т.б.

Осы жолдардың барлығынан түркілердің жалғыз бір жаратушының болғанына, оның дүниені, жерді, адамзатты жаратқанына сенгенін байқаймыз.

Тәңірдің құдіреттілігі мен парасаттылығына, шексіз, құдіретті күшке ие екендігіне байланысты айтылған сөздер де жиі кездеседі:

Umunč Teŋrige tut - «Үмітіңді Тәңірден күт»,

Teŋri meniŋ ıšım etti - «Тәңірі менің ісімді оңғарды»

Teŋri meni bayuttı - «Тәңір мені байытты»,

Teŋri kar karlattı - «Тәңір қар жаудырды»,

Men Teŋriden umundum - «Мен тәңірден үміттендім»,

Teŋri meni ködhezdi - «Тәңір мені қорғады»,

Teŋri ölüg tirgürdi - «Tәңірі өлікті тірілтті»,

Ol Teŋri seni maŋa sevtürdi - «Cені маған сүйдірткен Тәңір» және т.б.

Махмұд Қашқари сөздігінде лингвистикалық, картографиялық, этнографиялық мәліметтер берумен қатар түркі халықтарына тән мақал-мәтелдерді жазып, оларға мағыналық талдау жасап кеткен.

М. Қашқаридің «Диуани лұғат ат - түрік» атты зерттеуі тек түрікше-арабша түсіндірме сөздік қана емес, сонымен бірге ол ежелгі түркі тілдері мен мен ауыз әдебиетін зерттеп, танып-білу үшін аса қажетті, теңдесі жоқ ғылыми еңбек болып табылады. Біз үшін ең маңыздысы - біздің жыл санауымыздың бұрынғы қадым замандарда жасаған сақтар мен ғұндар дәуірінде және түрік қағанаты тұсында өмірге келген тұрмыс-салт жырларының үлгілерін, мақал-мәтелдерді, шешендік сөздер мен афоризмдерді М.Қашқари өз «Сөздігіне» мысал ретінде енгізген.

Сол мысалдардан да «тәңір» лексемасының жиі қолданылғанын, түркі мақал-мәтелдерінің тілінде де тәңірлік концептінің сақталғанын байқауға болады.

Тәңірге қатысты мақалдар мен тұрақты тіркестер:

Süsegen udhka Teŋri müŋüz bermes - «Сүзеген өгізге тәңірі мүйіз бермес»,

Begim özin ogurladı,Yarag bilip ogurladı. Ulug Teŋri agırladı, Anın kut kıv türı togdı - «Бегім істің сәтін бағып, қосындардан шеткері кетіп жасырынды; Істің сәтін біліп, уақытында істеді»,

Toyın tapugsak, Teŋri sevınšsiz - «Тойын табынғыш, Тәңірі сүйінішсіз» (Мұсылман болмағандардың дін басылары Ұлы Тәңірге құлшылық етіп табынар, бірақ Ұлы Тәңір оның табынғанына сүйінбес, разы-хош болмас.) сынды тілдік бірліктерден Тәңір жаратушы Алланың синонимі іспеттес көрініс тапса, кейбір түркі тайпалары арасында аспан және үлкен, зор нәрселер үшін де тәңір лексемасының қолданғандығын көруге болады.

«Диуани лұғат-ит-түрік» еңбегінің жазылу кезеңі Қарахан мемлекетіндегі ислам дінінің гүлденуімен тікелей байланысты болды. Сол себепті де сөздік тілінің этнолингвомәдени көрінісін ислам дінінен бөлек алып қарастыра алмаймыз. Себебі Қарахан мемлекетінің идеологиялық негізі – мұсылман діні болған. Ескерткіш тілінде ıdhı «ие, еге» лексемасы жаратушы мағынасында қолданылған. Дәстүрлі наным-сенім бойынша адам бойында ұялаған немесе адаммен бірге жүретін, көрінбейтін тылсым күш те ие деп аталған. Соған сәйкес қазақ тілінде иесі бар, иесі қысты, иесі қозды т.б. сынды ұғымдар қалыптасқан. Сонау тәңіршілдіктен бастау алған Жаратқан ие, Жасаған ие, Тәңір ие, Түп ие деген ұғымдар түркі халықтарына ислам дінінің келуіне байланысты тек Алла Тағалаға қатысты айтылатын болған.

М. Қашқари еңбегінде өмір және өлім секілді бір-біріне қарама-қарсы ұғымдардың мәні ашылып, талдау жасалады. Өмірдің мәңгілік емес екенін білген орта ғасырлық түркі халықтары, жалған дүниені arguš ažun деп атаған. Шігілдер ažun лексемасын екі дүние мағынасында да bul ažun «бұл дүние» және оl ažun «ол дүние» (ақырет) деп қолданған. Жәдігерде мәңгілік дүние meŋgü ažun деп беріледі. Баса назар аударатын нәрсе - сөздіктегі bul, оl, meŋgü сөздерінің бүгінгі күнде де еш өзгеріссіз қазақ тілінде қолданылатындығы.

Жырда: Togup takı kalmadı meŋgü eren , Sayı Ažun küni yuldızı tutčı togar - «Адам мәңгі қалмайды, туса-туар Дүниенің күн жұлдызы туар-тұрар!» деп адам баласының бұл жалғанда мәңгілік емес екендігі, бұл дүниенің өткінші екендігі сөз етілген.

Түркі халықтары үшін мекен етіп отырған кеңістіктің барша сыр-сипаты мен тылсым құбылыстарын жетік меңгеру, сол кеңістіктегі істер мен құбылыстарды уақытпен байланыстыру – өмір сүрудің, тіршілік етудің басты шарты. Ескерткіш тілінде «уақыт» ұғымы šer, türk, köš тілдік бірліктері арқылы көрініс тапқан. Сөздікте уақыт оғызша šer лексемасы арқылы көрсетіліп, bu šerlikde kel - «мына уақытта кел» деп берілген. Бұдан басқа еңбекте төрт-түлік мал, аспан, жер, су, әйел ұғымдарына байланысты түсініктер беріліп кетеді.

Қорыта айтқанда, М. Қашқаридің «Диуани лұғат-ит-түрік» сөздігінде лингвистикалық, этнографиялық мағұлматтар ғана емес, орта ғасырдағы сан алуан түркі халықтарының дүниетанымы, олардың сенімдері мен өмір салты, тілі, діні, мәдениеті жөніндегі құнды мәліметтерді кездестіреміз. Сөздік тілін зерделей келе сөздікте жиі ұшырасатын түркілік дүниетанымды танытатын ұғымдардың бүгінде қазақ халқында да өз маңызын жоймағанын, әлі де концептуалды дәрежеде сақталып тұрғанын айтуға болады.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
1-курс магистранты
Әли Мусаев

Ф.ғ.к., доцент
Данат Жанатаев

Г. Берік