ЮНЕСКО қорғауындағы әлемдік мәдени мұралар

ЮНЕСКО қорғауындағы әлемдік мәдени мұралар
Фото: hyperallergic.com

Дүниежүзінде табиғат тудырған не адам жасаған көрікті жер көп. Мұндай жәдігерлер ұлтқа бөлінбейді, адамзатқа ортақ. Әрі Бүкіләлемдік ЮНЕСКО-ның тізіміне, мәдени қорғауына енген. Бұл мақаламызда біз аталмыш халықаралық ұйымның маңызы мен оның қорғауындағы ең керемет орындар жайлы айтпақпыз.

ЮНЕСКО деген қандай ұйым?

ЮНЕСКО дегеніміз – Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты, халықаралық байланысты білім мен мәдениет арқылы тұтастыруға, адамзаттың бейбіт және гүлденген дәуірде өмір сүруіне ықпал етуді көздейтін халықаралық ұйым. ЮНЕСКО-ның басты мақсаттарының бірі – жер бетіндегі көрікті, тарихы бай мәдени жәдігерлер мен табиғи мекендерді қорғау. ЮНЕСКО тізіміне енген мұралар адамзат үшін өте құнды әрі ортақ дүние саналады. Мұндай нысандарды тізімге қосу мен қорғауға алуды арнайы мамандар шешеді. Мәдени жәдігер тізімге қосылғаннан кейін халықаралық қорғау құқығына ие болып, ЮНЕСКО-ның бақылауына өтеді. Мұраны тізімге қосуды да, шығаруды да ұйымның өзі шешеді.

ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларды қорғау Конвенциясы 1972 жылы жарияланып, 1975 жылы күшіне енді. 2019 жылғы деректерге сүйенсек, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне 1121 нысан енген екен. Оның 869-ы – мәдени нысан болса, 213-і – табиғи мекен, ал 39-ы – аралас нысан саналады. Жалпы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени нысандарды қорғау Конвенциясына 193 мемлекет енеді. Олар – адамзатқа ортақ мұраларды қорғауға, сақтау мен дамытуға келіскен елдер.

Тізім жыл сайын толығып, жаңарып отыруы мүмкін. 2019 жылғы дерек бойынша, ЮНЕСКО-ға ең көп мәдени және табиғи нысандары енген ел – Италия мен Қытай екен. Италияның 55 нысаны, Қытайдың да 55 нысаны енген. Одан кейін Испания (48), Германия (46), Франция (45), Үндістан (38), Мексика (35), Ұлыбритания (32), Ресей (30), Иран мен АҚШ (24-тен), Жапония (23), Бразилия (22), Аустралия мен Канада (20), Грекия мен Түркия (18-ден) тұр.

Ал Қазақстанның бұл тізімге 5 нысаны енген екен: Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тамғалы таңбалы тасы, Сарыарқа даласы, Ұлы Жібек жолы, Шығыс Тянь-Шань. Қырғызстанның да Шығыс Тянь-Шань тауы мен Ұлы Жібек жолының Ыстықкөл тармағы енген.

Одан бөлек, ЮНЕСКО-ның мәдени жәдігерлері қатарына күй, айтыс, қазақ күресі, наурыз мейрамы, киіз үй сынды қазақтың мәдени мұралары енген.

Турист көп келетін орындары

ЮНЕСКО тізіміне енген мұралар мен нысандарды біреуі бірінен кем деуге келмейді. Олар адамзатқа ортақ әрі өте құнды дүниелер. Бірақ бұлардың арасында да жұрт көп келетін, туристтердің сүйікті мекені мен халықаралық деңгейде танылған орындар бар. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтелік.

Жабық қала, Қытай. Бұл – ЮНЕСКО тізіміне енген, туристер ең көп келетін орын. Жылына 15 млн турист келеді.

Жабық қала дегеніміз – алып хан сарайы. 1420 жылы қытайдың Мин әулеті іргесін қалаған. 1912 жылға дейін хан ордасы, қытай билігі мен қытай әулеттерінің әкімшілік орталығы болған. Императорлар осында отырып билік құрған. Сарайды соңғы болып Цин әулеті босатты.

Сарайдың өзі 1406-1420 жылдары салынды. Ауданы 180 гектар, ішінде 980 ғимарат бар. Алып кешен Шығыс Азияның сәулет өнерінің дамуына үлес қосқан. Қазір мұнда Сарай мұражайы ашылған, туристер көпшілік мекенді көруге, алып ғимараттарды аралауға келеді.

Лондон Тауэр Ұлыбританияның, ағылшын тарихының айнымас белгісіне айналған. Қазірде жер бетіндегі ең танымал әрі турист көп келетін тарихи мекен.

Лондон Тауэр 1078 жылы Темза өзенінің сол жағалауында салынды. Басында қорғаныс бекінісі болғанымен, кейін қызметі ауысып отырды. Монета сарайы, түрме, арсенал мен расытхана болған кездері бар. Король асыл тастары мен байлығы да осы жерде сақталған.

Түрме боп тұрған кезінде жеті адам өлім жазасына кесілген. Оның ішінде VIII Генрихтің үш әйелі – Анна Болейн мен Кэтрин Говард, Джейн Грей бар.

Ватикан, Италия. Ватикан – әлемдегі ең кіші мемлекет. Бірақ тарихы терең, Еуропа мен әлем тарихында маңызды орын алатын ел. Ватиканның тарихы қай дәуірден басталатынын ешкім нақты айта алмайды.

Ватикан Рим Империясының сот және сауда істерін жүргізетін әрі діни орталығы болған. VIII ғасырда Ватикан жерінде папа мемлекеті құрылады. Бірақ көп ұзамай Италья патшалығы басып алады. 1929 жылы Ватикан автономиялы өңір атанып, тәуелсіздік алады.

Әлем жұртының мұнда ағылатын себебі – Ватикан христиан дінінің, оның ішінде католик дінінің орталығы саналатыны. Одан бөлек, Ватикан – нағыз сәулет шаңырағы. Адамзаттың белді, даңқты сәулетшілері дәл осы Ватиканнан шыққан. Қаланың сәулеті Рафаэль, Микеланджело, Бернини мен Мадерна сынды даңқы сәулетшілерге қарыздар.  

Версаль сарайы, Франция. Версаль сарайы – француз корольдерінің әкімшілік орталығы, билік құрған резиденциясы.

Қазірде Еуропаның ең танымал орындарының бірі. Сарайды 17 ғасырда XIV Людовик тұрғызған.

Версаль сарайы – сәулет шедеврі. Нағыз сән-салтанаттың мекеніне айналған. Бір қызығы – сарайды салу мен әсемдеуге жұмсалған қаржы есептеліп, сақталып отырған екен. Осы күнге дейін 259,6 миллиард еуро жұмсалған. Бұл соманы қазіргі өлшемге шаққанның өзінде өте қомақты қаржы.

Афина қорғаны, Грекия. Бұл да Рим императорларының әкімшілік орны болған мекен. Акропольдің құрылысы жүздеген жылдарға созылған.

Іргетасын патша Афин Кекропс қалаған. Таудың етегіне, түбенің үстіне салынған қорғанға Афина атының берілуі де содан.

19 ғасырда Грекия тәуелсіздік алғаннан кейін, тарихшылар акропольге назар аудара бастады. Оны антика дәуірінің мәдени жәдігері ретінде таныды.

Содан бері храм мен оған жапсарлас ғимараттар жөнделіп, ескерткіш қалпына келтіріле бастады. Түпнұсқа мүсіндер мен бағандар мұражайға қойылған. Ал сыртта тек көшірмелері ғана тұр.

Көне Петр қаласы, Иордания. Араб түбегі мәдени жәдігерге бай. Соның бірі көне Петр қаласы – Иорданияның інжу-маржаны.

Бұл қала VII ғасырда құрылған Набатей елінің орталығы болған. Ғимараттары қызыл жартастан қашалып жасалған. Қаланың өзі маңызды сауда-саттық жолында орналасқан, гүлденуіне де сол әсер еткен.

Бірақ мұхит жолдары ашылғаннан кейін қала құлдырай бастады. Ал сәулет нысандары қызыл құмның астында қалып, ұмытыла бастаған. Қазір әлемнің ең айбынды сәулет нысанына айналды. Жыл сайын 500 миллион турист келеді.

Қ. Слямбек