Алғашқы обсерватория қайда орналасқан?

Алғашқы обсерватория қайда орналасқан?
Фото: The Telegraph

Адамзат алғашқы ғибадатхананың қабырғасын тұрғызған кезде Жер беті қалың мұз құрсауында болған. Түркиядағы Көбекті төбе (Гёбекли-Тепе) ғибадатханасы осыдан 12 мың жыл бұрын көтерілген. 1994 жылдан бері археологтар бұл ерекше ғимаратты зерттеп келеді. Дегенмен әлі күнге дейін жұмбағы шешілер емес. Себебі адамзат тарихындағы алғашқы ғибадатхана обсерватория болуы да мүмкін.

Көбекті төбеде орналасқан ғибадатхана адамзаттың алғашқы мінәжат ететін орны екені, Англиядағы атақты Стоунхендж тастарынан да бұрын салынған деген болжам бар. Бұл ғимарат ғибадатхананың қызметінен басқа, түнгі аспанды бақылау үшін көне обсерватория қызметін де атқарған екен.

Бұған екі негіз бар. Төбесі түзу ғимараттың күмбез тәріздес етіп салынған. Ғалымдар мұндай ғимараттан аспан денелерін бақылау ыңғайлы екенін айтады. Оған қоса бағанада сызылған жануарлар суретінің орналасқан жері аспандағы жұлдыздарға сәйкес келетінін анықтаған. Ежелгі адамдар Көбекті төбедегі ғимаратта аспан денелерін бақылағаны расталса, тұңғыш ғибадатхана ғана емес, алғашқы обсерватория болмақ. 

Бір қарағанда Көбекті төбені кішкентай төбе деп ойлап қалуыңыз мүмкін. 1960 жылы дөң басында зерттеу жұмыстары басталған. Алайда көп өтпей бұл маңда ештеңе жоқ деп ойлаған ғалымдар зерттеу жұмысын тоқтатады. Тек араға 30 жыл салып неміс археология институтының зерттеушісі Клаус Шмидт көршілес жатқан қонысты зерттеген соң Көбекті төбені де қарауды жөн көреді.

Бірнеше жылға жалғасқан қазба жұмысынан соң 500 метрлік қоныс орнын тапқан. Алғашқыда ғалымдар бұл маңда шаруа қожалығы болды деп топшылайды. Алайда бұл уақытта әлі егіншілік те дамымаған еді.

Қазір ғалымдар Көбекті төбені аспан денелерін бақылау үшін салуы мүмкін деген тұжырымды алға тартып отыр.

А. Рысдәулет