Тобықты көшінің ізімен

Тобықты көшінің ізімен

Экспедициялық зерттеулер барысында еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыстар атқара жүріп, күнделік дәптерімізге жолай ұшырасқан жанама мәліметтерді түртіп алып жүреміз. Соның денін ел аузындағы кешегі өткен тарихи тұлғалар, яғни ел билеген төрелер, би-шешендер, батырлар және рулар жөніндегі аңыз-әңгімелер құрайды. Осындай жинақталып қалған мәліметтердің бірі тобықты руымен байланысты. Мақалада осы тарихи аңыздарды жазба деректермен салыстыра отырып қарастырмақпын.

Ш.Құдайбердіұлы тобықтылардың 1723 жылы, яғни «ақтабан-шұбырынды» кезінде Сырдың бойынан Ор, Елек (Ақтөбе облысы жері) жерлеріне дейін жер ауып барғанын жазады, әрі дәлел ретінде дадан Қараменде бидің:

Басында Сырдан шығып Орға келдік,

Табан тиіп жүре алмай, зорға келдік.

Құл алдынан құрулы талқы деген,

Бұл жаққа бақытқа емес сорға келдік –

деген өлеңін де келтіреді.

Шәкерім осы уақыттарда Торғайдың бойында Торғай, Ырғыздың бойында Ырғызбай бабалары дүниеге келгенін тілге тиек етеді. Кеңгірбай би де осы жылдары Кеңгір бойында (Ұлытауда) дүниеге келеді.

Негізі Ор мен Елек өзендері Ақтөбе жерін ғана емес, іргелес Ресейдің Орынбор губерниясының жеріне жалғасып Жайық өзеніне барып құяды. Шәкерімінің мәліметтеріне сүйенсек тобықты рулары осы аралықта көшіп жүрді. Кіші жүз рулары Әбілқайыр ханның бастауымен Ресей патшалығына қараған соң (1731 жылы),  бодан болуды қаламаған тобықтылар қайта шығысқа ығысады. Кері қайтқан көш бас кезінде Ырғыз бойында болып, одан кейін Торғай-Ұлытау бойына қоныс аударған болуы керек.

Тобықтылардың кейін көшуіне тек Кіші жүздің Ресейге бодан болуы ғана емес, сол кезде осы жайтпен байланысты аймақта орын алған шиеліністі оқиғалар да өз әсерін тигізгені анық. 1735 жылы Елек өзенінің бойында Орскі (Жаман қала) бекінісі салынады. Бұл жайт башқұрт халқының наразылығын тударып 5 жылға созылған (1735-1740 жж.) көтеріліске алып келеді. Осы іргедегі тынышсыздық, атыс-шабыс тобықты руының аулақ кетіп, әрірек барып отыруына әсер еткен болуы тиіс.

«Ат аунаған жерде түк қалады» дейді халық нақылы. Расымен де экспедиция барысында Ақтөбе облысы жерінде, одан бері Ұлытау (Қарағанды облысы) бойында жүргенімде осы тобықты көшінің әлі де болса сақталып келе жатқан іздерін ұшыратудың сәті түсті. 

2005 жылы Ақтөбе жерінде «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі» Ақтөбе облыстық инспекциясының бастығы Бекарыстан Мырзабайдан «Кежек ана» жайлы деректер естіп едім.

Заманында өздерінің қадір-қасиеттерінің арқасында «Қарқабат ене», «Қызай ана», «Домалақ ана» аталып, халық жадында сақталып және шежіреден орын алған аналар секілді, Кежек анада осындай «ел анасы»  дәрежесіне жетсе керек. Бұл Кежек ана сол тобықты көшінен қалған бір ұшқын екен. Ақтөбе облысында мекендейтін Кіші жүз әлімұлы арасында өздерін «Кежек ана ұрпағымыз» деп атайтын рулар кездеседі. Бұлар төртқара – сексеннен тарайтын қашан, тұғыр деген деген екі ру. Кежек ананың тарихы келесідей (Бекарыстан Мырзабайдың айтуынша):

«Ертеде (қалмақ-жоңғар заманы) әлімнің бір адамы жоғалтқан үш түйесін іздеп келе жатып, жолай буынып-түйініп көшкелі жатқан бір ауылдың үстінен шығады. Сөйтсе тобықтылардың көші екен. Бір әйел зар илеп, жылап-сықтап отырады. Әлімнің кісісі ауыл ақсақалынан әйелдің жөнін сұрайды.

 - «Күйеуі соғыста өлген, жесір әйел. Елмен бірге көшерге, жүк артатын көлігі болмай жұртта қалып барады»,- деп жауап береді. Сосын ауыл ақсақалы әлімнің кісісіне: «Мына әйелден қалағаныңды ал да, бір түйеңді беріп кетсейші. Елден қалмай бірге көшсін» - деп қолқа салады. Әйелдің бір ұл, бір қызы бар екен. Әлімнің кісісі «қызын аламын» дейді. Ондағы ойы, бір жағы өскенде ұзатып, мал тапқысы келсе керек. Сонда беске толмаған жас бала бөтен адамның алдына жыламастан отырып, күліп кете барыпты. О бастағы аты басқа болса керек, шашы толқынды бұйра болғандықтан жаңа елде қызды «кежек» деп атап кетіпті (Ақтөбе жағында жас қозыны «кежек» деп атайды. – О.О.).

Қыз есті, ақылды болып өседі. Кежек бойжеткенде өгей әкесі ұзатпаққа ойланады. Сонда үйдегі әйелі қарсы болады. Ол күйеуіне: «Алдыңда жылап емес, күліп келген бала емес пе еді. Мен бірдеңе білсем, осы тегін бала емес. Азар болса бір түйең шығын болды. Одан да өз баламызға қосайық»,- деп ақыл қосыпты. Содан өз баласына қосып, осы әулеттен тараған ұрпақ бір рулы ел болып, «Кежек ана ұрпағы» аталып кетіпті».  Бұл оқиға тобықтылардың 1730-шы жылдары бүгінгі Ақтөбе облысының аймағында көшіп жүргенінің бір айғағы.

Қалмақ-жоңғар заманымен байланысты келесі бір аңыз Ұлытауды мекендейтін (Қарағанды облысы) бағаналы (найман) руының арасында сақталған. Аңыз Сандыбай батырдың Кеңгірбай биден бата алуы оқиғасына байланысты сақталып жеткен.

Сандыбай батыр ХІХ ғасырдың орта кезінде Атбасар уезіне аға сұлтан (1862 ж.) болған Ерденнің әкесі болып табылады.

Бұл аңыздың қағазға түскен (1928 ж.) бір нұсқасы Алматы қаласындағы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнертану институтының кітапханасында сақтаулы болса, сонымен бірге ескі құлақты Ұлытау қарияларының арасында әлі  күнге жасап келе жатқан түрлері де бар. Осындай бір нұсқасын 1997 жылы Сарыкеңгірлік Есмағанбетов Рахымжан ақсақалдан жазып алудың сәті түскен еді.

Аңыз желісі келесідей: «Сандыбай жас кезінде «қарадан шыққан хан» Барлыбаймен еріп, арғын тобықты Кеңгірбай бидің (Қараменде деп те айтады) ауылына келіпті. Әңгіме үстінде Кеңгірбай Барлыбайға «жаныңа ерген жігіттермен таныстыра отыр» депті. Барлыбай барлығын таныстырып, тек босаға жақта отырған жас Сандыбайды айтпай кетіпті.

 - «Ана баланың кім екенін неге айтпадың»,-  дейді Кеңгірбай Барлыбайға қарап.

- «Қожас Төлек батырдың баласы еді» - дейді Барлыбай жәй ғана.                

Сонда Кеңгірбай би Сандыбай балаға қарап: «Өзіңдікі емес екен деп, өзегімде тұрған білгенімді жасырам ба?!

 Сүйегі қандай таза еді. Қырмызы қызыл жібек екен, қозғалған сайын түрленер. Өзі арыстан болып туыпты, баласы жолбарыс болып туады, одан қасқыр туады. Одан түлкі туады. Одан арғысына көзім жетпейді» деген екен» (ІІ).

Міне, осы аузы дуалы бидің айтқаны келіп, Сандыбайдан атақты аға сұлтан Ерден, Дүзен, Байұлы туады. Ерденнен белгілі Бименді туса, Байұлының Қасқабайынан 1916 жылы бағаналы руын көтеріліске бастап «хан» сайланған Қасен секілді ұрпақтар дүниеге келеді. Бұл аңыз бір уақыттарда Торғай-Ұлытау бойында тобықтылар мен бағаналылардың қатар мекендегенін көрсетеді.

Негізі Кеңгірбай 1723-1724 жылдары ел Сырдан ауып бара жатқан жолда, әлі Ор, Електің бойына жете қоймаған аралықта Ұлытауда (Кеңгір өзенінің бойында) дүниеге келген болуы тиіс. Тобықты көші Ор, Елек бойында, яғни бүгінгі Ақтөбе облысы жерінде 10 жылдай тұрақтайды.

Кейін тобықты көші қайта Ырғызды басып өтіп, Ұлытау-Торғай аралығына табан тіреп, жарты ғасырға жуық уақыт осы жерлерде мекендеген. Кеңгірбай араға оншақты жыл салып барып, өзінің кіндік қаны тамған Кеңгірдің бойына келіп, осы жерде ержетіп, билікке араласады.

Жоғарыдағы аңызда Сандыбайдың бозбала болып сипатталауы, бұл оқиғаның 1760 жылдардың ішінде, Ұлытауда орын алғанын жобалауға болады. Ұлытау қарияларының жорамалынша Сандыбай шамамен 1750-інші жылдары дүниеге келген. Қарадан шыққан «хан» Барлыбайдың Кеңгірбайдың үйіне келіп түсуі, Кеңгірбайдың бұл кездерде беделге ие болған, ел тұтқаларының арнайы ат басын бұратын орда екенін көрсетеді. Бұл Кеңгірбайдың 50-ді алқымдаған кезі.

Ор-Елек бойынан кері қайтқаннан кейін тобықтылар Ұлытау-Торғай аралығында (қыста Сырға дейін түсіп) 35-45 жылдай тұрақтайды. Тарихи деректерге қарағанда, Ұлытаудан Шыңғыстауға тобықтылар көші екі бөлініп көшкен.  Егер алдыңғы топ 1760-ыншы жылдардың ішінде көшсе, соңғы көш 1770-інші жылдардың орта тұсында Шыңғыстауға бет алады. Мысалы, 1770 жылдардағы тарихи құжатта тобықты руының негізгі бөлігі «9000 шаңырақ» Қараменді би мен Байқұл бидің (мүмкін Байғұла) иелігінде Ертіс бойында көшіп-қонып жүреді. Бұл 1820 жылы «Сибирский Вестник» журналында, Г.И. Спасскидің «Киргиз-кайсаки Большой, Средней и Малой Орды» атты жинағында: «Аргынского рода 2 отделениях до 9,000 семейств. Управляют Байкуль-Бий и Караменда. Кочуют летом и зимою по реке Иртышу» - деп жазылған [Спасский, с. 103]. Бұл тұста Г.И. Спасский П.К. Фроловтың жазбаларына сүйенген болуы тиіс. Деректе тобықты руын екі бөліктен құралған дегеніне қарағанда, біреуінің дадан тобықты (Қараменді би) екені анық байқалады. Ал, көлемі шағындау 2-мыңдық тобықты руы бұл уақытта әлі Ұлытауда болғанын тарихи құжаттар дәлелдейді.

1770 жылдары бағаналы мен тобықты руларының Ұлытау мен Торғай аралығында қатар көшіп-қонып жүргеніне тарихи құжаттар арқылы көз жеткізуге болады. Бұл деректер бойынша тобықты мен бағаналы руларының басында, яғни билікте сұлтан Батырханның балалары Құсырау мен Тоқтамыс отырады. Мысалы құжатта «Аргинцы Табуклинского рода в 2 отделениях до 2000 семейств. Управляют старшины Маман-би и Джанбай би; под заведыванием султана Кысрау-Батыр-ханова» - деп жазылған [Спасский, стр. 95-96]. Ал бағаналыларға байланысты «Баганалы-Найманского рода в 12 отделениях до 6, 000 семейств. Управляют старшины Трухмен-бай-би и Тулак батыр, под заведыванием султана Тактамыш-Батыр-ханова» [Спасский, с.95]. Деректе айтылып отырған бағаналы руының өкілі Тулақ батыр жоғарыда аталған Сандыбайдың әкесі есебіндегі кісі. Ел аузында ағайынды қос батыр болғандықтан «Төлек-Тулақ» деп қосарлай айтады. Төлегі - Сандыбайдың әкесі. 

Деректе бағаналы руының көші жайлы: «Кочуют летом при вершинах рек Тургая и Ишима, в горах Улытау-Кичитау и урочищах Мурун-Тарагае, Сандук-Кискен; зимою от речных песков по течению речки Кара-Узяк к Сырдарье, около кладбище Карабадал Кармакчи, в урочищах Аксавел (Ақшабел – О.О.) на Куване, и до развалины на Сыр-дарье» - деп келеді [Спасский, с.95]. Бұл құжатта тобықты руының бағаналының екі тобымен қатар жүргені жазылған.

Тоқтала кетерлік жайт Г.И. Спасскийдің еңбегінде пайдаланыған мәліметтер Г. Андреев пен П.К. Фроловтың қолжазбаларынан алынды деген түсініктемелер кездеседі [Спасский, стр. 79-80]. Сондықтан да бұл жинақта 1770-нші жылдарға дейінгі және одан кейінгі мәліметтер аралас кездесе береді.

Тобықтыны билеген сұлтандар өз алдын жеке тақырып. Құсырау сұлтанға келетін болсақ, тобықты руы Ұлытаудан Шыңғыстауға қоныс аударғанда Құсырау сұлтан көшке ермей елде қалып, бағаналы руының бір тармағына иелік еткен болуы керек. Өйткені ХІХ ғасырда Құсырау ұрпақтарын бағаналы руының ішінде кездестіреміз. Мысалы 1859 жылғы 4 болыс бағаналы ішінде болған санақ (мал-жан санағы) кезінде Құсырау ұрпақтары «Қарабала-төртқара-сарғалдақ» болыстығында тіркелген. Тек тізімде Құсырау ұрпақтары төре табынан шыққан сұлтандар ретінде ғана аталады. Ал биліктің барлығы, яғни болыстық, старшындар және билер бағаналы руының өкілдері болып табылады [ОМА, Қ.345, Опись 1, Дело 2147]. Ал Тоқтамыс ұрпақтары бағаналы руына ХІХ ғасырдың ора тұсына дейін билік етеді. Кейін Кенесары көтерілісіне қосылып, қырғыз жорығынан кейін аман қалғаны  қыпшақ руына келіп сіңеді. Бағаналы руының билеушісі Басалқа сұлтан Кенесарымен бірге қырғыздардың қолынан қаза табады.

Тарихшы И.В. Ерофееваның жазуынша Құсырау мен Тоқтамыстың әкесі Батыр Әбілқайыр ханның уақытында оның билігін мойындамай Кіші жүздің шекті, төртқара, шөмекей, қарасақал секілді руына билік еткен [Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг., Т.І. 2014, с.271]. 1748 жылы осы рулар Батырды өзіне жеке хан сайлайды.

Батырдың әкесі Қайып хан Тәукеден кейін Үш жүзге хан сайланған. Батыр хан, шежірелік нұсқа бойынша арғы аталары еңсегей бойлы Ер Есімге тіреледі. Батыр ханның Әбілқайыр ханға қарсы қимылы тобықты руының «орысқа қарамаймыз» деп кері көшкен дерегін растай түседі. Батыр хан көкжал Барақ сұлтан жағында болып, Әбілқайыр ханға қарсы іс-қимылда оған қол ұшын созған адам болып табылады [Бұл да сонда, с.272]. Бұл наразылықтың соңы көкжал Барақтың 1748 жылы Әбілқайыр ханды өлтіруімен аяқталады. Батыр хан осы мәселеде Барақты толық жақтап шығады. Бұл жайт тобықтылардың 1730-1750 жж. кезде Батыр ханның қоластында екенін көрсетеді. 1750 жылы Барақ сұлтан қайтыс болған соң, оған қарасты бағаналы руы да Батырдың балаларының қоластына өтеді.

Бодан болу жайтына келсек, расымен де ант берген би-батырлардың арасында тобықты руының өкілдері кездеспейді. Ресейге бодан болуға 1731 жылы Әбілқайыр хан бастаған 29 адам ант берсе, ал 1738 жылғы Әбілқайырдың қайталап ант беруі кезінде Кіші жүзбен бірге Орта жүздің арғын, қыпшақ, найман руларының би-батырлары, бас аяғы 56 адам қоса ант береді. Бұл құжаттарда қол қойған әр ру өкілінің толық аты-жөні, руы, мекендейтін жерлері толық қамтылған.

Тобықтылар Шыңғыстау бойына келіп қоныстанғаннан біраз уақыт сұлтан билігінсіз болып, тек кейін Абылай хан ұрпағының билігіне мойынұсынады. Абылай ханның ықпалы артып, билігі күшейгеннен кейін оның ұрпақтары Орта жүз бен Ұлы жүзге тарап, қолы жеткен руларға сұлтандық ете бастағаны белгілі. Бұл саяси жүйенің қалай іске асқаны жөнінде тарихи мәліметтер үнсіз қалады. Басқа төре ұрпақтарын қалай ығыстырды, оның жолдары туралы мардымды (болжамнан басқа) мәліметтер кездестіру қиын.

Капитан И.Г. Андреев 1787 жылы желтоқсан айында тобықты руының өздеріне сұлтандыққа Тоқ Абылайхановты қабылдағанын, әрі оның інілерінің де (Көшім, Мамық, Нәрік) осы елде екені туралы деректер келтіреді [Андреев И.Г. Описание Средней орды киргиз-кайсаков. А., 1998, с.94]. Тағы бір назар аударарлық жайт, бұл еңбекте тобықтылардың жазда Шыңғыстауды жайлағанымен, ал қыс айларындағы мекені ретінде Қарқаралымен ұласып жатқан Қызыларай тауларының (деректе «Кызыл-Алай») аталуы. Бұл мәлімет тобықты руының Шыңғыстауға әлі толық табан тіреп болмағанын көрсетеді. Яғни бұл, тобықты руының жер үшін басқа қазақ руларымен тайталасып жатқан кезі.

Шыңғыстауға барғаннан кейін Қараменде би бастаған дадан тобықтылар елден бөлініп Балқаштың солтүстік аймағына келіп қоныстанады.  Нарманбет Орманбетұлының (1918 ж.):

«Қазық болған халқына

Қалдау абыз бабамыз.

Ақтабан-шұбырын болғанда,

Жиылмаған сабамыз.

Немересі Қарекем (Қараменде би – О.О.)

Хан Абылайдың жарғышы

Билікке оны табамыз» -

деп жырлаған дадан тобықтының тарихы өз алдына бөлек бір әңгіме (Реті келсе кейін кеңірек қылып жазармын). Бұл ХVIII ғасырдағы тобықты тарихының бір үзігі.

Оңтүстік Қазақстан облысының Өзбекстанмен шекаралас жағында мекен ететін тобықтылар бар. Негізіне көкшелер болып табылады, көбіне «Қызылқұмның тобықтылары» деген атпен белгілі. Бұл топ та ерте уақыттан мекендеп келе жатыр. Ел әңгімелеріне қарағанда бір уақытта Сарыарқадан келіп қоныстанған. Бұған ел арасында айтылатын жыр жолдары куә. Онда:

«Тобықты деген ел еді,

Тобықтының баласы,

Тоқсан тарау жол келсе

Жолды бастар деп еді,

Толқын толқын қол келсе,

Қолды бастар деп еді.

Шаңырағы көк тіреп,

Керегесі кең еді,

Түп атасын сұрасаң,

Сарыарқадан кеп еді», - деп жырланады. 

ХХ ғасырдың бас кезіндегі зобалаң да қазақ халқына аз тауқымет әкелген жоқ. Осы кезде тағыдырдың тәлкегімен шекара асып кеткен тобықтылар да баршылық. Сондай топтың бірі бүгінде Моңғолия Республикасының Баян-Өлги аймағында мекен етіп отыр. 2003-2004 жылдары осы аймақта экспедицияда жүргенде тобықты руының өкілдерін ұшыратудың сәті түсті. Соның бірі Моңғолия Ұлттық Ғылым Академиясының Баян-Өлгилік филиалының басшысы, тарих ғылымдарының докторы Биқұмар Камалашұлы еді (бүгінде марқұм болып кетті).

Б. Камалашұлының айтуынша, Моңғолияны мекендеп отырған тобықтылар көкше руының өкілдері. 1916 жылы июнь жарлығына байланысты «солдатқа бармаймыз» деп көкшенің бірнеше жігіті («төрт жігіт» деп те айтады) шекара асып осы өлкеге келіп бой тасалаған екен. Солардан бүгінде  бірнеше  ұрпақ тарап отыр.

Биқұмардың атасы Баймұқамет ағалары Бекмұқамет, Серікбаймен бірге Моңғолия жеріне өтеді. Кейін Бекмұқамет Ресей жағына қоныс аударып (Қошағаш), сонда тұрақтайды. Ұрпақтары сол Таулы Алтайда тұрады. Серікбай Моңғолияның Увсы аймағына қоныс аударып жергілікті дөрбіт (қалмақ) руының қызына үйленеді. Өкінішке орай, Моңғол жеріне өткен ақтар мен қызылдардың соғысы кезінде, ауыл адамының нұсқауымен «қызылгвардияшы» деп ақтар атып кеткен. Ұрпақтары (Серікбайдың) моңғолға сіңіп кеткен. Биқұмардың мәліметінше, аталары бәрі де діни сауатты кісі болып, жергілікті жерде ұстаздық еткен кісілер. Арғы атасы Балабатыр Семейдің жерінде көкшенің белгілі адамдарының бірі болған.

Міне қолжазба дәптерлерімде жинақталып қалған тобықты руы жөніндегі мәліметтердің барысы осындай. Тарихтың қатпарында талай оқиғалар жатыр. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей зобалаң заман туғанда кім қайда кетпеді десеңізші? «Ел аман, жұрт тыныш болсын» деп тілейік.   

Ошанов О.Ж., археолог

Қ. Слямбек