Тарихтағы ең ұзақ соғыстар

Соғыстың жеңілі жоқ, қасіреті мол. Халықтың жауынгерлігі мен қаһармандығын, сабыры мен төзімін сынайтын ауыр сынақ. Бәрі соғыстың біткенін, шапқыншылықтың болмағанын қалайды. Алайда тарихтың өзі дәлелдегендей, соғыссыз аман қалу, жер мен мүлік иелену, ұрпағы мен ошағын сақтап қалу, болашаққа үміт арту мүмкін емес. Өзіңнің ерлігің мен елдігіңді көрсету үшін соғысуға тура келеді.

Ендеше халықтың ерік-жігерін сынаған, тарихта қалған ұзақ соғыстар жайлы баяндасақ.

Византия мен Селжұқ мемлекеті арасындағы соғыс (260 жыл)

Бір кездері қуатты империя болған Римнің екіге бөлініп кеткен кезі. Византия аталып кеткен Шығыс Рим империясының Еуропаға қарай ат басын бұрған көшпенді түрік тайпаларына төтеп бере алмай жатқан уақыты. Селжұқ пен Византия мемлекеттері арасында соғыс ХІ ғасырдың ортасында басталды.

Осы ғасырдың басында ғана түріктің оғыз тайпалары құрған қағанат Хорезм, Қап тауы аумағы, Иран мен Иракты, Күрдістан аймағын жаулап алып, біртіндеп Кіші Азияға қарай беттеді. Бұл, әрине, қуатты Византия империясына ұнамады. Алғашқы қақтығыстар 1048 жылдары Рим-Селжұқ шекарасында болды. Константинополь (Шығыс Рим) бұл шайқастардан жеңіп шықты.

Алайда жаңа аумақты жаулап алған сайын әскері күшейген түріктер ХІ ғасырдың ортасынан бастап Екінші Римге бірнеше жойқын жорық жасап, Кіші Азияны жаулап алды. Гректерді талқандаған оғыздар Жерорта теңізі маңында үлкен стратегиялық бекіністер орнатып, мемлекет құруға кіріседі.

Қазіргі Түркияның құрылуы сол жылдары басталған. Кіші Азияда Селжұқ мемлекеті (Рум қағанаты) құрылып, Византия әскерімен ауық-ауық шайқас жүргізді. Бірақ Селжұқ мемлекеті 1308 жылы моңғол шапқыншылығынан кейін әлсіреп, ұсақ аймақтарға бөлініп кетті.

Солардың бірі Осман империясы еді. Ол да жылдар бойы Византиямен қақтығыста болды. Екі елдің соғысы 214 жылға созылды. Ақыры Византия құлап, жері Осман империясына өтті.

Араукан соғысы (290 жыл)

Араукан соғысы – қазіргі Чили мемлекеті аумағында өмір сүрген байырғы үнді тайпасы – араукан мен Испан конкистадорлары арасында болған қиян-кескі соғыс. Қиян-кескі соғыс дейтін себебіміз үнді тайпалары арасындағы ең жауынгері әрі қаһарлысы, қансұйық араукан тайпасы болып шықты. Жаңа әлемді жаулауға келген жатжерліктерге жерін бермей ұзақ ұрысты.

Соғыс 3 ғасырға созылды. 1536 жылы басталған испан әскерін титықтатып бітті. Қаһарынан қайтпаған араукан тәуелсіздігін сақтап қалды, Чили егемен елін құрды.

Ғасырларға созылған соғыс үнді халқының талай ержүрек, қаһарман ерлерін, батырларын тудырды. Солардың бірі – испандар шауып тастаған шолақ қолмен соғысқан Гальварино есімді баһадүр.

Қазақ-жоңғар соғысы (300 жыл)

Орта ғасырда болған жүз жылға созылған ағылшын-француз соғысы – Еуропа тарихында өшпес таңба қалдырды. Жоңғар-қазақ қақтығысы да бұдан кем түспеді: Азияны қанға бөккен жаугершілік заман болды. Өйткені соғыстың соңында бүтіндей бір халық тарих сахнасынан босып, жоқ болып кетті.

Ал Ресей патшалығы қазақ даласында отаршылық орнатып, қытайдан қалмақ қырылды. Жоңғар шапқыншылығынан әлсіреген Қазақ хандығы отар елге айналды.

Қазақ-жоңғар қақтығысы Қазақ хандығы құрылған XV ғасырдың ортасынан басталған. Соғыс 1755 жылға дейін жалғасты. Қазақ халқы ойраттарды алғашқыда қалмақтар, кейін жоңғарлар деп атаған.

Жанжалды бастаған ойрат тайпасының билеушісі Үз-Темір тайшы болды. XV ғасырдың 50-жылдары Дешті Қыпшақ даласына басып кіріп, іргелес жатқан қазақ ауылдарын шапты. Сыр бойындағы қалаларға дейін әскері жетіп, қазақ ұлыстарын Түркістан мен Ташкентке дейін ығыстырды.

XV ғасырдың 70-жылдары жоңғарлар шабуылын жиілетті. Ал XVІ ғасырдың екінші жартысында Хақназар хан бастаған қазақ әскері ойрат шапқыншылығына әжептәуір тойтарыс беріп, Жетісуды тартып алды. Бұл уақытта жоңғар тайпалары арасында билікке алауыздық басталып, Моғол хандарымен де кикілжің күшейді.

Бірақ XVІІ ғасырдың басында жоңғарларға Батыр қонтайшы билікке келіп, төрт қуатты ойрат тайпасын біріктірді. Қуатты әскер жасақтап, 1635, 1643-44, 1651-52 жылдары қазақ жеріне бірнеше дүркін алапат шабуыл жасады.

1643 жылы 300 спартанның ерлігін қайталаған оқиға болды. Салқам Жәңгір ханның 600 сарбазы Орбұлақ түбінде 50 мың жоңғар әскерін талқандап, тарихта болмаған ерлік жасады.

Қонтайшы Севан Рабдан бастаған қалмақ әскері 1681-84, 1710-12, 1723-27 жылдары қазақ жерін ойрандап, ауық-ауық жорық жасап тұрды. Соңғы шапқыншылық тарихта "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" нәубетімен қалды.

Тек 1726 жылы Қазақ хандығының хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары Күлтөбеде бас қосып, ойраттарға қарсы күресті қайтадан ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Қазақ халқының үш жүзінің әскери күшін топтастыруда Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер үлкен рөл атқарды. Бұланты-Білеуті өзендері аралығындағы жазықта болған жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста қазақ жасақтары жау әскеріне күйрете соққы берді.

Ал 1728 жылы болған Аңырақай шайқасы біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі болды. 40 күндік соғыста қазақ әскері жоңғарларды толық талқандап, Жетісуды азат етті. Одан әрі Аягөз шайқасында жеңіп, жоңғарларды шығысқа қарай тықсырды.

1745 жылы Қалдан Серен қайтыс болып, Жоңғарияда билік үшін талас-тартыс басталды. Абылай хан бастаған қазақ әскері жоңғарларға шешуші соққы жасап, Шығыс Қазақстан мен Жетісу аймағын тартып алды. Ал 1755-58 жылдары болған Цин-жоңғар соғысында ойраттардың күл-талқаны шығып, жер бетінен жойылып кетті.

Рим-Парсы соғысы (721 жыл)

Рим-Парсы соғысы – грек-рим өркениеті мен Парсы патшалығының арасында болған әскери қақтығыстар. Екі өркениеттің әскери қақтығыстарын бір ұзын-сонар соғыстың құрамына қосуға болады. Өйткені екі елдің арасында бейбіт келісім болмаған, ал билікке келген династиялар ата-баба жолын жалғастырып, дұшпанынан көз жазған емес.

Парфия мен Рим Империялары қақтығысы сонау біздің заманымызға дейінгі 53 жылы басталған. Рим қолбасшысы, империяның шығыс жақ шекарасы – Сирия провинциясының билеушісі Марк Лициний Красс мыңдаған әскерімен Парфияға басып кіреді. Бірақ парсы әскерінің тойтарысы мықты боп шықты: рим әскері жеңіліп қайтады. Содан Парфия армиясы Рим протекторатына қарасты аймақтарға ауық-ауық шабуылдап есе қайтарады.

Бұдан кейін де ұрыс тоқтаған жоқ. Екі алып империя көз арбасумен болды, бірін-бірі әлсіретуге, құлатуға тырысты.

Біздің заманымыздың 226 жылы Парфия Империясының билігіне Сасанидтер әулеті келді. Бірақ бұдан өзгерген ештеңе жоқ. Бұл әулет те Рим империясына жауықты.

Ал 250 жылдан кейін алып Рим Империясы құлап, Шығыс және Батыс болып екіге бөлініп кетті. Сасанидтер Шығыс Риммен соғысумен болды.

Ғасырларға жалғасқан соғыстан екі жақ та түк таппады. Шығыс Рим империясы құлап, әлсіреген Парсы Империясының жартысын Араб халифаты жаулап алды. Осымен 700 жылға жалғасқан соғыс тәмам болды.

Реконкиста (770 жыл)

Реконкиста – Араб халифатына қарасты мұсылман әмірлері мен христиан діні өкілдері португал және испан халықтары арасында болған Пиренеи түбіндегі соғыс. 770 жылға созылған. Соғыс 1492 жылы арабтардың Пиренеи түбегінің жартысын, христиандардың Гранада әмірлігінің астанасы Гранада қаласын басып алумен аяқталды.

Пиреней түбегі талай шайқас пен соғыстың қуәгеріне айналды. Христиан кнәздіктері ондаған аймаққа бөлініп, бір-бірімен, христиан әлемін жаулауға келген арабтармен соғысып әбден титықтады. Алыс аймаққа үлкен әскермен келе алмаған мұсылмандардың да күші сарқылды. Мұсылмандар Испанияда патшалық құрып, еуропа мәдениетінде орын қалдырғанымен бәрібір кері шегінуге тура келді.

Ал адамзат тарихында ең үлкен әскери қақтығысқа айналған Реконкиста аяқталғаннан кейін Ұлы географиялық ашулар басталды. Еуропалықтардың Америка мен Үндістан сынды жаңа әлемді ашу мен игеруі содан басталған.