Шыңғыс хан және тарихи шындық

Кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде Шыңғыс ханға, Қазақ елі тарихына байланысты мақалалардың жиі-жиі жарық қөруі дәл қазір оған деген сұраныстың әжептәуір екенін байқатады. Кеңес заманында елімізбен бірге тарихымыз да бұғауланды. Еш қауқар жасай алмадық. Енді оны қалпына келтіру үдерісі жүргізілсе, неге қолдамасқа? Бұл бағытта қалам тербеп, эфирде сөйлеп жүргендер ғасырлар тереңінде жасырулы жатқан шындықты тауып, жұртшылық назарына ұсынып жатса, қанеки. Алайда елдің тарихтан сауаты төмендігін пайдаланып, рудың, жеке бастың мүддесін алға шығару, қиялға ерік беру жәйттері де ауық-ауық қылаң беріп қалатынын несіне жасырамыз. Шалыс басқан бұндай қадамдар өз кезегінде ел ішінде түрлі-түрлі лақаптың тарауына, елдің жаңа тұрпатта қалыптасып келе жатқан тарихи санасын адастыруға жетелейді. Осы айтқандарымызға өзін «шыңғыстанушы» ретінде көрсеткісі келетін Тілеуберді Әбенай мырзаның шығармашылығы мысал бола алады. Ол азаматтың ізденісіне, шығармашылық қарымына бастабында күмән келтіру ойымызда жоқ еді. Дей тұрғанмен көзге ұрған бұрмалауларына тоқталмаудың да жөнін таппадық.

Автордың «Ана тілі» газетінің 31 қазан-6 қараша күнгі санында жарияланған «Шыңғыс хан және оның әулеті – біздің ұлттық тарихымыз» атты дүниесіне көз жүгіртейік. Сөз иесі қытай дереккөзінен: «Қазіргі моңғолдар Шыңғыс хан туған халықтан емес, олар қараша қауымнан еді», - деген  бұрыннан белгілі деректі келтіріпті. Сөйте тұра, бұл ел атауының шыққан тегіне тоқталмай, Шыңғыс хан моңғол емес, МОҒОЛ еді деп кесіп айтыпты. Жыл басында жазушы Б.Нұржеке-ұлы «Жас Алаш» газетінің бірнеше санында жарияланған «Бір әріптен адасқан тарих» атты мақаласында «Шыңғыс хан құрған елдің «Моғол» атауының ортасына отаршылар «Ң» әріпін сыналап жібермегенде, тарихымыз бүлінбес еді, Шыңғыс ханның Жетісу жерінде тууы талассыз расталар еді» деген пәтуа ұсынды. Б.Нұржеке-ұлының Шыңғыс хан Жетісу жерінде туды деген бастамасын Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов сол «Жас Алашта» жарияланған «Шыңғыс хан – біздің бабамыз» атты мақаласында қолдады. Міне, енді екі ақсақалды алға салып, Шыңғыс ханды Жетісуда тудыру жөніндегі бастамасын өткізу әрекетінде жүрген автордың өзі енді «Ана тілі» газетінде жеке жарияланым арқылы шығыпты.

Аталмыш мақалалар лейтмотивіне айналған «моғол» сөзін төркіндетіп көрейікші. Дереккөздерді парақтасақ, «моңғол» ел есімі хандар әулетін ілгері заманнан ойландырғанына көз жеткіземіз. Тарихшы Рашид-ад-Динге тапсырма берген Толы ханның төртінші ұрпағы Ғазанғали: «Әлхамдилла, біз мұсылман болдық. Бабамыз Халақу Моңғолстаннан келгелі бері екі-үш ұрпақ өсті. Енді бізден кейін дүнияға келгендер моңғолдың тілін, жерін, жұртын білмес. Моңғол жерінде отырғандар көп. Солардың қайсысының сүйегі моңғол, қайсылары моңғол емес. Солардың барлығын жазып қалдыр», - депті. Сөйтіп, қасына Болат есімді ұлығы бастаған бес-алты кісіден тұратын көмекшілерін де қосып береді. Рашид-ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабының жазылу тарихы осындай. Егер «моңғол» сөзінің хандар әулетіне қатысы болмаса, оған осыншалықты мән берілер ме еді? Әрине, жоқ. Шежіреші Әбілғазы болса, моңғол-татар атауларының тарихын тым әріден бастайды. Оларды Алынша ханның егіз туған ұлдары деп көрсетеді. Келе-келе бұл атауды Оғыз ханды дүниеге әкелген Қоңырат тайпасымен байланыстырады, Шыңғыс ханды да моңғолдардан шығарады. Әбілғазы шежіресіндегі «баз бір елдер моңғол болмаса да моңғолмыз деп оларға қосылып кетті» деген тіркеске де назар аударған дұрыс деп ойлаймыз.

Л.Н.Гумилев «Көне түріктер» кітабында: «Ашин әулеті қағанатындағы әлеуметтік құрылымның айрықша бір белгісі әскери және тайпалық құрылысты ұштастырып-ұластыру әрекеті болды. Орта Азияда осындай жұптастықты іс жүзіне бірінші болып асырған халық – түріктер. Олардың өздері де мұны жақсы түсініп, өз мемлекетін «мәңгі ел» деп атаған», - дейді. Ол және «Хунну» атты кітабында «моңғол» –  моңғол тілді елдерге берілген шартты атау екенін айтады. «Шартты» сөзіне мән берсек, бұл оларға сырттан таңылған жапсырма екенін түсіну қиын емес. Десек те олар бағынышты ел ретінде осы атауды өз еркімен алған болуы да, яки оларға бұл ат кейін сырттан таңылған болуы да мүмкін. Жоғарыда айтылғандарға сүйенсек, «моңғол» ел есімінің түркілік тегін жоққа шығара алмаймыз. «Моғол» сөзі жоғарыда Л.Н.Гумилев келтірген «Мәңгі ел» атауының дыбыс үндестігіне сәйкес түрленуі ғана десек, адаспайды екенбіз. Жетісуда тарқаған «Моғол» сөзі Қалқа даласында етек жайған «Мәңгу эл» сөзінің жалғасы екен, демек бір әріптен тарихымыз адасты деуге тиянақ көре алмай отырмыз.

Т.Әбенай мырзаның қиял әлемі шарықтағаны сонша, Шыңғыс хан әулеті жарты әлемді емес, жеті құрылықты және мұхит аралдарын түгелдей  билеген, ал Құбылай қаған Йатбан, яғни Америка құрылықтарын өзіне қаратқан дейді. Сөйте тұра, Шыңғыстың бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлының еншілік жерлерін Жетісу шегіне әкеліп тықпылайды. Ол былай дейді: «Шыңғыс ханның қай өлкеде жасағаны ұлдарына бөлінген еншілік жерлерінен де белгілі, атап айтқанда ұлы қаған Жошыға Қойлықты, Шағатайға Алмалықты, Үкітәйге Алтынемелді, ал Төлеге осы үшеуінің геометриялық өзегі Қарақорымды астана етіп берген». Т.Әбенайдың ойынша, Қарақорым дегені Ұлытау екен.

Ал, тарихи деректерге қарайласақ, «Шыңғыс хан және оның әулеті – біздің ұлттық тарихымыз»  атты мақала авторының айтқандары құрғақ қиял екенін аңғарамыз. Шын мәнінде, Жошы ханға Дешті қыпшақты, Шағатайға Сартауылды, Үгедейге Ұйғырстанды, Төле ұрпақтарына хандар әулеті өрбіген Қалқа даласын еншілеп бергені мәлім. Қазақы дәстүрге салғанда да, кіші ұлға қара шаңырақ тиесілі ғой. Ал, Т.Әбенай мырзаның тізгінді еркін жіберіп, Ұлытауды Қарақорым қаласына айналдыруы елді адастырудың нақ өзі. Қарақорым қаласы Ұйғырстанның астанасы ретінде сегізінші ғасырдың орта шенінде тарихқа енгенін білеміз. Үгедейдің еншілік аумағының орталығы сол қалада орналасқаны тарихшылардың бәріне белгілі.

Т.Әбенайдың Шыңғыс ханды «Жетісу жерінде туды» қылудағы мақсатын да мақаланы оқу барысында байқадық. Ол былай дейді: «Егер ұлттық тарихымызға түпнұсқалық деректердің көзімен қарасақ... Шыңғыс хан жалайырдан тарайды... Шыңғыс ханның алтыншы атасы Қайду (Хайду) хан Балық (Балх) өлкесінде хандық құрып, өз әулетінің, яғни тайжігіттер (тайшығұттар) әулетінің негізін сонда қалаған. Шыңғыс хан және оның әулеті билігінің заңдық-мұрагерлік негізі сол әз бабадан бастау алады... Қайду еңсесін тіктеп, билігін бекемдеп алған соң, атамекеніне, Өнен-Іле бойына қайтып оралды». Осы орайда мақала авторы Қайду ханның Балық өлкесінде (қазіргі Ауғанстан жерінде) қалың зәңгі түріктерінің ортасында болғаны, онда көпір салдырып,  әлемдік интеграцияны зор жандандырғаны хатталған дейді. Бірақ Қайду ханның ол жаққа қайдан, қашан және не үшін барғанын айтпайды. Хандық дәстүр туралы да тіс жармайды. Бұдан жалайырлар Ауғанстаннан келген екен деген ұғым тумай ма? Автор сөйте тұра бұл тайпаның Қытайдың солтүстік өңірін жайлағанын да жоққа шығармайды. Т.Әбенайдың айтуынша, бірқатар қазақ рулары Солтүстік Қытайдың шұрайлы аймақтарында, әсіресе Ханбалық (бүгінгі Бейжін) қаласы маңын мекен етіпті. Олар негізінен жалайырлар мен қоңыраттар еді, онан сырт керей, найман, уақ, т.б. түрік ру-арыстарының да адамдары еді дейді. Сонда Жалайырлардың мекені Ауғанстандағы Балх па, әлде Ханбалық па? Қайран қалмасқа лажың жоқ.

Жоғарыда келтірілген деректерден Т. Әбенай мырзаның өзі алға қойып отырған мақсатына жету үшін қиялына ерік беріп, жұртты шатастырудан тартынбайтынын байқадық. Тарих ғылымы ондай еркіндікті көтере ме? ҚР ҒА академигі Т.Сайдулдин жалайыр ат жалына қатысы жоқ атау екенін айтады. Ерте заманда «жал» деп, қорғанды айтқан. Бұл тайпа Қытайдан төлем алып, қорғанды сырттай бақылаған дейді. Сайып келгенде, жалайырлар Ауғанстан жерінде болмаған, бүгінгі Қазақ жеріне, атап айтқанда Жетісуға Шыңғыс хан қосынымен  бірге келген десек, шындыққа жақындайды екенбіз. Бұндай жағдайда Т.Әбенай ойлап тапқан Ауғанстанның Балх аймағы жалған дерек ретінде шетке ысырылады.

Қазақ хандығының шыққан тегін зерттеуді мақсат тұтқан кім де болса, Алтайды, оның ішінде бүгіндері Моңғолияның қиыр шығысында жатқан Қалқа даласын айналып өте алмаған, өте алмайды да. Айналып өтпек болған Әбенай мырзаның ең басты сәтсіздігі осыдан келіп шығады. Жоғарыда ол хандық дәстүр туралы тіс жармайтынын айттық. Бұл өкінішке қарай, күлкіге ұшыратар қателік. Бұл дәстүр Шыңғыс ханның алтыншы атасы Қайду ханнан емес, құндар дәуірінен бастау алады, Қайду хан соның бір буыны ғана. Әр ата өзіне хан сайлап ала берер болса, мемлекеттіктен, қазақтықтан не қадір-қасиет қалады. Шыңғыс ханның ұлылығының өзі тайпаларға бөлшектеніп кеткен қазақтың басын қосуында ғой.

Т.Әбенай мырза айланып өтпек болған қазақтың хандық дәстүрі туралы не білеміз? Оны тарқатып айту үшін тарихқа қысқаша шолу жасайықшы. Хандық дәстүр басталар тұсын Әбенай мырзаның өзі де білетін сыңайлы. Ол «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» атты екі томдық монографиялық зерттеудің авторы Зардыхан Кинаятұлының жол берген бұрмалауларына кейіс білдіре отырып, былай дейді: «Онда Шыңғыс хан әулеті ғана емес, әйгілі Еділ (Аттила) батыр шыққан этнос та, атап айтқанда, ғұндар да монғолға телінген. Іс жүзінде ғұн дегенді білдіретін иероглиф оңтүстік диалектілерінде «хунг», «хонг» деп оқылады, ол құнық, құнғария, қоңғырат, яғни қоңырат этнонимінің ертедегі нұсқасы болып табылады. Турасын айтқанда, ғұндар ертедегі қоңыраттар болатын».

Қалқа даласында Хунну атты тарихи мемлекет құрған Қоңырат тайпасын мансұқтау – Қазақ елі тарихын мансұқтау. Құндар мемлекеттігінің тарихы біздің дәуірімізден 1200 жыл бұрын бастау алғаны әлем мойындаған шындық. Тайпаның Байсыннан барған көшінің ізі де тарих қойнауында сайрап жатыр. Қазақ хандығының тарихын, Шәкәрім қажы қоңыраттардың атасы деп таныған Оғыз ханнан бастасақ та ұтылмас едік. Ол нақты тарихи тұлға. Қытай дереккөздеріне шаньюй Моде атымен енген ол б.д.д. 209 жылы билікке келіп, отыз бес жыл ішінде барлық қазақ рулары негізінде артында ұлы мемлекет қалдырды. Құндардың тарихы мен салт-дәстүрін зерттей келе мен «Хунну – елдігіміздің бастауы» атты мақала жаздым. Мемлекет 93-ші жылы құласа да хандық дәстүр үзілмеген. Түрік қағанаты, Көк түріктер қағанаты, Шыңғыс хан империясы да Оғыз хан құрған ұлы мемлекеттің жалғасы. Осы орайда Л.Н.Гумилевтің мына тұжырымы тарихи мәнге ие. Ол «Көне түріктер» кітабында былай дейді: «Егер біз Хунну мен Түрік қағанаты арасындағы және қағанат пен Шыңғыс хан империясы арасындағы дәстүрдің екі рет үзілгенін ескермесек, онда Орталық Азия тарихы бізге түсінікті бола алмайды. Бұл үзілістерде ғылымға, ағарту ісіне қарсы тұрушылық кезеңдері жатыр». Бұдан тарихи үш мемлекеттік құрылым жалғасты екенін көріп отырмыз. Оғыз ханнан бастау алатын тарихи шындықты зерделей отырып, 2017 жылдың 20 сәуірінде «Түркістан» газетінде жарияланған «Тайпаның тағдыр-талайы» (Оғыз ханнан бастау алған шежіре) атты мақаламда Шыңғыс бабамыздың тәні Алаша хан кесенесінде мәңгілік байыз тапқанын жаздым. Осы арқылы бұл мәселені қазақ баспасөзінде тұңғыш рет көтердім. Өткен жылы бір топ жолдастармен сол кесенеге барып, пікірімнің оң екендігіне бекіп қайттым. Кейінгі үш жыл ішінде орталық қазақ баспасөзі беттерінде бұл жөнінде көптеген мақала жариялап, жұртшылықты хабардар еттім. Әбенай мырзаның осы бағытта жақыннан бермен төбе көрсетуі мені таң қалдырмайды. Тарихты жасаушы өзім ғана деп білетін бұл адам біреудің зияткерлік меншігін олжалаудан да бас тарта қоймас.

Т.Әбенай мырзаның Қайду ханды ертеден келе жатқан хандық дәстүрден бөлектеп, оны Ауғанстан жеріне қонақтатып, Жалайыр тайпасының атасы еді деуі де жөн емес. Шежірелерге, тарихқа көз салған жан Тілеубердінің бұл пайымымен келісе қоймайды. Бұл жөнінде Әбілғазы өз шежіресінде егжей-тегжейлі жазған-ды. Қызыққан жан өзі тауып оқыр деп, үзінді келтірмедік. Оның мазмұны Әбенай айтқан нұсқаға мүлде сай келмейді, қарама-қайшы. Әңгіме жалайырлардың он бір атаға дейін, яғни Шыңғыс ханның төртінші ұрпағына дейін пенде болып жүруі туралы. Хандық туралы әңгіме жоқ. Бұл дерекке Т.Әбенай мырза не дер екен?

Т.Әбенайдың төрелерді жалайырларға жатқызуында да негіз жоқ. Төрелер қоңыраттан екенін айғақтайтын тарихи деректер баршылық. Осы орайда байсындық «Алпомиш» жырынан бір үзінді келтіру артық болмас деп ойладық. Алпамыс батырдың өзін Қаражан батырға таныстыру сәті екен:

«Иоз булса яйловим Аму иоқаси
Мени билсанг, Құнғирот элининг төреси.
Көкқамиш көлидан сұқсұр ұчирдим,
Сұқсұрни изләгән лочин боламан.

Бейтарап, қазіргі кезде төре атағына қызыға қоймайтын Байсын қоңыраттарының жырынан үзінді келтіру себебімді де түсініп отырған боларсыздар. Олар үшін дәл қазір төре сөзінің мәні жойылып кеткенімен, бір кездері жыр шумақтарымен бірге қатталып қалған өмір шындығы бұл. Алпамыстың хандар әулетінен екені оның тәні Орғын-Енесей пантеонында жерленуімен де айғақталады. Тарихи деректердегі Көк түріктер қағанатының батыры Алып Элетміштің Алпамыс батыр екенін баспасөзде жарияланған «Алпамыс батыр: Байсын мен Қалқа арасы» атты зерттеу мақаламда нақты дәлелдедім.

Мақаламыз ақырына сақтап отырған басты дәйекке орын берудің реті келген сыңайлы. Оны айтпасақ, сөзсайыс толастамайтынын байқадық. Әбенай мырзаның айтуына қарағанда, Қайду хан Ауған жерінде өз әулеті – «тайшығұттар әулетінің негізін қалапты». Осы дерекке байланысты Әбілғазы шежіресіне көз жүгіртейік. Оның айтуына қарағанда, Есукей батыр билеген

елдердің ішінде малы мен басы көбі сол тайшығұттар екен. Есукей қазасынан кейін Теміршенің көзін жойса, билікке жетерін біліп, оны өлтірмекке әрекет жасаған да солар еді. Шыңғыс хан есейген шақта оның жақтастары мен тайшығұттар арасында ұзақ та, қатты шайқас болады. Шыңғыс ханның қарамағында он мыңдай, тайшығұттар жағында отыз мыңдай кісі болған. Тайшығұттармен қатар қатаған, жойрат, қият, меркіт, татар бірігіп аттанған. Қорытындысында Шыңғыс хан жеңеді. Ары қарай үзінді келтірейік: «Тайшығұттан қолға түскен кісілерді байлатып қойды...Одан соң Тайшығұт елін шауып, жақсыларының ұл-қыздарын пенде етіп, жамандарын айдап әкеліп, өз еліне қосты. Бұлар қосылған соң елі бұрынғыдан да күшейді».

Негізі, жалайырлар мен қоңыраттар бірі-біріне жақын жұрт болған. Қатар қоныстанған. Өкініштісі, Алаш елін құрау барысында Шыңғыс хан осындай қатал шаралар қолдануға мәжбүр болыпты. Басқаша мүмкін де емес еді. Түбі бір Ашина ұрпақтарынан тарайтын сұлтандар жүздеген жылдар бойы бауыр басқан билікті Шыңғыс ханның қолына ұстата салғысы келмеді, қатты қарсылық көрсетті. ҚР ҰҒА академигі Т.Сайдулдиннің Алты алаштың құрамына енген тайпалар туралы қорытындысына қарайық, ол: «Алты Алаш жөніндегі тарихи деректер, оған Керей, Найман, Меркіт, Жалайыр, Қоңырат және Моңғол жерінде болған Татарды жатқызады. Алтын Орда заманында татарлар басшысының есімімен Ноғай атанған. Шыңғыс ханға бағынған қаншама тайпалардың ішінде алаш атанғандардың мерейі үстем болып, әскердің ең бір айбынды, қуатты құрамы болды», - дейді.

Шыңғыс ханның өз елі – қоңыраттармен соғысы туралы дерек жоқ. Қоңырат биі Меңлекенің Шыңғыстың анасын әменгерлікпен алуын да ешкім теріске шығара алмайды. Әменгерлік туралы есте жоқ ескі заманнан келе жатқан қазақтың өз заңы бар. Оны Н.Я.Бичурин «Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена»  атты үш томдық еңбегінде былай деп түсіндіреді: «Вдова старшего брата становилась женой младшего, который обязан был о ней заботиться, как о своей любимой жене». (т.1, с.40). Әбілғазы өз шежіресінде былай дейді: «...сөйтіп, Шыңғыс ханды өлімнен құтқарды. Меңлік ечеке Шыңғыс ханның қызметінде болды. Оның анасын алғанда Шыңғыс он үш жаста еді. Сол уақыттан өзі өлгенше – соғыста да, жақсы күндердерде де, жаман күндерде де оның қасынан ажырамай, қызметінде болды.Отырғанда да ханның оң жағында басқалардан жоғары отырар еді». Бұл нақты тарихи фактіге Т.Әбенай мырза қарсы шыға қоймас. Осы  деректің негізінде  Шыңғыс хан шыққан жұрт та анықталып тұр емес пе?

Т.Әбенай мырза! Тарихты қаузағанда шындықтан қиыс кетпеңіз, қиялға шектеу қойып, нақты деректерді басшылыққа алыңыз. Шыңғыс хан рухы шындықты қалайтынын ескеріңіз.

Оңғар НАҚЫП,
Түркістан облысы, Мақтарал ауданы.
Тел: 8 775 618 4396.