Өркениет таңбасы

Өркениет таңбасы
Фото: https://kaz.tengrinews.kz/article/941/

Ақ қағазға қара сиямен таңба түсіруге деген құштарлық адам бойына тумысынан бітетін қасиет пе екен, кім білсін, әйтеуір қалам ұстауға икемі келген әрбір бала жазуға талаптанады. Алғаш рет "Ана" деп жазуға ниеттеніп, сонысына айрықша масаттанатыны да бар. Қағазға түскен бір ауыз сөз баланың күллі ішкі сезім, ой-түйсігі мен шексіз махаббатының нышанын айшықтайды. "Жазу жаза аламын" деп, нық сеніммен мақтануының астарында өріс-зейіні мен таным көкжиегінің кеңіп, ақылы толықси бастағаны жатса керек.

Әсілінде, солай емес пе? Жазу – дамудың, өркендеудің құралы. Күллі жаратылыс ішінен адамды айшықтап тұрғаны – ақыл-парасаты десек, оны ғасырларға жалғайтын – жазу, таңбалар. Ықылым заманнан күні бүгінге жеткен құнды мұралар тарих беттеріне таңба боп қашалды. Әлемнің ұлы ойшылдарының кемел ойлары қағазға түспегенде, өркениет өрге басар ма еді? Аристотель, Әл-Фараби, Сократ, Платон, Ибн-Сина сынды ұлылардың еңбектерін дәуірлерге жалғаған жазу ғой. Таңбаның құдіретіне таңданбасқа шара жоқ.

Қазақ таңбасының тарихына үңілсек, сонау Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштеріне қашалған руна жазуларын байқаймыз. Уақыт көшімен тасқа қашалған таңбалар заманға сай сан түрленіп,  қағаз бетіне түсіп жатыр. Ислам дінінің келуіне байланысты араб әліпбиімен жазсақ, кейін келе саяси жағдайларға байланысты латын әліпбиіне көшу, кирилл әріптерін бекіту сынды талай өзгеріске ұшырады.

Таңбаның мың құбылуының өзіндік сыры да жоқ емес.

Бүгінде, латын әліпбиіне көшуді көздеп отырмыз. Және әліпбидің бұл жолғы ауысуында терең мән жатыр.

Кеңес үкіметінің құрсауындағы жетпіс жыл ішінде қазақтың жазу таңбасы үш мәрте өзгерді. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жұртының сауатын ашу үшін дінмен бірге келген араб әрпін қазақ тіліне бейімдеп, төте жазу әліпбиін жасап шығарғаны белгілі. Әліпби қазақ елінің рухани дамуына тың серпін берді.  «Қазақ», «Айқап», «Серке», «Алаш», «Бірлік туы», «Ұшқын»сынды мерзімді басылымдарда ғылым, өнер, мәдениет, қоғам мен саясат жайлы құнды мәліметтер жарияланып тұрды. Көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым дүйім жұрттың санасын оята бастады. Қазақ елінің сауаты ашылып, қарқынды дамуы Кеңесөкіметі билігіне ұнай қоймағаны анық. Зиялы қауым өкілдерін жаппай қуғын-сүргінге ұшыратып, қойдай қырып, басып-жаншығанына тарих куә. Бұл аздай, әліпби ауыстырып, халық санасын мешеулеуге тырысып бақты. Аздырудың алғашқы қадамын әліпбиден бастауды жөн көрсе керек, араб таңбасына ыңғайланған әліпбиді Кеңес өкіметі латын таңбасымен өзгертуге кіріседі.  900 жыл бойы қолданып келген араб әліпбиін лезде ауыстыра қою оңай шаруа емес-ті.

Әлбетте, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған топ бұған мейлінше қарсыласып бақты.

Әйтсе де, қазақ зиялыларының бір бөлігі латын әліпбиіне көшу арқылы өркениетке жалғанып, Еуропа мәдениетіне жол ашып, түркі тілдес халықтармен ынтымағы арта  түсеріне бек сенімді еді.

Ақырында, 1929 жылы қазақ әліпбиі латын әліпбиіне көшті.

Сол кезеңде латын әліпбиіне көшуді ең алғаш әзірбайжан мен қазақ халқының зиялылары бастаған. Бүкіл түркі халықтары жиналып, Бакуде үлкен конференция өткізіп, латын әліпбиіне көшуді дауысқа салып, сол жерде шешім қабылдаған. Латын жазуын қолдаушылары «Жаңа түрік әліппесінің комитетін» құрып, «Жаңа түрік әліпбиі» атты кітап шығарды. Сондай-ақ газеттерді бірте-бірте латын әрпімен басу мәселесін өз міндеттеріне жатқызды. Комитет мүшелері халық арасында баспасөз арқылы жаңа әліпбидің қалың бұқара үшін араб әрпіне қарағанда пайдасы мен қолайлылығын түсіндіріп, осы төңіректе пікір алмасуға шақырды.

1925 жылдан бастап жаппай Қазақстанның мектептерінде, жеке кәсіпорындарында және мекемелерінде латыншылардың «Жаңа әліпбишілер үйірмесі» немесе «Латыншылар үйірмесі» құрыла бастады. Осы жылы Нәзір Төреқұловтың «Жаңа әліпби туралы» атты кітабы шықты.

Ұлт зиялылары Халел Досмұхамедұлы, Мұхтар Мурзин, Ә.Байділдин және тағы басқалар латын әрпінің ыңғайлылығын насихаттауға белсене кірісті. Латын әрпінің алғашқы нұсқасын жасаушылардың бірі - Халел Досмұхамедұлы болған.

Осылайша, Кеңес өкіметінің қитұрқы саясатына қарамастан, қазақ жұрты латын әліпбиін іліп әкетті.  Ағарту жұмыстары қарқынды жүрді. Бұлай жалғаса берсе, қазақ елі дес бермесі анық еді. «Қағылез қазақтың жолын кесіп, қалай да, тұсау салу керек» деген ой Кеңес өкіметінің тағатын қашырып,тағы да әліпби ауыстыруға кірісті.

Жаңа таңбаға енді ғана үйреніп келе жатқан қазақ жұрты не бары 11 жылдан соң, яғни 1940  жылы тағы да тосын өзгеріске тап келді. Енді билік кирилл әліпбиіне көшуді міндеттеп қойды.

Міне, содан бері кирилл әліпбиін қолданып келеміз. Жалпы,  Кирилл таңбасы қайдан шықты? Әлем бойынша бұл таңбаның беделі мен құны қандай? Тарихына аз-кем тоқталсақ,

Кирилл әліпбиі - славян ағартушысы Кириллдің атымен аталған әліпби. Х- ғасырда Кирилл славян елдеріне христиан дінін уағыздау үшін әліпбиі жасаған. Әлемдегі ауқымы тар, кейін пайда болған бұл таңба 1940 жылдан бастап қазақ тіліне де кері ықпалын тигізді. Тілге жат таңбалар да қосылып кетті (ы,э,ь,ъ,ц,щ,ф,ч). Оның үстіне, бүгінгі таңда кирилл жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен.

Осылайша, не бары жарты ғасыр ішінде бірнеше мәрте әліпби ауыстырып, қазақ санасы сергелдеңге ұшырады. Оның үстіне, ықылым заманнан келіп жеткен құнды мұралардың талайы жаңа таңбамен көшіріліп үлгермей, жоғала бастады. Кеңес дәуірі кирилл таңбасымен саяси идеялогияға сай келетін дүниелерді ғана басып шығарып отырды. Кітаптар, газет-журналдар үкімет мүддесіне сай идеянының насихат құралына айналып шыға келді. Қарсы шығып, уәж айтар зиялы қауым қыршындай қырқылған.

Енді, міне, тәуелсіздік алғалы бері ғана, бір кездері өзгеше таңбамен тасада қалып қойған құндылықтарымызды жаңғыртуға мүмкіндік туып отыр.

Тіпті саяси астармен таңып берген жат таңбаны ауыстырудың орайы келді.

Осы ретте Тұңғыш Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге жағдай туғызады» деген болатын.

Дәл осы тұста тағы бір сұрақ туатыны рас.  Латын әліпбиіне көшудің маңызы қандай? Бәлкім, кирилл таңбасында қала берген жөн шығар?

Жарқын болашаққа қадам басудың орнына өткенге қайырылып, жалтақтау ақымақтық шығар, сірә. Бұл ретте тіл ғалымы Әлімхан Жүнісбек былай дейді: «Сонда, әліпбидің ауысуы кедергі келтіреді деп ойлайсыз ба? Біз «Абай жолын» бұдан былай шығармаймыз ба? Әлбетте, шығарамыз. Енді жарық көретін болса, латын қарпімен басып шығарамыз. Яғни, сұрыпталған дүниелер басылады. Оны айтамыз, мамандар ортағасырлық, көне түркі жазуларын оқып, зерттеп жатыр емес пе?» деп ой қозғаса,  жазушы Қабдеш Жұмаділов «Оқылатын кітап қай әліпбимен жазылса да, оқылады. Оқылмайтын кітап қалай жазсаң да, оқылмайды» деген деп түйіндеген екен.

Расында, ХХІ ғасыр – технология дамыған ғасыр емес пе? Оқулықтарды жаңа әліпбиге ауыстыру әп-сәтте. Бүгінде кез келген ақпаратты араб әліпбиіне немесе латын әліпбиіне көзді ашып жұмғанша аудара салатын арнайы интернет бағдарламалары, сайттар да бар. Ендеше, қазақ руханиятындағы құндылықтар өткеннің еншісінде қалып қоймайды, ұрпаққа мұра боп жалғасады.

Ал, енді, «Латын әліпбиіне көшудің қажеті қандай?» деген сұраққа толығырақ тоқталайықшы.

Ұлт көшбасшысы көздеген Латын әліпбиіне көшудің не маңызы бар? «Өткеннен өнеге ал» деген халық даналығын ескерсек, бұрындары осы сұрақ неге қазақ ойшылдарын тартысқа салды? Латын әліпбиінің қаншалықты салмағы  бар?

Деректерге үңілсек, Латын әліпбиі– көнеден келе жатқан, кеңінен танымал таңба.  Біздің жыл санауымыздан 800 жыл бұрынболған.  Яғни үш мың жылдық тарихы бар. Ал, зерттеушілер әлем халықтарының 70 пайыздан астамы латын әліпбиін қолданады дегенді айтады.

«Талдау, болжамдау және стратегиялық бастамалар институтының» өкілі Юлия Кучинскаяның айтуынша, - латын әліпбиі – заманауи ғылымның тіліне айналғн. Әртүрлі бағалаулар бойынша жыл сайын дүниежүзінде жарық көретін ғылыми-танымдық әдебиеттің 55 пайызынан бастап 75 пайызына дейін латын әліпбиіне негізделген тілдерде жарияланады. 2005-2015 жылдар аралығында жарыққа шыққан Web of Sceince порталының бағалау тәсіліне сүйенсек, әлемнің ең үздік 15 елінде жарияланған 12,5 миллион мақаланың 75,2 пайызы латын әліпбиінде бастырылған. Ал, сол ғылыми мақалалардың бар жоғы 2,4 пайызы ғана кирилл әліпбиінде жарияланыпты.

Демек, әлем бойынша латын әліпбиін қолданушылар саны жыл сайын арту үстінде.

Хош, солай-ақ делік. Енді, латын әліпбиіне көшу арқылы қазақ елі нені ұтады, соған келейікші.

Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі.

Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.

Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі.

Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады.

Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.

Мұнан өзге де Қазақстандағы әліпби ауыстыру мәселесінің қыры көп. Мұның саяси, ұлттық, экономикалық және түркілік жағы бар.

Бір кездері саяси мүддемен ауысқан латын әліпбиін бүнде саналы түрде, сауатты түрде қабыл алып, енгізіп отырмыз. Өйткені, латын әліпбиі – жаһандану заманында қазақты өркениетке жалғайтын озық құрал.

Қолына қалам алған балдырған сауатын латын әліпбиімен алып қана қомай, ел құндылығын әлемге паш етеріне үміт мол.

77 жыл өте латын графикасының негізіндегі қазақ әліпбиі қайта жаңғырып, ХХ ғасырдағы қазақ интелегенциясын дауластырған мәселелер қазіргі қоғамда жаңа қарқынмен талқыға салынатынын кім білген. Әлемдік аренаға шығып, ғылым көшіне көтерілу, дамыған елдермен ынтымақтастық орнату Алаш зиялыларының да арман-мүддесі еді. Енді, міне, сол асқақ арманның ақиқатқа айналар шағы келіп жетті. Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы,  «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін».

Кемел келешекке жаңа әліпбимен қадам басайық. Өркениет таңбасы – өскелең ұрпақтың жемісіне айналсын.

Баян Талдыбай
ҚР МСМ «Орталық мемлекеттік архивінің» Баспасөз хатшысы

А. Қажиев