"Құтты білікті" қолданған билеушілер кімдер?

"Құтты білікті" қолданған билеушілер кімдер?

"Құтты білік" қазақ оқырманына дидактикалық мазмұндағы шығарма ретінде жақсы таныс. Кеңес тұсында жазылған зерттеулерде ондағы адамгершілік, ізгілік идеялары кеңінен қарастырылды. Алайда кейінгі зерттеулерде оның ел билеу ісіне қатысты да мықты саяси концепция екені там-тұмдап айтыла бастады. 

Шындығында, "Құтты білік" – мәңгілік ел болудың жо­лын көрсететін және оны бас­қа­ру туралы баяндалған көркем шы­ғар­ма. Онда оқырманын әртүрлі күйге бөлейтін оқиғалы, қызықты сюжет өрбіп отырады да, арасын­да мемлекеттің заңдары баянда­ла­ды. Енді мына қызықты қара­ңыз, Стамбұлды жаулап алған әйгілі Фатих Сұлтан Мех­мет пен Мысырда билік құрған Мәмлүк­тер­дің қолында да осы кітап болған екен. Олардың бұл кітапты оқығанына үлкен бір айғақ: кітап мұқабасына немесе кейбір парақ­тарына өз есімдерін жазып, мөрін басып қалдырған. Мысалы, ХІV ғасырда "Құтты білікті" оқыған мәмлүк билеу­ші­ле­рінің бірі – өзінің "қазақтан" шыққа­нын кітап­тың бір емес, жеті пара­ғына да жазған екен. Бұл құнды деректі біреу білсе, біреу білмес. Оған қайта айналып соғармыз, әуелі "Құтты біліктің" жазылу тарихына тоқталып, мәселені арыдан бастасақ. Негізгі ойымыз­ды кеңірек тарқату үшін түрік ғалымы Р.Арат пен Еуропа түр­ко­логі Г.Вамберидің еңбек­терін негізге алып отырмыз. Сонымен "Құтты біліктің" алғы сөзіне жүгін­сек, Жүсіп әйгілі еңбегін Бала­сағұн қаласында жүріп бас­тап, Қашқар шаһарында аяқтаған екен. Бас-аяғы бір жарым жылда жазып бітіріп, оны сол кездегі Қарахан мемлекетінің билеу­шісі Бұғра ханға тарту етеді. Хан­ның бұл кітапты ерекше баға­л­ағаны сондай, Жүсіпті өзі­нің бас уәзірі етіп сайлап, оған "Хас хажып" деген лауазым бере­ді. Жалпы жұртқа аян қысқаша мәлімет осы. "Құтты білікпен" өз зама­нын­да әлемнің көптеген билеуші­ле­рі танысқан. Бұл кітап мемлекет басқару мен бейбіт қоғам құрудың мықты концепциясы ғана емес, мемлекет қызметкерлерінің жата-жас­танып оқитын рухани қазы­на­сы болғанға ұқсайды. Сол се­беп­ті шығар, әрбір ел оған өзде­рін­ше атау берген. Мәселен, Шын елі "Әдәбул Мүлік" яғни, "Билеушілердің әдеп-қағида­ла­ры" деп атаса, Машын билеуші­лері "Айинул мемлекет" яғни, "Мемлекеттің дәстүрі" дейді. Ал иран билеушілері арасында ол "Пән­днәма-ли мүлік" яғни, "Пади­­шаларға насихат" деген атпен тарайды. Осының өзі-ақ кітап­тың өз заманындағы құнын айғақтайды деп білемін. Содан кітап елден елге, қол­дан қолға тарап, әсіресе, ел билеу­ші­лері оқитын құнды мұраға айнал­ды. Сол кезде қанша дана көшірмесі жасалғаны бір Аллаға мәлім. Ең бастысы, қазірге дейін "Құтты біліктің" кітап күйінде үш қолжазбасы жетіп отыр. Олар Вена, Каир және Ферғана қала­ларында сақтаулы. Сонымен қатар Анкара мен көне Сарайшық қалаларынан кейбір бәйіттері жазылған екі ескерткіш табылған. Аталмыш үш кітапты қолға алған кезімде оған оны оқығандар тара­пынан (кітап беттеріне) жа­зыл­­ған мәліметтер еріксіз наза­рым­ды аудартты. Айталық, Вена­дан табылған қолжазбада "Құтты білік" кітабы сегіз жүз қырық үште, қой жылында Мұхар­рам айы­ның төртінде Гератта аяқ­тал­ды" деген сөз бар. Ол 1439 жыл­дың 17 маусымымен сәйкес келеді. Оны Хасан Қара Сағил деген кісі көшірген. Кейін бұл кітап Османлының Тоқат деген қаласына жеткізілген. Тағы бір бетінде "сегіз жүз жетпіс то­ғыз­да жылан жылы бұл "Құтты білік" кітабын Әбдіразақ Шейх-Зада Бақшы үшін Фенариұлы Қазы Әли Стамбұлдан хат жібе­ріп, Тоқаттан әкелдірді. Мүбәрак болсын, бақ-дәулет әкелсін және қиындық кетсін" деп жазылған. Ең маңызды деректің бірі – осы. Түркия ғалымы Р.Арат мұндағы "Әбдіразақ Шейх-Заданың" Стам­бұлды жаулап алушы Фатих Сұлтан Мехмет заманында билік­те қызмет еткен жоғары лауазым­ды кісі екенін жазады. Енді оның есіміне жалғанған "Бақшы" сөзі­не келер болсақ, ол түркі халық­тарында "жырау" де­ген мағынада қолданылғаны бел­гілі. Бұл сөз қарақалпақ тілін­де әлі де бар. Жыраулардың ханның кеңесшісі болғанын ескерсек, Әбдіразақтың билік адамы екені ап-айқын көрі­ніп тұр емес пе?! Кітапқа қатысты тағы бір тари­хи сәтті еске түсіретін мәлі­мет: ол кітап беттерінде Фатих Сұл­­тан Мехметтің ұстазы Хайрет­дин­­нің атының аталуы. Демек, "Құтты біліктен" әйгілі сұлтан­ның да хабары болған деуге негіз бар. Бұларды қолжазбадағы мәлі­мет­тердің бір парасы деңіз. Өйт­кені келесі деректер қазақ қоғамы үшін тіпті құнды десек болады. "Құтты біліктің" Мысырдан табыл­ған қолжазбасында Мәмлүк би­леушілерінің аттары және олар­­дың бірінің қазақтан шық­қаны тайға басқан таңбадай анық көрініс тапқан. Мәселен, сол кітап­тың мұқабасында үлкен әріппен "әл-эмириетил эже Хие­тил кәбириетил иззиетил Иззед­дин Айдемірүд дауадарун Насри" деп жазылған. Бұл тұста біз тағы да Р.Араттың зерттеуіне жүгінеміз. Оның айтуынша, Иззеддин Айде­мір­дің (1293-1341) шыққан тегі мәмлүктерден. Ол әуелі билік ісінде хатшылық (дауадарлық) лауазымға дейін көтеріліпті. Со­дан соң Алеппо мен Триполи қа­ла­ларында әкімнің орынбасары қызметін атқарып, кейін Мысыр­да бас қолбасшы болады. Яғни, осындай жоғары лауазымды кісі кітаптың мұқабасына есімін қалдыруды ұмытпапты. Бізді таңғалдырған келесі де­рек, онда қазақ атауының кезде­суі. Мысырлық нұсқада жеті мәр­те "Илбұға әл-қасаки-л чер­ке­си" деген сөз араб қарпімен жазылған. Түрік ғалымы Р.Арат та ғылыми еңбегінде араб гра­­­­фикасындағы бұл жазуға тоқ­та­лып, оны "İlbuğa el-Hasaki’l-Çerkesi" деп латын әріпімен береді.

Мысырда билік жүргізген мәм­лүктер Орталық Азиядан бар­ған қыпшақ ұлысының өкілдері әрі бүгінгі қазаққа тікелей қатысы бар екені бұған дейін сан мәрте айтылып жүр. Олардың басында Бейбарыс Сұлтанның аталатыны – тарихи шындық. Демек, Ұлы далада жазылған баға жетпес ру­ха­­ни қазына әлемнің қай түк­пі­ріне барса да, перзентінің жан азығы болған. Кітап күйіндегі қолжазбаның үшіншісі Ферғана нұсқасының алғашқы және соңғы парақтары­ның жоқ болуына байланысты онда ешқандай мәлімет сақтал­ма­ған. Сол себепті, оны кімдердің оқығаны әзірге беймәлім. Аталған үш кітаптан бөлек жекелеген бәйіттер жазылған ескерт­кіштер де бар екенін айт­қан­­быз. Солардың бірі – Анкара кітапханаларының біріне тиесілі. Р.Араттың айтуынша, "Құтты біліктің" кейбір бәйіттері жазыл­ған ол парақта Османлы сұлтан­дары­ның есімдері бар. Сондай-ақ Жүйнектік (Йүгнектік) Ахметтің "Хибатул Хақайық" еңбегінен де үзінділер келтіріліпті. Ал екінші ескерткіш Алтын Орда мемлекеті­нің астанасы Сарайшық қаласы­нан табылған. 1909 жылы жүргі­зіл­­ген қазба жұмыстары кезінде күбінің сынықтары табылып, оны құрас­тырғанда сыртында "Құтты біліктің" бір бәйіті шығады. Шығыстанушы А.Самойлович оның Алтын Орда хандарына тікелей қатысы бар екенін айтады. Жоғарыда келтірілген мәлі­мет­терді саралай келе, "Құтты білік" ертеден мемлекет қызмет­кер­лерінің рухани азығы, ел бас­қару ісінде көмекші құралы бол­ған деуге толық негіз бар. Оның сыры неде? Оның сыры Жүсіп Баласағұн өз еңбегін жазғанда, Қарахан мемлекетіне дейінгі түркі қағанаттарының ел басқару заңдылықтарын, қағандардың өсиет сөздерін негізге алуында. 

Бекарыс Нұриман
Дереккөз: aikyn.kz


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Марсель – Жан ана
Бүгін үш ойын өтеді